Президент іс басқармасының «Бурабай» ұлттық паркінде жыл сайын өтетін «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы көктем мезгілінің көрігіне айналғалы қашан.
Акцияның тарихына аз-кем тоқталсақ, парктер шеруі арыда, 1840 жылы саясаткер, ботаник Дж.Стерлинг Мортонның АҚШ-тың Небраска штатына қоныс аударған шағында басталған деседі. Сонымен ол жаңа қонысының ауласында тұрған жалғыз түп ағашты көрген сәтте әйелімен бірге ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына қызу кірісіпті. Кейін Стерлинг Мортон Небраска штатындағы мерзімді басылымның редакторына көшет отырғызу күнін өткізуді ұсыныпты. Бұл бастаманы штат тұрғындары қолдап, ә дегеннен миллионға шамалас ағаш отырғызған екен. Осылайша, үйлесім тапқан акцияның ізімен 1990 жылы «Парктер шеруі» халықаралық мерекесі басталған. Сол тұста парктер шеруіне 141 елден 200 миллион адам қатысыпты.
Акция аясында «Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері орман құстарына 98 үйшік орнатып, өзен-көлдердің жағасына жасанды 52 ұя салған. Айта кетерлігі, дүниежүзілік «Парктер шеруі» акциясы тек Бурабайда емес, ел аумағындағы өзге де Мемлекеттік табиғи қорықтар, ұлттық парктер мен табиғи резерваттарда қатар өтеді. Осы акция барысында орман инспекторлары халықтың қоршаған орта туралы таным көкжиегін кеңейтіп, экологиялық білім беруді қолға алғаны да құптарлық бастама болған. Акция аясында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында табиғатты қорғау тақырыбында қызықты викториналар өтіп жатыр. Жастар мен балалар қорықшылар жұмысының қызығы мен қиындығы жайлы әңгімелерді де ықыласпен тыңдайтынын парк қызметкерлері де жақсы біледі.
Енді парк қызметкерлері Бурабай маңындағы жергілікті халықты экологиялық сенбілікке шақыруды жоспарлап отыр. Сол секілді суреткерлік қырынан танылып жүрген жас қылқалам шеберлері арасында табиғат тақырыбында сурет салудан байқау өтеді екен. Қысқасы, қоршаған ортаны қорғауға үндейтін іс-шаралар легі үзілмей, үш айға ұласады. Бұл бір жағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзекті мәселелеріне қоғам назарын аударуға септеседі.