Жетісуда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі 8 ардагер ғана қалды. Оларды әлеуметтік қолдау іс-шаралары тұрақты жалғасын тауып отыр. Осыған орай биыл жергілікті бюджеттен біржолғы материалдық көмек төлеуге 12 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, жыл басынан бері батырларымызға коммуналдық қызметтер үшін 250 мың теңге төленген екен.
9 мамырға дейін ардагерлеріміздің әрқайсысына 1,5 млн теңгеден біржолдық сыйақы үлестіреді. Әскери қызметтің өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты мүгедек болған әскери қызметшілерге – 100 мың теңгеден, жалпы көлемі 9 млн теңге төленеді.
«Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 100 мың теңгеден, соғысында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне 60 мың теңгеден бір реттік көмек беріледі», дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев.
Оның айтуынша, соғысқа қатысушылары мен мүгедектері қажеттіліктеріне қарай есту аппараттары, протездік-ортопедиялық бұйымдар сияқты әртүрлі техникалық көмекші, гигиеналық құралдармен, сондай-ақ санатори-курорттық жолдамалармен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы кеңес одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейінгі аралықта соғыс жылдарында кемінде алты ай жұмыс істеген және тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен наградталған адамдарға, сондай-ақ осы кезеңде медальдармен марапатталмаған адамдарға да 60 мың теңгеден төленеді. Осы санаттағы 2159 адамға жалпы сомасы 129,5 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Сонымен қатар 2023 жылдың соңына дейін 6 жекелеген санат бойынша ардагерлерге 150 мың теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем төленеді. Олардың қатарында Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккендер мен Чернобыль АЭС апаттың салдарын жоюға қатысушылар да бар.
Жетісу облысы