Жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық бірегейлікті, мемлекеттік тіл мәртебесін, этномәдени бірлестіктердің алдағы жұмысын айқындап берген еді. Осы орайда, Мемлекет басшысы көтерген мәселелердің бағыт-бағдарын қалыптастыру мақсатында жауапты мекеме өкілдері «Көзқарас» алаңында бас қосты.
Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі мен ҚХА кафедралар қауымдастығының мүшелері, сарапшылар қатысты. Жиында алғаш болып сөз алған Дархан Қыдырәлі алдымен алқалы жиында Президент жүктеген міндеттерге тоқталды.
– Тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі ортақ идеалдар мен құндылықтар, біріктірілген азаматтар қоғамы, біртұтас отбасы бір ел ретінде қалыптасып келеді. Осы орайда Мемлекет басшысы бірқатар міндетті жүктеді. Біріншісі, халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізу, мемлекеттік органдар арасында жаңаша тәсілдерді енгізу. Этномәдени бірлестіктер әлеуетін тиімді пайдалану да маңызды. Сонда ғана әр азамат өзін біртұтас елдің ажырамас бөлігі ретінде сезінеді. Ал жалпыазаматтық бірегейлікті нығайту факторы дегеніміз – бұл мемлекеттік тілді дамыту деген сөз. Барлық азаматтың мемлекеттік тілді нығайту мәселесі – елдегі басым бағыттардың бірі. Мемлекеттік тіл жалпы азаматтық интеграцияның, ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын тиімді құралға айналып келеді. Бұл мәселеге Президент те айрықша тоқталды. Сол себепті де мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіріп, тәрбие және білім беру мекемелерінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру, жалпы этно-мәдени бірлестіктердің, жастардың жұмысын жүргізу барысында қазақ тілін насихаттау мәселесі бүгінгі күн тәртібінде. Сондай-ақ қоғамдық келісімді нығайту мен жалпыұлттық бірегейлікті қалыптастыруда БАҚ-тың рөлін күшейту де өте маңызды, – деді Дархан Қыдырәлі өз сөзінде.
Сондай-ақ министр ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда жаңа коммуникация мен масс-медианың рөлі ерекше екеніне тоқталды. Ол ақпараттық кеңістікті ұтымды пайдалану арқылы мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтіп, этностар арасында қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыруға болатынын да алға тартты. Бұған қоса алаңда этностық БАҚ-тарды дамыту және этносаясаттың біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілуіндегі ғылымның рөлі туралы сөз қозғалды. Ал сарапшылар «ұлт» ұғымының мәнісін жіті түсіндіріп берді.
– Сарапшылар қауымдастығы бұл бағытта пікір алмасқан кезде, жаңа ұлттың пайда болуы, ұлттың жаңашыл сипатын енгізу жөнінде ұсыныс қозғалмады. Ғылыми тұрғыда «ұлт» ұғымын анықтайтын екі тәсіл бар. Біріншісі, этностық ұлт тұрғысынан болса, екіншісі саяси ұлт деп қарастыру. «Этностық ұлт» дегеніміз шығу тегіңізбен тікелей байланысты. Ұлт этностың аясында қалыптасады. «Саяси» ұлт ұғымы дегеніміз азаматтық келісім арқылы қандай да бір игіліктерге қол жеткізіп отырған бір елде тұратын адамдардың тобына айналады. Бірегей қазақ ұлты деп аталу бір ұлтты саяси ұлт тұрғысынан түсіреді. «Саяси ұлт» ұғымы өте терең. Этнос, азамат ұғымынан да кең. Қазақ жерінде тұратын барлық азамат бірегей саяси қазақ ұлты болып саналады. Қазақстанда тұратын орыстар да, кәрістер тағы басқалары бес миллион сегіз жүз мың адам саяси ұлт. Олардың барлығын шетелде жүргенде, қазақ деп бекерден-бекер атамайды. Демек, саяси ұлт категориясының сипатынан айтады, – деді Марат Әзілханов.
Жиында «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Элина Паули еліміздегі «Достық үйлері» тек салтанатты іс-шара өткізетін орын емес, заманауи коворкинг орталығы болуы керек деген пікірін жеткізді. Сондай-ақ басқосуда Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Илхам Ибрагим, Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, PhD Жақсылық Сәбитов, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Тимур Козырев сөз сөйлеп, ғылыми-сараптамалық ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.