Теннистен Қазақстан қыздар құрамасы 16 жасқа дейінгілер арасында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан теннис федерациясы ұсынған мәліметіне сүйенсек, Шымкент қаласында Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша өтіп жатқан іріктеу турнирінің жартылай финалында Ярослава Шведованың шәкірттері әлемдегі үздік құрамалардың бірі, жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің бес дүркін чемпионы - Аустралия құрамасын 2:0 есебімен жеңді.
Бірінші ойында Ариана Гогулина сәтті өнер көрсетіп, 7:5, 3:6, 7:5 есебімен ұтты. Ол бірінші партияда 2:5 есебімен жеңіліп жатып, қатарынан бес геймді алды.
Ал Полина Слепцова Аустралия көшбасшысы Тахлия Коккинисті артта қалдырды. Есеп - 7:5, 6:4.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы осы жылдың күзінде өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды.
Айта кетсек, ертең, 6 мамыр күні финалда қазақ қыздары Жапония немесе Оңтүстік Кореяның біреуімен кездеседі.