Еуропа лигасының екінші раундына өтті
Шілденің 10-ы күні түнде Қазақстанның үш командасы Еуропа лигасы іріктеу турнирі бірінші раундының екінші кездесуін өткізді. Олардың қорытындысында айтылып отырған Қарағандының «Шахтері», Астананың «Астанасы» және Алматының «Қайраты» келесі кезеңге өтті.
Қарағандыда жергілікті «Шахтер» Арменияның Гюмри қаласының «Ширак» командасын қабылдады. Қарсыластардың бұдан бір апта бұрын армян жерінде ойналған бірінші кездесуінде қазақстандықтар 2:1 есебімен ұтып қайтқан еді. Ал бұл жолы олар армениялықтарды 4:0 есебімен ойсырата ұтты.
Есеп матчтың 12-минутында ашылды. Алаң иелерінің команда капитаны Андрей Финонченко сол қапталдан Ұлан Қонысбаев берген допты қақпаға қарай ұрды. Ол қонақтардың қақпашысынан кері қайтып, бір қорғаушысына тиіп, қайтадан қақпаға қарай ұшты да, жібек торға барып топ етті. Ал 26-минутта Ұланның өзі қапталдан берілген допты басымен ұрып, қақпаға түсірді.
Кеншілер мұнымен де тоқталған жоқ. Олар үзіліске дейін тағы бір гол салып, есепті 3:0-ге жеткізді. Оны команданың дебютанты Никола Покривач өз есебіне жазды. Екінші тайм басталғаннан кейін қарағандылықтар ойынның ақырғы нүктесін қойды. Оны 49-минутта Андрей Финонченко қақпаға жөнелтті.
Енді екінші квалификациялық раундта «Шахтер» Люксембургтің «Дифферданж» және Клайпеданың «Атлантас» (Литва) командаларының жеңгенімен ойнайды.
Осының соңын ала «Астана-Аренада» жергілікті «Астана» мен Ереванның «Пюник» командалары арасындағы ойын аяқталды. Ол 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Бұл қарсыластардың 3 шілде күні Армения астанасында өткен бірінші кездесуінде Қазақстан футболшылары 4:1 етіп ұтып қайтқан еді. Астаналықтар есепті 13-минутта ашты. Оны Бауыржан Жолшиев соқты. Ал екінші гол 80-минутта түсті. Ол Дмитрий Шомконың күшімен салынды.
Бұлардың бәрінің соңынан Алматының «Қайраты» Албанияның астанасы – Тирана қаласында жергілікті «Кукеси» командасымен кездесті. Алаң иелері бірінші минуттан Алматыдағы ойынның ең соңғы минутында жіберіп алған голдарының есесін қайтаруға ұмтылды. Бұл уақыттарда «Қайрат» та алаңсыз қорғаныста қалған жоқ. Оның сол тұстағы екі қарсы шабуылы гол әкеле жаздады. Айталық, Бауыржан Исламханның соққысы қақпа бағанынан қайтса, «Ақтөбемен» ойында хет-трик жасаған команда дебютанты Жерар Гоудың ұрған добын голкипер қағып алды. Тұтастай алғанда, бірінші таймдағы ойын алма-кезек шабуылмен өрнектелді. Соның барысында қақпашы Дмитрий Хомич бірнеше рет алматылықтар қақпасын аман сақтап қалды.
Екінші тайм тағы да «Кукесидің» шабуылымен басталды. Өз кезегінде «Қайрат» оларды мұқият қайтарумен болды. Сосын Исламхан тағы да өткір шабуылдың өтінен көрінді. Оның бұл жолғы соққысы бағанның жанынан өтті. Бұдан кейін күшейіп кеткен жауын екі жақты абайлап ойнауға мәжбүр етті. Командалар сонда да болса, таразы басын өздеріне аударуға тырысып бақты. Алайда, матчтың соңына дейін таблодағы 0:0 деген есеп өзгермеді.
Мұның алдында «Шахтер» мен «Астана» командалары келесі кезеңге өткен болатын. Армения жасақтарымен күш сынасқан олардың екеуі де екі ойынның қорытындысы бойынша 6:1 деген есеппен жеңіске жетті.
Сөйтіп, Еуропа лигасында ойнап жатқан Қазақстанның үш командасы да іріктеу раундының келесі кезеңіне өтті.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.