Жасанды интеллект (AI) көмегімен ауқымды деректерді талдайтын «Presight AI» компаниясы мен «Astana Hub» халықаралық технопаркі «AI Battle» жарысын өткізді. Жарыс жасанды интеллект, үлкен деректер және машиналық оқыту саласындағы стартап-идеялар деңгейін көтеруге әрі бизнес аясын кеңейтуге бағытталған.
Жарысқа 50-ден аса өтінім түскен. Соның ішінде 11 стартап финалдық додаға өтті. Олар өз жобаларын 3 минуттың ішінде қазылар алқасына таныстырып, кәсіби кеңестер, ұсыныстар мен әлеуетті серіктестер табу мүмкіндігіне ие болды.
– Біз «Astana Hub»-пен серіктестік аясында «АI Battle» байқауын ұйымдастырып, жасанды интеллектінің шексіз әлеуетін пайдалануға ұмтылатын жаңа стартаптарға қолдау көрсетуге ниеттіміз. Мақсатымыз – жасанды интеллект арқылы ауқымды деректерді талдаудағы тәжірибемізге сүйене отырып, оларға дамып, жаңа байланыстар табу үшін қажетті ресурстар мен платформаны ұсыну. Жеңімпаздар индустрияның дамуына үлкен үлес қосады деген ойдамыз, – дейді «Presight AI» бас директоры Томас Прамотедхам.
«Alaqan», «Relive» және «ARA» стартаптары үш негізгі аталымда жеңімпаз атанып, сәйкесінше 10 мың доллар, 5 мың доллар және 3 мың доллар жүлде қорына ие болды.
– Жасанды интеллект және үлкен деректер саласында белсенді жұмыс істеп жатқан отандық стартаптардың көбейгені қуантады. Бүгінгі дәуірде деректерге негізделген аналитика маңызды рөл атқарады және оларды өз бизнесіне енгізетін стартаптарымызды дамыту қажет. «Astana Hub» мен «Presight AI» серіктестігі және алдағы бірлескен бағдарламаларымыз арқылы кәсіпорындар мен стартаптарға өздерінің инновацияларын енгізу үшін қажетті қолдау көрсетуді мақсат етіп отырмыз, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин.
Естеріңізде болса, биыл қаңтарда «Astana Hub» Біріккен Араб Әмірліктерінің «Presight AI» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы келісім аясында «Group42» операциялық компаниясы «Presight AI» «Astana Hub» қатысушыларының стартап жобаларын венчурлық қаржыландыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сондай-ақ «Presight AI» Қазақстан, Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолиядан келген технопарк қатысушыларының стартап жобаларына Таяу Шығыс пен Африка нарығына шығуға көмектеседі.
Жасанды интеллект – аса маңызды және ең жылдам дамып келе жатқан технологиялық үрдіс. Сарапшылардың дерегі бойынша AI жаһандық нарығының көлемі бағдарламалық-техникалық құралдар мен қызметтерді қосқанда, 2021 жылы 383,3 млрд долларды құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20,7 пайызға жоғары. Өткен жылы нарық шамамен 450 млрд долларға өсті және алдағы уақытта да осындай динамика жалғаспақ.