Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында жалауы желбіреген ауыр атлетикадан Азия чемпионатының алғашқы күнінде ел қоржынына алғашқы жүлде түсті.
55 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған Арли Чонтей биылғы сары құрлық додасында екі Вьетнам спортшысын алға жіберіп, қола жүлдегер атанды. Қазақстан ауыр атлеті жұлқа көтеруде 117 киломен алғашқы бағдарламада көш бастағанымен, серпе көтеру жаттығуында 141 кило зілтемірді бағындырып, үздік үштіктің қатарынан көріне алмады. Алайда ол қоссайыс қорытындысы бойынша 258 кило салмақпен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Бұл – Арли Чонтейдің Азия чемпионатындағы төртінші жүлдесі. Ол былтыр Бахрейннің астанасы Манамеде өткен біріншілікте – күміс, оның алдында Ташкентте – алтын, ал 2019 жылы Қытайдың Нинбо қаласындағы жарыста қола жүлде жеңіп алған еді. Оңтүстік Кореядағы Азия чемпионаты – келесі жылы Парижде өтетін Олимпия ойындарына жолдама беретін маңызды жарыстардың бірі.