• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Шілде, 2014

Алтын діңгек

352 рет
көрсетілді

Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының

Маңғыстау облысы бойынша жеңімпаздары

Құлышовтар отбасы республикалық байқауға жолдама алды

Шаттығы жарасқан шаңырақ

Нұралы Құлышов – өмір қиын­дығымен қаршадайынан бетпе-бет келген, онымен күрескен және жеңе білген азамат. Еліміздің солтүстігінде 13 балалы отбасының 4-ші перзенті болып 1958  жылы өмірге келген ол туғаннан жамбас, ұршық сүйегінің ауруына тап болды. 4-6 жасынан бастап туған үйін айлап-жылдап ұмытып, алыс қалалардағы ауруханалар төсегіне таңылды. – Шымкентте екі жыл емдел­генімде қазақ тілін ұмытып, үйге орысша сөйлеп барғанмын. Қазақ тілді шағын ауылдағылар үшін таң болдым, – деп еске алады Нұралы бүгін ол кездерді. Оташы дәрігер спортпен шұғылданғаны дұрыс деген соң анасы мұны таң алагеуімде тұрғызып, жаттығу жасатып қоятын. Нұрекең спортқа осылай келіпті. Шағын ауылда қандай спорт ошағы болсын, өз бетінше жүгіру, жеңіл атлетика, көлге жүзу – бала Нұралы айналысқан спорт түрлері осы. Ауылшаруашылық техникумының агрономия факультетінде оқып жүріп, шаңғы тебумен де шұғылданғаны бар. Нәтижесі жаман емес сияқты – аяғы жарап, Ресейдің Мурманск облысында әскер қатарында болып қайтты. Осыдан кейінгі дәмін тағдыр киелі Маңғыстау өңірінде татуға, осында қиындықпен күресе жүріп, мәнді-мағыналы өмір сүруге, сәнді-салтанатты отбасын құруға жазыпты. Әскерден соң нағашылар кеңесімен Маңғыстауда қалған ол МАЭК-ке жұмысқа орналасады. Ойы – солтүстікте жұмыс табылмайды деу емес, үйелмелі-сүйелмелі перзенті көп ата-анаға салмақ салмай, өз қамын өзі жасау. Табысты болды, отбасылы болды, жұмыста абыройлы болды, спорттан қол үзген жоқ – шағын футболдың «шаңын қақты». Тек, орда бұзар 30-дан аса бере аяғы тағы сыр берді. Айлап аурухана төсегіне қайта таңылды. 90-жылдары Мәскеуде жасалған отадан соң II топтағы мүгедек боп оралған Н.Құлышовты МАЭК қайта жұмысқа алған жоқ. –Үш жыл материалдық және психикалық тұрғыдан өте ауыр жыл болды. 1991 жылы Алматыда мүгедектер арасында жарыс өтеді екен дегенді естіп, стол теннисіне жазылдым. Бірақ, жігіттер адам жетіспей жатыр деп отырып ойнайтын волейболға шақырды. «Мұндай да волейбол бар ма?» деп таңғалған едім.  Мен өз тағдырымның одан әрі сол ойынмен байланысты өрбитіндігін білген жоқпын,  – дейді ол. Осы спорт түрінен еліміздің құрама командасы сапына енді, тіпті, ТМД елдері арасында 8 республика арасында Қазақстан командасы алғаш рет 1-орын алған еді. Жарыстар да, жеңістер де жалғаса берді, Нұралы болса жаттығуын үдете түсті. Суға жүзу мен жеңіл атлетикадан еліміздің, ал отырып ойнайтын волейболдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Маңғыстауда мүгедектер спортының негізін қалап, 1992 жылы оларға арналған федерация құрды. Өзі басшылық ететін федерацияда 100-ден астам мүгедек жан спорт түрлерімен айналысады, айтулы додаларда топ жарып жүр. Отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиелеген Нұралы мен Әлия бүгін – үш перзенттен тараған немере-жиендердің ата-әжесі. Ұлы Маңғыстау облыстық Кеден департаментінде қызмет етеді, ол да волейбол шебері. Ал, қыздары каратэ-до жаттығуына 6 жыл қатысты, осы спорт түрінен үлкені Жанар ҚР спорт шеберлігіне үміткер болса, кішісі Эльмира I дәрежедегі спортшы. Мүгедекпін деп мойымай, өне­гелі отбасында үлгілі ұл-қыз тәр­биелеп, саламатты өмір салтын ұстанған жанның шаңырағы қашанда шаттыққа толы. Бала-келін, қыз-күйеу, немере буындар өзара тату, ұйымшыл. АҚТАУ.

Сағындықовтар отбасы да үздіктер қатарынан табылды

Өреннің өнегесі

Киелі Маңғыстау өңірінде дәулес­керлер мен дүлдүлдер туған Қаратау етегінде Жыңғылды деген ауыл бар. Осы ауылдың есімін ауыз толтырып айтып, мақтаныш етіп жүрер түлектерінің бірі – Өрен Сағындықов. 1969 жылы ҚазПТИ-ді бітірісімен Маңғыстау өлкесінің мұнай саласына жұмысқа кіріскен Өрен Сағындықұлы осы салада қатардағы оператордан мұнай өндіру басқармасы бастығы қызметіне дейін көтерілді. Өңірдің мұнай саласын игеру, қалыптасу, даму кезеңдерінің куәгері әрі бел ортасында жүрген мұнайшы. Бүгінде зейнеткер болғанымен Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-де дәріс оқитын Өреннің отбасы – жары Айсұлу, екі ұлы мен қызы түгелге жуық мұнай саласының мамандары және осы салада қызметте. – Өмірде өзіңе  жамандықтан жиренуде, жақсылықты үйренуде, қызметті терең игеруде үлгі ететін жандар болады. Оқу бітіріп келген жас маман кезімде саланың қыр-сырына баулыған Социалистік Еңбек Ері, сол кездегі «Узеньнефть» мекемесінің операторы Смағұл Жалғасбаев пен цех бастығы Құрақ Тілеуқұловты ұстаз тұттым. 1975 жылы Жаңаөзен қаласында үлкен ұлым өмірге келді. Сәби 3-4 айлығында қатты науқастанып ауруханаға түсті. Әлі есімде, ауруханаға келсем, жолдасым жылап отыр, ал баланың жылауға да әлі жоқ – сұлқ жатыр. Әбден арыған – етсіз сүйекке ілініп тұрған терісін ұстасаң 10 сантиметрге дейін созылатындығы үрейімді ұшырды. Дәрігерлер ештеңе айтпайды. Баланы бәрі де өлдіге санағандығын біліп, жер болып жұмысқа кеттім. Тәулік бойы жұмыс жасадым, үйге барғым келетін емес. Цехтағы бастығым Құрақ Тілеуқұловтың да зайыбы баласымен сол ауруханада жатыр екен. Жұмыстан соң олардан хабар алуға барған Құрекең дәлізде жылап тұрған Айсұлуды көріп, мән-жайға қанығады. Дереу «Узеньнефть» басшылығына, қала әкімдігіне хабарласып, дәрігер­лерді сәби өмірін сақтап қалуға тік көтерді. Жұмысқа қайта оралып, көңілсіз үйге барғым келмей отырған мені шақырып алып жер-жебіріме жетіп ұрсып, бала айыққанша жұмыстан босатып, «қуып жіберді». Осыдан соң мен басшылардың қарамағындағы қызметкерлерге тек жұмыс уақытында ғана емес, былайғы өмірінде де жәрдем беру керектігін, оның адамгершіліктің көрінісі екендігін ұғындым және өзім басшы болған жылдары осы деңгейде болуға тырыстым, – дейді Өрекең. Тұңғышы Жеңісбек қазір Маң­ғыс­тау облыстық индустрия және инновациялық даму басқармасы басшысы, үш ұлдың әкесі. Одан кейінгі Нұрлан мен Жазирасы да жас та болса шаңырақтарын берекелі ету жолында талпынады. Арнайы шұғылданып, жолына түспегенмен, әрқайсысы жаны қалаған спорт түрімен айналысып, домбырамен ән салатындары бар. Немерелері  – Нұрлыбек, Заманбек, Жарқынбек және Ақбота, жиендері – Жақсылық пен Дархан  –  көңілдің де, көздің де қуаныштары. Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытында, кейіннен «Қаламқасмұнайгаз» кәсіпорнында қызмет еткен зайыбы Айсұлу қазір немерелер арасында, отбасының алтын қазығы. АҚТАУ.

Байқауда озық танылған үшеудің бірі –  Құлсариевтер отбасы

Орынның ордалы отбасы

Орын Құлсариев – Маңғыстаудың алғашқы дирижері, оркестр жетекшісі, өлке мәдениетінің дамуына 64 жыл бойы толассыз үлес қосқан мәдениет қызметкері, ұстаз. Биыл 82 жасқа толған ақсақал әлі еңбек сапында –Жетібайдағы балалар  өнер  мектебінің директоры. Еңбек жолын соғыстан кейінгі жылдары ауылдық жерлердегі өнер, мәдениет мекемелерінен бастаған Орекең республикалық, бүкіл­одақ­тық, дүниежүзілік фестиваль­дердің тұрақты қатысушысы болыпты. Қызметтегі жаңашылдығы, кәсіби шеберлігі және клуб басқарудағы іскерлігі оның іс-тәжірибесін облыс көлемінде таратуға бірнеше рет сеп болған. Білім, мәдениет саласындағы өнер ордаларында, Құрықтағы экспедицияның геологтар клубында жұмыс істеген, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған Орекең Шетпеде жұмыс жасап жүрген 1967 жылдары онда мәдениет үйін, 1976 жылы өнер мектебін ашуға мұрындық болса, геологтар клубына келген соң Құрықта да «тыныш» жүрмепті. Депутаттық ұсыныстарын енгізіп, аудандық мәдениет үйі іргетасының қалануына қол жеткізген, балалар өнер мектебін ашып, мамандар жинауға атсалысқан. Кейін партия тапсырмасымен Жетібайда өнер мектебін ашып, 2011 жылы аталмыш мектептің су жаңа ғимаратты болуына үлес қосты. Қызмет жасаған мекендерінде жаңа өнер ұжымдарын ашуға ұмтылды. Қарақия ауданындағы Орекең ұйытқы болған ұжымдар кейін «халық театры», «халықтық ұлт аспаптар оркестрі» атанды, ал ол құрған «Маңғыстау маржандары» ансамблі бүкілодақтық жарыстарда, халықаралық фестивальдерде топ жарды. Орекең алдынан бірнеше жүздеген шәкірттер қанат қақты, олардың арасында күйші Р.Айдарбаева, қобызшы Х.Балапашева, қазіргі қазақ өнерінің жұлдыздары Ұ.Жолдасов пен А.Қосанова сынды танымал өнерпаздар бар. Ал, «қайраткер», «үздік қызметкер», т.б. атақтарды, өзге де сый-сияпат, марапат-мадақтарды иеленген шәкірттері аз емес. Республиканың әр түкпірінде еңбек ететін олардың бірқатары бірнеше әндері халық арасына тарап кеткен сазгер,  енді біреулері өнер мекемелерінде басшы. Жары Құндызбен бірге отбасында тәрбиелеген 12 ұл мен қыздың әрқайсысы бір отау. Немерелер ержетіп, шөбере буын ес біліп қалды. 9-ы жоғары, 3-уі арнаулы орта білім алған балаларының көбі  Маңғыстаудағы мұнай саласында қызметте. Тұңғышы Қолғанат – жоғары білімді инженер-геолог, «Өзенмұнайгаз» АҚ-та басшылық қызметте, Жаңаөзен қаласының «Құрметті азаматы», Елбасы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі­мен марапатталған. Ауған соғысына қатыс­қан, жоғары білімді инженер-механик Сәтбайы Жаңаөзендегі ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы,  қара­шаңырақтың иесі – қолындағы Сәкені де жоғары оқу орнын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген, қазір «Жетібаймұнайгаз» басқармасында жұмыс істейді. ЖОО бітірген қыздары – Гүлжан мұғалім, Ғалия «Өзенмұнайгаз» АҚ-та басқарманың бас геологы, Света осы мекемеде мұнайшы-геолог, Кенжеші «Өзен бұрғылау басқармасында». Рухия – кітапханашы, Айжан  – шебер тігінші, Гүлнар – музыкант-пианист, Раушан – медбике, ал әке жолын қуған Рахиласы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, республикалық дирижерлер конкурстарының лауреаты, қазір Д.Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық Академиялық оркестрінде дирижер. Осылайша шаңырағынан сан сала мамандық иелері шыққан О.Құлсариевтің өзі 75 жасында Х.Досмұхамедов атындағы университеттің өнер факультетіне түсіп, елді бір таңғалдырғаны бар. 77 жасында диплом алған Орекең тек орындаушы ғана емес, байырғы және қазіргі күйлерді нотаға түсіріп, оркестрде ойнатқан насихатшы. Маңғыстау облысының, Қарақия ауданы мен Жетібай кентінің «Құрметті азаматы», облыстың «аға домбырашысы», 2010 жылдың «Жыл адамы», «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің  иегері Орекеңнің марапаттары ұшан-теңіз. Ол туралы шыққан кітаптар да аз емес. Орын аға қазір отбасымен Жетібай кентінде тұрады. Жетібай кенті. Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы.