Жетісу облысында әскери міндеттілердің саны шамамен 27 мың адам. Оның 9 мыңы әскерге шақырылса, 18 мыңы түрлі себеппен борышын өтеуден бас тартқан. Ал биыл жыл басынан бері жалпы өңірден 165 азамат мерзімді әскери қызметке кіріскен. Қазір жас жауынгерлер дайындық үстінде.
Қарулы Күштерді жасақтау үшін қажетті мөлшерде әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар мерзімді әскери борышын өтеуге міндетті. Осы орайда өңірлік қорғаныс істері жөніндегі департамент мерзімді әскери қызметке 200-ге жуық сарбазды шақырған. Мұны бізге облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті персоналмен жұмыс істеу жөніндегі қызметінің басшысы Мақсат Бейісов айтып берді. Одан бөлек мерзімді және келісімшарт бойынша әскери қызметке, сондай-ақ запастағы офицерлерге шақыру қалай жүргізіліп жатқанын да баяндады.
«Мемлекеттік күзет қызметі бөлімшелерінің штаттық кестесі сәуір айының соңына жоспарланған. Қазіргі уақытта осы жылдың 20 мамырын қоса алғанда қабылдау жүргізіліп жатыр. Қала бойынша 791 адам бар», дейді М.Бейісов.
Оның айтуынша, мемлекеттік күзет қызметі бөлімшелерінің штаттық кестесі сәуір айының соңына жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жинақтау осы жылдың 20 мамырына дейін жүргізіледі. Жетісу облысындағы 8 қалалық және аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда жоспарлы түрде әскерге қабылдау үзіліссіз өтіп жатыр. Биыл көктемде әскерге шақырылатындар саны 791 адам екен.
«Кейбір мәселелер әскерге шақыру жұмыстарының сапасына айтарлықтай әсер етеді. Мәселен, азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе бас тартуы, сондай-ақ әскери жастағы азаматтардың ішкі көші-қоны. Азаматтарды әскери қызметке шақыру нәтижелері тек жергілікті әскери басқару органдарының ғана емес, жергілікті атқарушы, денсаулық сақтау және білім беру, құқық қорғау органдарының қатысу дәрежесіне, олардың әскери міндет пен әскери қызмет туралы заңнама талаптарын орындауына байланысты», дейді Талдықорған қаласы ҚІЖ басқармасының мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімшесінің сержанты, құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығы Нұрсұлу Мұсабаева.
Көктемгі әскерге шақыру науқанының ерекшелігі – жас буынмен жасақтау аумақтық қағидаты бойынша өткізіледі. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер тарапынан мерзімді әскери қызметті өтеу кезінде қарыздар мен несиелерді кейінге қалдыру, несиелік каникулдар алу үшін мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың өтініштері қабылданады.
Шақырылушы несиелік міндеттерін туыстарына артпай, Отан алдындағы парызын өтей береді. Мерзімді әскери қызметін атқарғандар ҰБТ нәтижесі ескерілмей, ақылы түрде жоғары оқу орындарына түсе алады. Ал қызмет барысында жақсы нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер емтихансыз және ҰБТ-сыз университет грантына түсуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметін өтеген барлық әскери қызметшілерге ЖОО-ның әскери кафедрасына емтихансыз грант негізінде түсу құқығы ұсынылады.
Тағы бір атап өтетіні, әскери қызметке жарамды, жиырма тоғыз жасқа дейінгі запастағы офицерлер мен отыз екі жасқа дейінгі медициналық қызметтің запастағы офицерлері уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Үкiмет қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызметті өтеу үшін әскерге шақырылады.
Жетісу облысы