Астанада тағы бір игі бастама қолға алынып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Береке Астана» мүгедектерді дамыту және оларды оңалту республикалық орталығы ашылды.
Аталған іс-шараға Астана қаласының мәслихат депутаты, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Жандос Рахмет, мәслихат депутаты Азамат Айтхожин, Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб және «Amanat» партиясының Алматы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Игорь Несен қатысып, қоғамдық бірлестіктің лентасын қиды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету сапасын жақсарту мәселесі айтылған. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған шағын және орташа оңалту орталықтары желісін арттыру мәселесі айрықша тапсырылған еді. Соған сәйкес қазір еліміздің біраз жерінде оңалту орталықтары ашылып жатыр. Соның бірі – мүмкіндігі төмен балаларға арналған «Береке Астана» мүгедектерді дамыту және оларды оңалту республикалық орталығы, – деді И.Несен.
Өз кезегінде Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы бар ынта-шынтасын арнап, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп жатқан барлық маманға айрықша алғыс білдірді.
– Біз үшін әрбір балдырғанның денсаулығы мен өмірі өте маңызды. Оңалту орталықтарының ашылып жатқанына өте қуаныштымыз, қайырлы, құтты болсын! Балдырғандардың осы орталықтан білім алуына, дамып жетілуіне тілектеспіз. Әрбір бала өз отанының ыстық алақанын сезініп өсуі керек. Сондай-ақ әкімдік орталықтың жұмысын әрқашан қолдауға әзір екенін білдіремін, – деді құттықтау сөзінде.
«Береке Астана» балаларды дамыту және оңалту орталығында логопед, дефектолог, физиотерапевт, массажист қатарлы түрлі мамандар қызмет көрсетеді.
– Мүмкіндігі төмен балаларды тәрбиелеп отырған көптеген ата-ананың жағдайы мен өмір сүру деңгейі әртүрлі. Сондықтан олар мамандардың еңбегін ақылы түрде пайдалануы қиын. Мәселен, қазір логопед, дефектолог, физиотерапиялық жаттығулар мен массаждың ақылы қызметтері қымбат. Осы жағдайларды ескеріп, ерекше қамқорлыққа мұқтаж балаларды қолдау мақсатында біз Астана қаласы Сарыарқа даңғылы, 48 мекенжайында мүмкіндігі төмен балаларға арналған «Береке Астана» балаларды дамыту және оңалту орталығын аштық, – дейді республикалық қоғамдық бірлестіктің басшысы Айгүл Болатова.
Айгүл Рахымқызының айтуынша, орталық қазірдің өзінде 300-ден аса мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетіп отыр.
– Біздің орталықтың мақсаты – мүмкіндігі төмен балаларды сәтті оңалту және қоғамдық ортаға бейімдеу. Ол үшін дефектолог, логопед, психолог, әлеуметтік педагог, жаттығу терапиясының нұсқаушылары, эрготерапевт, АВА-терапевтердің қызметтерін тегін ұсынамыз. Біздің орталықтың бүгін ресми ашылу салтанаты болып жатқанымен, жұмысын бұдан біраз бұрын бастап кеткен еді. Бастаған жұмысымызға сай қазірдің өзінде балалар жақсы нәтиже бере бастады. Олар алғашқы сөздерін айтып, алғашқы қадамдарын басты. Балалардың қарым-қатынас дағдылары да жақсарып келеді, – дейді ол.
Жиынға қатысқан ата-аналардың да орталыққа деген алғысы ерекше. Әсіресе, Алтынай Есенғабыл есімді ата-ана орталықтың алғашқы аяқ алысы, қызмет көрсету сапасы көңілден шығып келе жатқанын айтады.
– «Береке Астана» орталығы ашылғалы түрлі мамандардың көмегіне жүгіну қиын емес. Қазір аптасына екі рет әлеуметтік педагог маманы үйге келіп, баламызға білім беріп жүр. Орталықтан мереке кездерінде балаларға сыйлықтар беріліп тұрады. Оның балалар үшін орны ерекше екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Елімізде ерекше балаларға ерекше қамқорлық көрсетіліп жатқанының бір куәсі – осы. Барлығы тегін, бірақ тегін болғанымен қызмет көрсету сапасы да жаман емес. Сондықтан орталықтағы мамандарға алғыс айтамыз, – дейді Алтынай Болаткызы.