Мереке қарсаңында баспаналы болған талдықорғандықтардың қуанышы еселене түскендей. Бір сәтте 60 отбасы жаңа қонысқа көшкелі отыр. Жылдар бойы кезекте тұрып, сарыла күткен шаңырақтардың кілті иелеріне табысталды. Ел ерекше қуанышты. Әсіресе кішкентай балдырғандардың жүзі бал-бұл жайнайды. Біз осындай айтулы сәтте қуаныш иелерінің шаңырағынан дәм татып, ақ тілегімізді арнап, құттықтап қайттық.
Әнуар Әлімжанов көшесіндегі 40 және 20 пәтерлік жалгерлік тұрғын үйдің кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев табыс етті. Жетісулықтарға жүрекжарды лебізін жолдап, кешігіп берілгеніне кешірім де сұрады.
«Тұрғын үймен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасын көтерудегі ең басты мәселелердің бірі. Президенттің алдымызға қойып отырған үлкен талабы да осы. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың арқасында біз қазір осы мәселеге ерекше назар аударып, қолға алып отырмыз. Қазір Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде 15 мыңдай адам тұр. Әділдікпен, ашықтықпен жұмыс істей отырып, оларды кезек реті бойынша алдағы бірнеше жылда баспанамен қамту үшін құрылыс қарқынын жылдамдатып, тұрғын үй салу көлемін арттыратын боламыз, деді Б.Исабаев.
Соңғы екі жылда өңірде тұрғын үй құрылысы бәсеңдеп, үй беру біршама кешеуілдегені белгілі. Әйтсе де оның өз себебі бар. Құрылыс жүргізген мердігерлердің жауапсыздығы, бастаған құрылысты аяқсыз қалдыруы, коронавирус індеті сияқты түйткілдер істің созылып кетуіне басты себеп болды. Оның үстіне кезексіз үй берудің көптеген фактісі орын алғаны да көпке мәлім. Қазір заңсыз берілген үйлерді сот арқылы қайтарып алу жұмыстары жүріп жатыр
«Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғызылған бұл үйге кезектегі 60 тұрғын қол жеткізді. Олардың дені көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен осындай бала асырап отырған отбасылар, жетім балалар, ауған соғысының ардагерлері және басқа да әлеуеметтік осал топқа жататын азаматтар.
Жаңа баспанаға кіргендер атынан мүгедек бала асыраушы отбасынан Ақмарал Алшынбаева, толық емес отбасы санатындағы Назгүл Бейсенбекова, басқа да қоныстой иелері мемлекеттен жасалып отырған қамқорлық үшін ризашылықтарын білдіріп, баспанаға ие болған көршілеріне ізгі тілектерін жеткізді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев зейнеткер Шамшаману Әбеуова мен көпбалалы Бейісбековтер шаңырағына кіріп, дәм татып, теледидар сыйға тартты.
«Отағасы Тілеулі екеуміз алпыс жылдан астам бірге ғұмыр кешіп келеміз. Ақсу ауданында ұзақ жыл педагогика саласында жұмыс істедім. Еңбегім елеусіз қалған жоқ, шүкір. Бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Екі балам өзімнің жолымды қуып, мұғалім болды. Бүгін үлкен қуанышқа жетіп отырмыз. Осындай жақсы жаңалықтар көп бола берсін. Ел іргесі аман, өсіп келе жатқан бала-шағаның өмірі жарқын болсын деп тілеймін, деді білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен зейнеткер, «Білім саласының үздігі» Шамшаману Әбеуова.
Айта кетейік, бұл үйлердің құрылысын «Құрылысшы ТБС» ЖШС мердігер компаниясы 2021 жылдың желтоқсанында салып бітірген. Бірақ абаттандырумен айналысуға тиіс басқа компанияның жауапсыздығынан үйді пайдалануға беру кешеуілдеп, жұмыстардың аяқталуы күні бүгінге дейін созылған.
«Бұл үйлердің құрылысын 2021 жылғы мамырда бастап, сол жылдың соңында аяқтадық. Құрылыс сапасы өте жақсы деп сеніммен айта аламын. Жобада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жиналмалы электронды пандус қарастырылмаған болатын. Бірақ облыс әкімінің тапсыруымен біз он күннің ішінде өз қаражатымызға сол пандусты қойып береміз», деді құрылыс компаниясының өкілі Марат Ілиясов.
Облыс әкімнің баспасөз қызметінің мәліметінше, қолданысқа берілген 20 пәтерлік үйде 5 екі бөлмелі, 15 үш бөлмелі пәтер болса, 40 пәтерлік үйде 10-ы – бір бөлмелік, 10-ы екі бөлмелік, 20-сы – үш бөлмелік пәтерлер. Бұл үйлерді салуға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 722 млн теңге бөлініп, игерілген.
Жалпы, өңір көлемінде биыл 321,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол қатарда жыл соңына дейін Талдықорған қаласында 51 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Соның 42-сі жергілікті бюджеттен салынса, қалғанын жеке кәсіпкерлер мен меценаттар өз қаражаттарына тұрғызып жатыр. Сөйтіп, бір жылда 2 мыңға жуық талдықорғандық отбасы баспаналы болады.
Жетісу облысы