Берлинде су добынан әйелдер арасындағы Әлем кубогінің 2-дивизиондағы ойындары өз мәресіне таяды. В тобында сынға түскен Қазақстан құрамасы кеше үшінші орын үшін шеберлік байқасты.
Әсел Жақаева баптайтын ұлттық құрама спортшылары алғашқы турда жарыс қожайындары – Германия құрамасын 11-7 есебімен қапы қалдырған болса, екінші турда Ұлыбритания су добы шеберлерін ірі есеппен тізе бүктірді – 15-7. Ал үшінші айналымда жерлестеріміз В тобында 2 турдан кейін 6 ұпай жинаған Жаңа Зеландиямен кездесіп, өкінішке қарай, 15:8 есебімен жеңіліп, финалға шыға алмады. Сөйтіп, Әлем кубогінің суперфиналынан да тыс қалды.
Кеше Қазақстан ұлттық құрамасы үшінші орын үшін Оңтүстік Африка Республикасымен кездесу өткізді.