Түркиядағы жер сілкінісінен кейін қоғам елдегі сейсмикалық аймақтардың ахуалына алаңдай бастады. Осы тұста ақпараттық арна, сайттар қарап қалмады, бауырлас елдегі «дауыл» басылмай тұрып-ақ ел аумағында жер сілкіну қаупі бар деген аймақтар жайында көпті алаңдатарлық жалған-шыны аралас хабар тарата бастады. Шын мәнісінде қалай, толассыз ақпараттан кейін жұрттың дүрлігуі, үрейленуі орынды ма? Біз мұны сейсмолог мамандардың сұрап білгенді қолай көрдік.
Түркиядағы жағдай бізге ғана емес, сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын бірнеше елге сабақ болғандай. Әйтеуір желіде іргесі қаланған көппәтерлі үйді арнайы аппараттар арқылы төзімділігін тексеріп, сынап жатқан бейнежазбалар да көбейді. Қысқасы, сол оқиғадан кейін жер сілкінісі туралы жылт еткен жаңалықтар өтімдірек болды. Алайда ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір елде, оның ішінде сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын Алматы облысында ахуал тұрақты. Сейсмология институтының мамандары ғылыми деректермен расталмаған, ел арасында үрей туғызған қауесетке негізсіз сеніп, дүрлігудің қажеті жоқ деп отыр.
Рас, Алматы қаласындағы Іле Алатау өңірі Орта Азиядағы сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірі саналады. Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Түркістан облысына дейін жерасты дүмпулері жеті-тоғыз балға дейін жетуі ықтимал аумақтар бар. Алматыдағы Іле-Күнгейде 1887 жылдан 1911 жылға дейін жойқын жер сілкіністері жиі тіркелген. Кейінірек шегінсек, Алматы облысында 1887 жылы 9-10 балдық Верный жер сілкінісі, 1889 жылы 10 балдық Шелек жер сілкінісі, 1911 жылы 10-11 балдық Кемін жер сілкінісі жойқын болыпты. Верный қаласы (Алматы) тарихында жер сілкінісінен екі рет қираған. Мұнда қазір де сейсмикалық белсенділік жоғары. Сөзімізге кейінгі жылдары қайталанған 7-8 балдық жер сілкінісі дәлел (Жалаңаш 1978 жылы, Бақанас 1979 жылы, Байсорун 1990 жылы және т.б.). Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейін жерасты дүмпулері 7-9 балға дейін жетуі ықтимал сейсмикалық қауіпті жерлер бар.
Әрине, елдегі сейсмолог ғалымдар да қол қусырып отырған жоқ. Олар қазір сейсмикалық аймақтардың картасын әзірлеуде. Картада қауіпті аймақтардың сейсмикалық әлеуеті көрсетіледі. Сонымен қатар елді мекендер үшін жасалған карталар да бар. Мысалы, Алматы қаласында сейсмикалық микроаймақтандыру картасы әзірленген. Сейсмологиялық жағдайды бағалау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты аймақтардағы ахуалды үнемі болжап, бақылап отырады. Бұл орта және қысқамерзімді болжамдар деп екіге бөлініп қаралады екен. Нақтырақ айтар болсақ, ортамерзімді жоспар жылына екі мәрте әзірленеді. Сейсмология институты бірер апта бұрын ғана Алматы полигонының аумағындағы жер сілкінісінің орта мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырған. Сонымен институттың тұжырымына сәйкес, биыл Алматы полигонының аумағында 7 балдық және одан жоғары жер сілкінісі күтілмейді. «Сақтансаң – сақтайды» деген. Қазір Алматы мен оның маңындағы аумақтарда жер астындағы құбылысты бақылайтын 52 станса жұмыс істеп тұр. Оның жартысы кешенді зерттеулерге бейімделген. Ал қалғаны бақылаудың бір ғана түрімен қамтылыпты. Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Алматы қаласының маңына 28 сейсмикалық датчикті орнатуды ұсынғанын да айта кеткеніміз ләзім. Сондай-ақ сейсмикалық құрылғыларды Қырғызстанның хабарлау жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр. Осы жаңашылдықтар сейсмологиялық мәліметтерді кешенді талдауға, эпицентрдің координаттарын, күшін, магнитудасын нақтырақ әрі дұрыс анықтауға және толқынның келу уақытын есептеуге көмектеседі деп күтілуде.
Кейінгі бес жылда ел аумағында сейсмикалық құралдардың көмегімен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркеліпті. Атап айтар болсақ, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 – 9500, 2021 жылы – 6700, ал 2022 жылы 6900 рет жер сілкінісі болыпты. Неге көп? Өйткені бұл арнайы құрылғылар болмаса, екінің бірі сезе бермейтін өте «нәзік» жер сілкіністері көрінеді.
Түркиядағы жағдайдан кейін жер сілкінісін болжау әсте оңай шаруа емес деген ой алаңдатады. Орайы келгенде жер сілкінісін анықтау неге күрделі деген сауалға да жауап беруді жөн көріп отырмыз. Ол былай, жердің астыңғы қабатында өзіне тән табиғи құбылыстар бар көрінеді. Жер қойнауында баяу геологиялық үдеріс жүреді. Сондықтан жер сілкінісін болжауда мамандар бірқатар қиындықтарға тап келеді. Біріншіден, жер сілкінісін тудыратын физика-химиялық үдерістер жердің тереңінде жүрсе, бұл тау жыныстарын бақылаудан жаңылдырады. Екіншіден, жер сілкінісіне әсер ететін геологиялық үдерістер өте баяу жүреді. Салдарынан жер астындағы мұндай құбылыстар жүздеген және мыңдаған жылдар бойы «демін бүгіп», жер бетіне үлкен күшпен шыққанша жүздеген, мыңдаған шақырымдық кеңістікті қамтуы мүмкін. Бұл туралы бізге Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев талдап айтып берген еді.
– Әрине, Түркиядағы жер сілкінісі жер қыртысындағы үдерістерге әсер етті. Біз бұл өзгерістерді бақылап, ескеруді жалғастырамыз. Әлемде сейсмологияға қатысты көптеген зерттеулер бар. Біздің институт жердің құрылымын ғылыми ізденіс сипатында зерттеуді жалғастырып жатыр. Жер сілкінісі қай жерде, қалай және қандай күшпен болатыны маңызды емес. Себебі жер сілкінісінің шегі жоқ. Сондықтан сейсмикалық қауіпті аймақтардың халқы барлық қауіптер туралы біліп, оған дайын болуы керек. Қазір Түркияда мамандар сілкінісінің салдарын зерттеп жатыр. Сейсмологияда қысқа мерзімге болжам жасау қиын. Мәселен, жер сілкінісін жақын беріде қысқа мерзімге қытайлықтар ғана болжай алды. Алайда бұл бүкіл әлемде әлі шешілмеген мәселе. Бізде әлсіз жер сілкіністері күн сайын пайда болып тұрады. Біздің ойымызша, бұл кішігірім оқиғалар бізге жақын арада жойқын, апатты жер сілкінісі болмайды деп айтуға мүмкіндік береді. Осы әлсіз жер сілкіністерінің арқасында жер қыртысында жинақталған кернеулер сыртқа шығып тұрады,– дейді институт директоры.
Әлем тәжірибесі көрсеткендей, жер сілкінісі кезінде тұрғындар көбіне зілзаладан емес, зілзала салдарында құлап, қираған ғимараттардан жапа шегеді. Сондықтан сейсмикалық аумақтарды нақтылап, сейсмикалық қағидалармен жұмыс істеген жағдайда мезгілсіз апаттың қаупін мейлінше сейілтуге болады екен. Бірі білсе, бірі білмес, өкінішке қарай, Сейсмология институты елдегі құрылыс сапасын қадағалай алмайды. Бұл шаруа Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының құзырында. Қош, бұл институттың да басшылығы бауырлас елдегі жағдайды көріп, білумен шектеліп қалмасы анық. Бұл – әрине, бөлек тақырып. Сондықтан әзірге тек Сейсмология институтының жүргізген зерттеулеріне назар аударғанымыз абзалырақ. Өйткені институттың мамандары хабарлағандай білінер-білінбес жер сілкіністері – сейсмикалық аймақтарда жиі байқалатын құбылыс. Әрі мұндай жағдайлар ғылыми тұрғыда жуықта жойқын жер сілкіністері бола қоймайды дегенді білдіреді.