• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Инфографика 03 Мамыр, 2023

Салымшының сенімі ақтала ма?

296 рет
көрсетілді

2016 жылдың қаңтарынан зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар қызметі Ұлттық қордың басқару кеңесіне берілген. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүргізеді. Халықтың табанақы, маңдай терімен жиналған алаңсыз қарттығының кепілі болатын қордағы кірістіліктің тиімділігіне қол жеткізу әрбір салымшы үшін маңызды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 1 сәуірдегі дерек бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 297 мың адам.

Ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 798 теңгені құрайды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 953 теңге, базалық зейнетақы мөл­шері – 37 845 теңге. Ашық ақпарат көз­деріндегі деректерге қарағанда, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 824,3 млрд теңге сомасына зей­нет­ақы төленген. Солардың арасында базалық зейнетақы – 253,1 млрд теңге, ын­тымақты зейнетақы – 571,2 млрд тең­гені құраған.

Бұл ретте Ұлттық банктің зейнетақы активтерін инвестициялаудағы негізгі ба­ғыттарына көз жүгіртсек, Қаржы ми­нистрлігінің мемлекеттік бағалы қа­ғаз­дары – 47,22%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 11,03%, еліміздегі екінші деңгейлі банк­тер­дің облигациялары мен депозиттері – 7,07%, шет мемлекеттердің МБҚ – 5,64%, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары – 2,46%, отандық эми­тент­тердің корпоративтік облигациялары – 0,10% -ды құраған.

Сонымен қатар зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құрал­да­рының номиналданған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфелі бойынша ұлттық валютадағы инвестициялар – 71,55%, АҚШ долларында – 28,39%, өзге валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,05% болған. Алынған кірістің құрылымын талдаудан ба­ғалы қағаздар жөніндегі сыйақылар, оның ішінде орналастырылған салымдар мен «кері РЕПО» операциялары бо­йынша әрі бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 435,62 млрд теңгені, өзге кірістер – 1,29 млрд теңгені құрайды.

Ал сыртқы басқарудағы және шетел валютасын қайта бағалаумен байланысты құралдар 91,24 млрд теңге көлемінде шығын әкелген. Сарапшылар мұны тұрақсыз геосаяси жағдайдың, жаһандық қаржы нарығындағы жоғары құбылмалықты және инфляцияның биылғы жылы алынған инвестициялық кіріске әсерін көрсетеді деп бағалауда.

Салымшылардың зейнетақы жи­нақ­­та­ры зейнетақы жарналары мен оларға есептелетін инвестициялық кі­рістерден тұратыны белгілі. Мем­лекет зейнетақы жинақтарын зей­нетақы төлеміне құқығын алғаннан кейін инфляцияны ескере отырып, сақтау кепілдігін қамтамасыз етуде са­лымшылардың жинақтарын инфляциядан сақтауға көмектесетіндігін, алайда халық отандық зейнетақы жүйесінде зейнетақы қорының ірі қаржы инсти­тут­тарымен үлестес болуына байла­ныс­ты зейнетақы жинақтарының елеулі тәуекелге ұшырайтындығынан кү­мән­данатыны рас. Заңнамаға сәйкес, 2021 жылғы қаңтардан бастап салымшылар өз жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқаратын ком­панияларға аудара алады. Бұл құ­қықты зейнет жасына толмаған, мін­детті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтары бар салымшылар, сақтандыру компанияларымен өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан салым­шы­лар пайдаланатын болады. Со­ны­мен зейнетақы активтерін басқа­ру үшін барлық талаптарға сәйкес ке­летін инвестициялық портфельді бас­қа­рушылардың тізілімінде «Jusan invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ және «Halyk Finance»АҚ енген. Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік дең­гейін қамтамасыз ету кепілдігімен алмастырылады. Қазіргі күні 3 421 адам өздерінің міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға сеніп тапсырған. 5 957 өтініш бойынша 8,8 млрд теңге сенімгерлік басқаруға аударылғаны көрсетілген. Тіпті кейбір салымшылар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін бірнеше инвестициялық портфельді басқа­рушыларға беру туралы шешім қабыл­даған. Аударымның орташа сомасы – шамамен 1,5 млн теңге. Бұл ретте ИПБ басқаруындағы қаражаттың жалпы кө­лемі – инвестициялық табысты қоса алғанда 9,6 млрд теңге. Инвестициялық портфельді басқарушылардағы қара­жат­тың жалпы көлемі – 9,72 млрд теңге. Биылғы бірінші шілдеден бастап са­лым­шыларға МЗЖ мен МКЗЖ есе­бі­нен зейнетақы жинақтарының 50%-ы­на­ дейін, жеткіліктілік шегіне қара­мас­тан, инвестициялық портфельді бас­қарушыларға аудару құқығы беріле­тін болады. Ал ерікті зейнетақы жарналарын жеке зейнетақы шотында бар соманың көлеміне қарай аударуға болады. Бұл ретте мемлекет МЗЖ мен МКЗЖ есебінен зейнетақы жи­нақтарының сақталуына тек Ұлттық банк басқаруындағы бөлігі бойынша инфляция деңгейін ескере отырып, кепілдік береді. МЗЖ мен МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының ИПБ басқаруына берілген бөлігінің сақталуына салымшы таңдаған осы басқарушы жауапты.

«Jusan Invest» АҚ сенімгерлік бас­қа­руындағы зейнетақы активтері – 4,3 млрд теңге. Компанияның ең ма­ңызды салымдары бас банкноттары – 31,09%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – портфельдің 30,33%-ы. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті – 24,09%. Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы мен қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан 2023 жылы есептелген инвестициялық кі­рістің мөлшері 147,84 млн теңгені құ­рап, зейнетақы активтерінің кірістілігі 3,35% болды.

«Halyk Global Markets» АҚ сенім­гер­лік басқаруындағы зейнетақы активтері 2,7 млрд теңгені құрайды. Ұлттық валютадағы инвестициялар портфелі – 79,78%, АҚШ долларымен 20,22%-ға тең. Инвестициялық қызметтің нәти­же­сін­де биылғы жылдың соңғы үш айында есептелген инвестициялық кі­рістің мөлшері – 83,27 млн теңге. Зейнетақы актив­терінің кірістілігі 2023 жылдың басынан бері 2,93% көрсетті.

«BCC Invest» АҚ сенімгерлік бас­қа­руындағы БЖЗҚ зейнетақы актив­те­рінің мөлшері – 1,6 млрд теңге. Ин­вестициялардың негізгі бағыт­та­ры­ның ішінде еліміздегі мемлекеттік облигациялар портфелі – 51,75%, квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары – 20,48%, пайлар (индекстерге арналған ETF) – 9,69%, шетелдік эмитенттердің акция­лары мен депозитарлық қолхаттары – 5,18%. Инвестициялық қызметтің нә­ти­жесінде есептелген инвестициялық кірістің мөлшері жыл басынан бері 35,15 млн теңгені құраған. Зейнетақы ак­тивтерінің кірістілігі – 2,12%. Есеп­тел­ген инвестициялық кірістің көп бө­лігі «кері РЕПО» операциялары бойынша сыйақыға және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен табысқа тиесілі болды.

«Сентрас Секьюритиз» АҚ сенім­герлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнет­ақы активтері – 1,03 млрд теңге. Инвес­ти­циялық қызмет және қаржы құрал­да­рының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері жыл басынан бері 20,88 млн теңгені құрап, зейнетақы активтерінің кірістілігі 1,88% болды.

«Halyk Finance «Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ» АҚ сенімгерлік басқаруын­дағы зейнетақы активтері – 162,36 млн теңге. Инвестициялық қызмет нәти­же­сінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері соңғы үш айда 2,01 млн тең­геге жеткен. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 2,86%-ды көрсетеді.

 Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметтеріне қарағанда әр­бір жылдың соңында инвестициялық портфельді басқарушыларға алған номиналды кіріс пен зейнетақы активтері табыстылығының ең төменгі мәні ара­сында теріс айырма туындаған жағ­дайда, басқарушы компания осы айыр­маны салымшыға өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті екені айтылады. Мұнда инвестициялық портфельді басқарушының беделі ғана емес, сонымен бірге меншікті капиталы да тәуекелге тігіледі. Елімізде бүгінде инвестициялық портфельді басқарушылар саны саусақ­пен санарлықтай. Өйткені оларға қойы­латын талаптар артып, ықтимал тәуе­кел­дер­ді жабу үшін капиталының жеткілікті болуы қажет.

Бұрынырақта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан Ұлттық банкке БЖЗҚ-ның инвестициялық сая­сатын жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар берілген. Олардың арасында зейнетақы активтерін басқару бо­йынша жеке басқарушы компанияларды жіберу өлшемшарттарын кеңейту, оның ішінде жоғары кредиттік рейтингі бар еншілес шетелдік ұйымдарды зейнетақы активтерін басқаруға тарту мүмкіндігін қарастыру айтылған еді. Бас банктің бас­пасөз қызметі БЖЗҚ зейнетақы ак­тив­терін инвестициялаудың негізгі бағыттарына сәйкес, 2023 жыл ішінде БЖЗҚ зейнетақы активтерін нарықтық шарттары бойынша «Бәйтерек»ҰБХ» АҚ облигацияларына жалпы сомасы 500 млрд теңгеге дейін инвестициялау жос­парланып отырғандығын мәлімдеген еді. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тартылатын қаражатты машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларға несие беруді бағыттау жоспарланғанын, қаржыландыру үшін жобаларды ірік­­теу және бөлінген қаражаттың иге­рілуін бақылау Үкімет деңгейінде жү­зеге асы­­рылатын болады. БЖЗҚ зей­нетақы актив­тері «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ нарықтық кірістілік бо­йынша қайта­рымды негізде берілмек. Жоға­рыда аталған инвестиция­лар жыл сайын БЖЗҚ салымшыларына инвестициялық табыс әкеліп, сонымен қатар ел экономи­ка­сының нақты секторын одан әрі дамы­туға елеулі көмек көрсететініне сенім біл­дірілуде.

Салымшылардың болашаққа деп үміт артқан зейнетақы жинақтары тісте­геннің аузында, ұстағанның қо­лында кетпей, тиімді инвестицияланып, кірістілігінің артуы қарапайым халық үшін де, Үкімет үшін де маңызды. Сондықтан әрбір қаражаттың жұмсалуы халықтың назарында болуы тиіс деп ойлаймыз.