• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 09 Мамыр, 2023

Он жетісінде от кешкен

228 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтанған от қазақ даласын да шарпып өтті. Кеңестік кезеңдегі ортақ мүдде жолында қазақтың ұл-қыздары да қолына қару алып, майданға аттанды. Әр секунды қауіп пен қатерге толы сын сағатта Отан үшін жауға қарсы ұмтылғандардың бірі – Дәуренбек Дүйсенов.

Ол 1925 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Ле­нин ауданына қарасты Жам­был ауылында өмірге келген. Ауыл мектебінде білім алған. Балғын балалық шағы тәтті бас­тал­ғанымен жасөспірім кезі ауыртпалыққа толы қасіретті ке­зеңге тұспа-тұс келді. 1942 жылы 17 жасқа толған сәтте Қы­зыл әскер қатарына шақы­ры­лады. Владивостокта оқу-жат­ты­ғу жиынына қатысқан. Содан кейін Беларусь майданына аттанады. Соғыс жағдайына байланысты әскери бөлімдері жиі ауысқан. 742-атқыштар полкінде, 45-атқыштар полкінде автоматшы, 6-атқыштар бри­­гадасының бригадир-автоматшысы болып әскери борышын өтеген. Бұл уақыт кеңес одағының фашист әскерімен жан алысып, жан берісіп жатқан кезі еді. Жас жігіт екі жыл қан майданда болып, жеңістің куәгері болады. Соғыстан кейін бірден үйіне қайтпай, әскери борышын өтеуді жалғастырады. 1945-1948 жылдары Суворов пен Кутузов бөлімінің 44-Қызыл тулы По­ло­цк мотоатқыштар құра­мында минометшы болып қыз­мет етеді.

1948 жылы елге келгеннен кейін көрші ауылдың Кәмен есімді қызымен шаңырақ кө­те­реді. Екеуі 5 бала тәрбиелеп, өсі­реді. Ауылда бухгал­тер­ліктен бастап бірнеше лауазымды қызметтер атқарады. Сондай-ақ туған жерінде ауыл шаруашылығымен шұғыл­данған. 1984-1986 жылдар аралығында Солтүстік Қазақ­стан облысы ІІБ ЕС-164/4 меке­месінде Мәскеу ауданына қарасты Горный ауылындағы орталық қойманың меңгерушісі болып еңбек етеді. ІІІ дәрежелі «Ерлігі үшін», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ ол «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін»  медальдарын иеленген. «Әкем нағыз патриот болатын. Соғыс туралы көп айтпаса да бірді-екілі оқиғаларын баяндап отыратын. Іске мығым, жауапты адам еді. Елге сыйлы, мәртебелі азаматтардың алды болатын», деп еске алады майдангердің ұлы, запастағы прапорщик Марат Дүйсенов.

Ал батырдың немересі, ефрейтор Рахат Дәуренбектің айтуынша, атасы «Қызыл Жұлдыз» орденіне де ұсынылыпты. Ол жауынгерді марапатқа ұсын­ған құжатты көрсетті. Онда «Дәуренбек Дүйсенов 1945 жыл­дың 17-18 ақпанында Мильзам ауданында орналасқан неміс қорғанысын талқандау кезін­де өз пулеметінен жаудың пуле­мет­шілері орналасқан нүктені жойып, қарсылас төрт фашистің көзін жойғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылады» деп жазылған.

Сондай-ақ құжатта Д.Дүй­сенов көзін жойған төртеудің  екеуі жау мергендері екені айтылған. Ол осылайша әскерінің лайықты позицияға орналасып алуына ықпал еткен. Құжатқа 346-жеке пулемет бригадасының командирі Рудич қол қойған. Сол жылдың жазында соғыс аяқталып, ұсыныстың жауабы белгісіз күйде қалған.

Cоғыс ардагерінің ұрпақтары арасында Рахат Дәуренбек Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп жүр. Ол әскер қа­тарында өзін жауапты әрі үл­гілі сарбаз ретінде көр­се­тіп, ефрейтор атағын алған. Ал майдангердің өмірлік жары Кәмен бүгінде Петропавл қала­сында тұрып жатыр

 

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

журналист