Еуропа жұртында ақылға сыйымсыз, бірақ сонысымен көз тартып, көңіл баурайтын ескерткіштер көп деседі. Біз ескерткішті көбіне адамға арнап тұрғызамыз. Батыр болса тұлпар мініп, найза ұстайды. Ақын болса шапаны желбіреп, басына тақиясы қона қалады. Қолына таяғын ұстап, жүзінде шабыт толқыған Нұрғисаны, Балашақпақ топырағын басып келе жатқан Абайды, кітап парақтап тұрған Қадырды бейнелесек болушы еді. Жоқ, бізде ондай фантазияға орын жоқ!
Кейінгі жылдары біртүрлі ескерткіштер күрт көбейді. Арыстай кеудесіне қондыра салған бармақтай ғана басы бар Қонаевты, қушиған қос тізесі еңселі тұрқына жараспайтын Ақселеуді, мықыннан жұрдай боп майысып тұрған Мұқағалиді көргенде амалсыз мүсіншілердің шеберлігі мен талантына да күмән келтіре бастайсың. Сорақылығы мен қораштығы жағынан Ақселеу Сейдімбек ескерткіші бәрінен асып түсті. Қусырылған кеуде, қушиған тізе, қысқа бұт. Отырысы да мәнсіздеу. Қоғам қарсылығынан соң тұғырынан тайдырылды. Күзеліп, түзеліп, қайта қона жатар.
Біздіңше, ескерткіш дегеніңіз сөйлеп тұруға тиіс еді. Мұндайда қырғыз қызы Тамиланың талантына еріксіз бас иесің. Тамила Маматова сомдап шыққан Шыңғыс Айтматов тұлғасы ә дегеннен ақ көз жанарыңа сыйып кетеді. Шыңғыстың болмысы, Шыңғыстың дегдар парасаты жарқ ете қалғандай болады. Тамиланың қай туындысын қарасаңыз да тірі тұлға сізге қарап тұрғандай күй кешесіз. Қырғызстандағы Ұлыбритания елшілігінде тұрған – Елизавета II патшайым, Көркем сурет академиясының алдында орналасқан – «Семетей» монументі, Шолпон-Атадағы Мұхтар Әуезов бюсті – осы Тамиланың туындылары. Әуезов бюстін Қырғызстанға сапарында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып ашқаны да белгілі. Талантты ақынымыз Мирас Асан қырғыз қызына арнап жыр да жазды:
«Қай ғасырдан шыға келдің һас керім,
Хордың қызы, хош керім!
Жүзіндейсің ақ семсердің жарқ еткен,
Ізіндейсің кестенің!
Қай ғасырдан келе жатсың, қос бұрым,
Қом сулардай бұлғақтап!
Талас бұрым,
Бішкек бұрым,
Ош бұрым,
Өрген сұлу сымбаттап!
Қай дәуірдің жұмбағысың шешпеген,
Қай қаламның жырларысың жазбаған?
Еңлікгүлсің еш жаһанда өспеген,
Қызыл шоқсың ой-ошақта маздаған!»
Жоқ, бүгінгі мақаламыз әсте Тамила туралы емес еді. Бірақ әңгіме ауанының өзі осыған жетелеп әкелді. Бізде оған қарсылық ете аларлық күш тапшы. Тақырып, тақырыпты әлдилеген сана, санаға бағынған саусақ, саусақ ұшынан төгілген ой мен мазмұн өзі-ақ сөздің соңын Тамилаға әкеп тіреп тастағаны...
Жазушы Дулат Исабековтің «Ескерткіш» деген әңгімесі еске түседі. Әңгіме желісі бойынша кеңестік Қазақстанда тұңғыш тері илеушіге ескерткіш қойылатын болып, түпнұсқасын жасау үшін мүсіншілер кейіпкердің ұрпағы Әштен Желдібаевты әурелейтін еді ғой. Ақырында ескерткіш межелі мерзімде бітпей қалып, тұғырға Әштеннің өзі шықпаушы ма еді. Тұрқы атасы Мелденнен аумай қалған. Қос қолымен қой терісін тік шаншып көтеріп тұр. Келген қонақтар көздерін жұмып, ауыздарын ашады. Сірә, мұндай ескерткіш көрмегендеріне көп болған. Бірақ осы тұғырға Әштенді шығару үшін райкомның шенділері не істемеді десеңізші. Кеше ғана көше кезіп, сандалып жүрген адамды тұғырға шық, тірілей мүсін болып қатып қал, кірпігіңді қақпа, ел-жұртқа ет-жүректі пенде екеніңді сездірме деу оңай болып па еді? Мұндайда бағы тасып, беделі өсіп тұрғанын пайдаланып қалмаса Әштен Әштен бола ма? Райком басшылары кеше ғана сантехник болып, жайына жүрген жігіттің асты-үстіне түсіп, күн сайын «Сарыағашын» тасып бәйек болды да қалды. Бәйек болды – бер жағы, азапқа түсті-ау, азапқа! Сонда да қырсықтығы біте ме Әштен шырақтың?
Біздің ескерткіштеріміздің де сиқы түзелмесе, онда әр ауылдан бір-бір Әштен іздеуге тура келетін сияқты. Әшекең табылар-ау, оны тұғырға шығару үшін болатын әбігерді айтсаңызшы.