• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Құрылыс 05 Мамыр, 2023

Құрылыс алаңына айналған өңір

251 рет
көрсетілді

Жетісудың орталығы – Талдықорған қаласында тұрғын үйге 15 мыңнан астам адам кезекте тұр. Биыл жоспарға сай 2 мыңға жуық адам баспаналы болмақ. Қазір осы өңірден шыққан меценаттар да шама-шарқынша жетісулықтарға пәтер сыйлап жатыр. Бұл – облыс бюджетіне үлкен көмек. Мәселен, жыл соңына дейін өңір орталығындағы 50 көппәтерлі үй ел игілігіне беріледі.

Меценат дегеннен шы­ға­ды, Панфилов және Кербұ­лақ аудандарында әлеуметтік осал топ санатындағы 8 отбасы көп­тен күткен баспаналарына қол жеткізді. Жомарт жандар күні кеше көпбалалы отбасыға, жал­ғыз­­басты аналарға және ерекше қа­­жеттіліктері бар азаматтарға пә­­тер кілтін табыстады.

Өңір әкімінің баспасөз қызме­тінің мәліметіне сүйенсек, Кер­бұ­лақ ауданының Сарыөзек ауы­лы тұрғындарына тұрғын үйді «Жолбарыс Агро» ЖШС бас құрылтайшысы Нарымбет Әбдібаев, осы кәсіпорынның директоры Мақаш Әшірбеков және «LeaderNsk» ЖШС директоры Нұрболат Кәрімов сатып алып берген. Осылайша, кәсіпкер-меценаттардың қолдауының нә­ти­­­жесінде 4 отбасы­ көптен күт­кен жеке бас­па­насына қол жеткізді. Оның 3-еуі 5-6 баладан тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Ал Панфилов ауда­нын­дағы 4 көпбалалы отбасы да қоныс тойын тойлады. Олардың 3-еуі – Жаркент қаласының және 1-еуі – Кіші Шыған ауылының тұрғындары.

Бүгінде Панфилов ауданында баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында әрқайсысы 60 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Үйлерді жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Сондай-ақ әрқайсысы 60 пәтерден тұратын 10 тұрғын үйдің жобалық-смета­лық құжаттарын әзірлеуге және жеке тұрғын үй алқабын дайын­дау жұмыстарына қаражат бөлінді.

Жалпы, Жетісуда тұрғын үй мәселесін шешуде меценаттар да өз үлестерін қосуды жалғастыра береді. Мәселен, «Шымыр» ЖШС Текелі, Үшарал және Ақсу ауданында үйлер салып береді. Ал келесі жылы Үкімет қаулысына сәйкес «Самұрық-Қазына» АҚ Талдықорған қаласында 7 көп­пә­терлі, Панфилов ауданында 80 көппәтерлі тұрғын үй және Сары­өзек­те 60 коттедж құ­ры­лы­сын бастайды.

Осы орайда тағы бір мәселенің шеті шығады, Талдықорғандағы құрылыс нысандарын облыс әкімі Бейбіт Исабаев аралап, олардың сапалы салынып жатқандығына көз жеткізіп қайтты.

«Инклюзивті әділ қоғам құру – Мемлекет басшысының ма­ңыз­ды тапсырмаларының бірі. Салынып жатқан үйлерде ерекше қажеттіліктері бар тұрғындардың өз үйлеріне еш қиындықсыз кіре алуы үшін ыңғайлы пандустар, автоматты көтергіштер, тактильді жолдар болуы керек. Тек үй ғана емес, барлық жаңа нысандарды салу кезінде мердігерлерге осы ережені сақтау талабы қойылады. Үй­лердің сыртқы қасбеті қаланың сәу­леттік келбетіне және эстети­ка­лық талаптарға сай бол­уы тиіс», деді облыс әкімі.

Мәселен, 8-шағын аудан­да­ғы екі көппәтерлі үйді «Шымыр» ЖШС мердігерлік ұйымы екі жыл бұрын аяқтаған. Бірақ абаттандыру проблемаларына байланыс­ты әлі пайдалануға берілмеген. Оған мердігер ұйым «Монолит» ЖШС-ның жауапсыздығы себеп болған. Бұл ретте қала әкімі Әсет Масабаев: «Сот шешіміне сәйкес құрылыс компаниясы инженерлік желілерді салуды аяқтады, бірақ ауланы абаттандыру жағынан тағы да кешіктіріп жатыр. Соның салдарынан кезекте тұрған 200-ге жуық отбасы көптен күткен пә­тер­­лерінің кілтін ала алмай отыр», деп түсіндірді.

Ал нысанға жауаптылар, қар­жы­лық проблемаларға бай­ланыс­ты ауланы асфальттауды сәл кеш­те­тіп бастағанын айтады. Абаттандыру жұмысын мамыр айының соңына дейін аяқ­талатынына уәде берді. Сон­дай-ақ өңір басшысының тапсырмасына сәйкес өз қаражаты есебінен «Шымыр» ЖШС мер­дігер компаниясы осы үйлердің кіре­­берістеріне автоматты көтер­гіш­тер орнатпақ.

«Бүгінде Талдықорғанда тұр­ғын үй кезегінде 15 мыңнан астам адам тіркелген. Осы жылға жос­пар­ланған тұрғын үй көлемін қам­тамасыз етудің арқасында 1900-ден астам адам немесе кезекте тұрғандар санының 12-13 па­йызы баспанаға қол жеткізеді, бұл – жаман көрсеткіш емес. Біз бюджет қаражатына үй салуды жалғастырамыз, меценаттар да қолдау көрсетеді. Мысалы, «Шы­мыр» ЖШС Текелі, Үш­арал қалаларында, Ақсу ауданын­да үй тұрғызады. Ал келесі жылы «Самұрық-Қазына» АҚ Үкі­мет­тің қаулысына сәйкес Тал­ды­қорғанда 7 көппәтерлі үй, Панфилов ауданында 80 пә­тер­лі үй, Сарыөзекте 60 коттедж салуды бастайды. Бұл облыс халқының өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен көмек бо­лып, қомақты үлес қоспақ. Алдағы жылдары да тұрғын үй құры­лы­сының осы қарқынын сақтап қалуды жоспарлап отырмыз», деді Б.Исабаев.

Қазір өңір орталығында «Же­ті­су» волейбол клубының жат­тығу базасы мен клуб құра­мын­­­да­ғыларға арналған тұрғын үй құ­рылысы да жүріп жатыр. Нақ­тылай кетсек, жоғарғы лигада ойнап жүрген «Жетісу» және «Айқаракөз» волейбол командалары жаттығатын спорт­тық нысан 300 млн теңгеге блокты-модульді конструкциядан тұрғызылмақ. Құрылыс жұмыстарымен «АСК Ауыл құрылысы» ЖШС айналысуда. Мұнда оқу-жаттығуға қа­жетті барлық жағдай қарас­ты­рыл­ған. Қазір құрылыс алаңында қазаншұңқыр қазу жұмыстары жүріп жатыр.

Ал волейболшыларға арналған тұрғын үй жеке инвестордың есебінен салынады. Мердігер мекеме «Меридиан М.О.B company» компаниясының учаске бас­тығы Әсет Беретаевтың айтуын­ша, мұнда құрылыс жүргізудің бастапқы дайындық жұмыс­тары біткен, енді ғимарат­тың іргетасын құя бастайды. Бұл жұмыстарға әзірге 20 адам тар­тыл­ған, кейін жұмысшылар саны арта түседі.

Орталық стадионның қосал­қы алаңының жаңғырту жұмыс­та­ры­на да ерекше назар аударған облыс әкімі «СМУ Шығыс» мердігер ком­паниясының өкілі Мадияр Тобықбаевтан құрылыстың жай-жапсарын сұрап білді. Учаске бастығының сөзіне сүйенсек, жобаның құны 1 млрд теңгеден асады. Осы жобаның аясында қосалқы стадионның жасанды жабыны толық ауыстырылып, көгалдың астына жылу тартылады, көрермендер орындықтары жаңаланады, қабырғасы сыланып, боялып, ретке келтіріледі. Сонымен қатар негізгі стадионға кіреберіс аумақтың жабыны жа­ңа­ланып, асфальт пен тас төсе­мелері, жиектастары ауыс­ты­рылады. Ойын алаңының айналасындағы жү­гі­ру жолағының да төсемі жа­ңар­­тылады. Алаңның үш бөлі­гін­дегі электр желілері ауыстырылып, жаңа бағаналар қойылады. Бұл жұмыстар сәуір айында бас­­талды. Бір сөз­бен айтқанда, ор­талық стадион УЕФА стан­дарттарына сай жаң­ғыр­ты­ла­ды. Облыс әкімі құры­лыс ба­рысындағы, материал таң­дау­да­ғы бірқатар кем­ші­лік­ке на­зар аударып, оларға қа­тыс­ты өз ұсы­ныс­та­рын жобаға енгізуді тап­сырды.

Журналистермен тілдескен облыс әкімі Бейбіт Исабаев былтыр күзде Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен келгенде Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту жөнінде бірқатар тапсырма бергенін атап өтті.

«Қазір біз арнайы жер бөліп, жоғарғы лигада ойнап жүрген «Жетісу» мен «Айқаракөз» волейбол командаларына арнайы спорттық алаңдар салып жатырмыз. Енді біздің волейболшыларымыз оқу-жаттығу жиындарының бәрін осы жерде өткізеді. Жеке инвестор өз қаржысына клуб ұжымына тұрғын үй салуда. Бола­шақ­та осы спорттық базаның ірге­сін кеңейтіп, волейбол академия­сын құрсақ, спортта талантты жас­тарымызды өзіміз даярлауға үлкен мүмкіндік болады. Сол сияқты регбиден, индорхоккейден республикада үздік командалардың қатарындағы біздің спортшыларға қыста жат­ты­ғатын жабық кешенді БМК арқылы тұрғызып береміз. Қазір осы құрылыстардың бары­сын, сапасы мен қарқынын кө­ріп шықтым. Нысандар дер кезін­де іске қосылуға тиіс», деді Б.Исабаев.

Бүгінде Жетісуда небір құры­лыс нысандары бой көтеріп жатыр. Оның дені инвесторлар мен меце­нат­тардың қаржысына салынуда. Бұл өңірде басқа салалардың дамуына үлкен жәрдем болып отыр.

 

Жетісу облысы