Катардың бас шаһары – Дохада өтіп жатқан дзюдошылардың әлем чемпионаты бел ортаға таяды. Қазірдің өзінде алты салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі белгілі. Өкінішке қарай, бағы жанған балуандардың қатарында Қазақстанның бірде-бір өкілі жоқ.
Аталған жарыста басты үміт 60 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Елдос Сметовке артылған еді. Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем мен Азия чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген дардай атағы бар қазақтың атақты дзюдошысы тұсаукесер белдесуінде жеңіске жетіп, келесі кезеңде Дильшодбек Батаровпен белдесті. 25 жастағы Өзбекстанның өкілі осы күнге дейін ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алмаған еді. Соған қарамастан әйгілі қарсыласымен еш қаймықпай айқасқан Батаров шешуші тұста Сметовті сан соқтырып кетті.
Елдосқа қарағанда Нұрқанат Серікбаев тәуір өнер көрсетті. Алғашында молдовалық Александру Тирсинді тізе бүктірген ол іле-шала Олимпиаданың күміс жүлдегері, әлемдік рейтингтің көшбасшысы, тайпейлік Ян Юнвэйді жолынан ығыстырды. Бұл нәтиже сенсацияға баланды. Одан кейін Нұрқанаттың жолы Токио Олимпиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы, жапониялық Наохиса Такатомен қиысты. Жапонияның жұлдызына жерлесіміздің әлі жетпеді. Жұбаныш белдесуде грузиялық Георгий Сардалашвилиден ұтылған Серікбаев жетінші орынды қанағат тұтты.
66 кг салмақтағы Оңтүстік Кореяның оғыланы, Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Ан Баул еліміздің тағы бір белді балуаны Ғұсман Қырғызбаевты үшінші айналымда тоқтатты. 73 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Жансай Смағұлов алғашқы белдесуінде жеңілсе, Данияр Шамшаев екінші кезеңде әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, италиялық Мануэл Ломбардоның осал тұсын таба алмады.
Әйелдерге келер болсақ, 48 кг салмақтағы Әбиба Әбужақынованың Дохада жеңіс тұғырына көтерілуіне жақсы мүмкіндігі болды. Соңғы кездері айқышты өнерімен көзге түсіп жүрген қазақтың қайсар қызы израильдік Тамар Малка, моңғолиялық Баасанху Бавудорж және сербиялық Милица Николичті ұтып, өз жанкүйелерін бір қуантқан еді. Бірақ одан әріге оның әлі жетпеді. Жартылай финалда Әбиба Еуропаның екі дүркін чемпионы франциялық Ширин Боуклиге жол берді. Қола медаль үшін тартыста жерлесіміз италиялық Ассунта Скуттоны жеңе алмады. Нәтижесінде, биылғы жылғы әлемдік доданы Әбужақынова бесінші орынмен қорытындылады. Әзірге бұл – Қазақстан дзюдошылары арасындағы ең тәуір нәтиже. Ал өзге бұрымдыларымыз көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері
(Ерлер)
60 кг: 1. Франциско Гарригос (Испания), 2. Дильшодбек Батаров (Өзбекстан), 3. Георгий Сардалашвили (Грузия) мен Ли Харим (Оңтүстік Корея).
66 кг: 1. Хифуми Абе (Жапония), 2. Дзёсиро Маруяма (Жапония), 3. Ёндонпэрэнлэйн Басху (Моңғолия) мен Валид Хияр (Франция).
73 кг: 1. Нилс Стумп (Швейцария), 2. Мануэл Ломбардо (Италия), 3. Соити Хасимото (Жапония) мен Муроджон Юлдашев (Өзбекстан).
(Әйелдер)
48 кг: 1. Нацуми Цунода (Жапония), 2. Ширин Букли (Франция), 3. Вакана Кога (Жапония) мен Ассунта Скутто (Италия).
52 кг: 1. Ута Абэ (Жапония), 2. Диёра Келдиёрова (Өзбекстан), 3. Амандин Бушар (Франция) мен Одетте Джуффрида (Италия).
57 кг: 1. Криста Дегучи (Канада), 2. Харука Фунакубо (Жапония), 3. Енхурлен Лхагвтаго (Жапония) мен Джесика Климкайт (Канада).