Қазақстанның шетелдегі дипломаттары Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
5 мамырда Будапештте Қазақстанның Мажарстандағы елшілігі Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 78 жылдығына орай Бостандық алаңында және қаланың орталық зиратында кеңестік азат етуші жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Жукевиль қаласында 8 мамырда Жеңіс күні қарсаңында Қазақстанның Франциядағы дипломаттары осы елді фашистік басқыншылардан азат ету жолында қаза тапқан қазақстандықтарды еске алып, тағзым етті. Гүл шоқтарын қою рәсімі 1995 жылы Тарн департаментінің Жукевиль коммунасында Қазақстан елшілігі орнатқан ескерткіштің жанында өтті. Бұл мемориал француз мемлекеті қорғайтын нысандар тізіміне енгізілген.
Сол күні Норвегияның Лиллехаммер қаласының маңындағы Йорстадмоен әскери зиратында Кеңес жауынгерінің ескерткішіне гүл қою рәсімі де өтті. Іс-шара 8 мамырда атап өтілетін Норвегияны азат ету күніне арналған. Рәсімге қазақстандық дипломаттар, Лиллехаммер қаласының мэрі Ингун Тросхолмен, сондай-ақ Йорстадмоен әскери базасының қолбасшылығы мен жергілікті қорғаныс гвардиясы қатысты. Мемориалда Қазақстан мен Норвегияның тулары көтерілді.
Санкт-Петербургте Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің 78 жылдығы қарсаңында дәстүр бойынша ҚР Бас консулдығының қызметкерлері Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ескерткіштеріне, сондай-ақ «Отан-Ана» монументіне және Ленинградты қорғаушылар – Қазақстан тумаларына арналған мемориалдық тақтайына гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.