Кеше ғана жаһанды уысында ұстаған коронавирус пандемиясы төрткүл дүние жоспарын түбегейлі өзгерістерге ұшыратқанын көрдік. Бұл індеттен әсіресе, туризм саласы мейлінше зардап шеккені даусыз. Ендігі жерде осынау орасан шығынның орнын толтыру үшін туризмді табыс көзіне айналдырып келген барлық елдер нақты әрекеттерге көшіп, жұмыстарын жандандырды. Жуырда Хунань провинциясының іскерлері мен Алматы кәсіпкерлер палатасы меморандумға қол қойды.
Екіжақты кездесу барысында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Нариман Ибрагимов: «Пандемиядан кейін экономиканы жандандыру үшін әлем елдері осы салада түрлі тетіктерді іске қосып жатыр. Біздің Үкіметіміз де туризм мен ауыл шаруашылығын дамытуды көздейді. Сондықтан Қытаймен жоспарлы түрде визасыз режімді енгізу тиімді құралға айналады деп ойлаймын», деді.
Спикер Сыртқы істер министрлігі «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы» Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға ұсынылғанын, мамырда осы келісімге қол қойылатынын еске салды.
Тиісті мәмілеге сәйкес отандастарымыз Қытайда визасыз, ал Қытай азаматтары Қазақстан аумағында шекарадан өткен сәттен бастап 30 күннен және 180 күндік мерзімде 90 күннен аспайтын мерзімде бола алады. Визасыз режімге туристік, жеке және іскерлік сапарлар үшін рұқсат етілмек.
«Біріншіден, визасыз режім туристер легінің артуына игі әсер етеді. Бұл бағытта Алматының тау туризмінен бастап, қаланың көрікті жерлеріне дейінгі әлеуеті зор. Қазірдің өзінде туристік ағынның артуы байқалады», деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тәймбетов.
Мәселен, «DATA HUB» бірінші несиелік бюросының Telegram каналы Қазақстан қонақүйлері 2022 жылы рекордтық табысқа қол жеткізген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 73,8 млрд теңгеге артық. Салыстырмалы бағада (инфляцияға түзетілген) жылдық өсім 55,3% құрады деп жазады.
Оң жетістіктерге барлық көрсеткіштердің өсуі әсер етіп отыр.
Туристік қызмет көрсетілген келушілер саны 34%-ға (7,3 млн адамға дейін), бос қалмаған күндік төсек-орындар 28,1%-ға (11,5 млн төсек-күнге дейін), бір түннің орташа құны 20,5%-ға (11 мың теңгеге дейін) өскен.
Өз кезегінде Қытай делегациясының өкілі, Қытайдың Хунань өлкесі Сауда палатасының кіші комитеті төрағасының орынбасары Ю.Бинруи провинцияның экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды.
«Біздің Хунань аймағы Қытайдың оңтүстігінде, таулы аймақта орналасқан. Қытайдағы ең танымал туристік бағыттардың бірі. Хунань провинциясының өнеркәсібі де дамыған. Біздің экономикамыз түсті металлургия, темір, болат, электр энергиясын өндіру, машина жасау, көмір, химия, тоқыма мен тамақ өнеркәсібі, электроникаға негізделген. Жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты облыста ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, негізінен күріш егеміз. Біз ынтымақтастыққа да, импортқа да, экспортқа да мүдделіміз», деді Ю.Бинруи.
Қытай делегациясын Хунань провинциясындағы Қытай Сауда палатасы кіші комитетінің вице-президенті Ю.Бинруи, Хуан Луодаң, Хунань провинциясындағы Қытай Сауда палатасы кіші комитетінің халықаралық байланыстар департаменті директорының орынбасары Ши Чэнин бастап келді. Делегация құрамында Хунань провинциясындағы Қытай Сауда палатасы кіші комитетінің Сауда және инвестицияларды ынталандыру департаментінің басшысы, Делегация құрамында экология және қоршаған ортаны қорғау, көлік және логистика, сондай-ақ инвестиция салаларының өкілдері болды.
Кездесу барысында тараптар өңірлер арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ алматылық кәсіпкерлермен B2B келіссөздері жүргізіліп, онда қытайлық серіктестер тиімді экспорт мәселелері бойынша кеңес берді.
АЛМАТЫ