Алдағы жұма күні шайбалы хоккейден әлем чемпионаты басталады. 28 мамырға дейін созылатын байрақты бәсеке Финляндияның Тампере және Латвияның Рига қалаларында өтеді. Аталған жарыста ең үздік 16 команда бақ сынайды.
В тобында өнер көрсететін Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін 13 мамырда Норвегиямен өткізеді. Одан кейін Чехия (14 мамыр), Швейцария (16 мамыр), Канада (17 мамыр), Словакия (19 мамыр), Латвия (20 мамыр) және Словениямен (22 мамыр) сайысқа түседі. Осы топтағы ойындардың барлығы да Латвияның астанасындағы
10 300 көрерменге есептелген «Арена Ригада» өтеді. Ал А тобында Финляндия, АҚШ, Швеция, Германия, Дания, Франция, Аустрия және Мажарстан хоккейшілері шеберлік байқасады. Олар Тампередегі «Нокиа Аренада» бақ сынайды.
Топтық турнир 23 мамырда өз мәресіне жетеді. Содан кейін үздік сегіз команда плей-офф кезеңінде жолығады. Ширек финалдық сайыстар 25 мамырда өтсе, екі күннен кейін жартылай финалды тамашалаймыз. Ал 28 мамырда жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталады.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр да әлем чемпионатының жалауы Финляндияда желбіреген еді. Ол кезде бәсекелер Хельсинки мен Тампереде өтті. Чемпионаттың қорытындысы бойынша бас жүлде жарыс қожайындарына бұйырды. Суоми елінің өкілдері финалда Канаданы 4:3 есебімен ұтты. Қола медаль үшін тартыста Чехия АҚШ-ты 8:4 есебімен жеңді. Сол дүбірлі додада Қазақстан өз тобында жетінші және жалпы есепте 14-сатыны қанағат тұтып, элиталы топтағы орнын сақтап қалған еді.