Кеше футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы кездесуін тамашаладық. Бұл бәсекеде Мадридтің «Реалы» мен «Манчестер Сити» клубтары күш сынасты.
Әйгілі «Сантьяго Бернабеу» стадионындағы матчты 63 485 көрермен тамашалады. Ойын тізгінін бірден қолға алған қонақтар жиі-жиі шабуылдады. Әсіресе Кевин Де Брёйне мен Родриго Эрнандестің тепкен соққылары өте қауіпті болды. Екеуін де Тибо Куртуа бұрыштан әзер алып шықты. «Реал» қарымта шабуылдарға ғана жүгінді. Осы көрініс жарты сағатқа дейін жалғасты. Десек те алғашқы голды соғу бақыты алаң иелеріне бұйырды. 36-минутта Эдуард Камавингадан әдемі пас алған Винисиус Жуниор айып алаңына жақындаған тұста допты қақырата теуіп, нысанаға дөп түсірді – 1:0.
Үзілістен кейін де «Реал» қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Ұлыбританиялық клубтың ойыншыларына өз-өздеріне келу үшін біраз уақыт қажет болды. Алайда олар көздеген мақсаттарына қол жеткізді. 67-минутта Кевин Де Брёйненің алыстан бағыттаған добы қақпа торынан табылды – 1:1. Жасыл алаңдағы «жан алысып, жан беріскен» айқас одан кейін де жалғасты. Бірақ таблодағы есеп өзгерген жоқ.