• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Мамыр, 2023

Ардагерлерге құрмет

282 рет
көрсетілді

Жеңіс күніне орай, Қорғаныс министрлігі өңірлік гарнизондарының әскери қызметшілері көзі тірі соғыс ардагерлерінің шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыстады.

Елордамыздағы Екін­ші­ дүние­жүзілік соғыс жауын­гер­леріне арналған монументалды кешенге гүл шоқтарын қою рәсіміне Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты. Қаза тапқан батырлар ерлігіне құрмет көрсету үшін монументке Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштер мен соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері келді. Іс-шараға қатысушылар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Рәсім соңында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов жиналғандарды Жеңіс күнімен құттықтады.

– Бұл мереке – әлемді фашизмнен қорғап қалған аға буынның ерлігін еске алып, ризашылық білдіретін күн. Бүгінгі ұрпақ бейбітшіліктің қадірін сезініп, бірлік пен ынтымақты сақтауға үлесін қосса, ел ертеңі жарқын, келешегіміз кемел болары сөзсіз, – деді министр.

Қазір елімізде 222 соғыс арда­ге­рі бар болса, солардың 9-ы Тараз қаласында тұрады. Мереке қарсаңында өңірлік гарнизон қызметшілері әрбір ардагердің үйіне барып, сый-сыяпаттарын табыстады. Олардың шаңырақтарына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те бас сұқты.

Бүгінде майдангерлердің бәрі де ғасыр жасаған ата-әжелер. Соғыс басталғанда кәмелет жасына, яғни 18-ге толған боз­бала­лардың өзі биыл 100-ге келе­ді екен. Солардың бірі – Қара­ған­ды қаласында тұратын 97 жас­та­ғы Исмагил Галиуллин. Ол май­данда әйгілі Т-34 танкісін айдаған. Құттықтай келген Қара­ғанды гарнизонының әскері қыз­метшілеріне майдангер 2014 жылы «Спасск» полигонына барғаны жайында айтып берді. Сол кездің өзінде оның жасы 88-де келіп қалса да, қазіргі Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Сұлтан Камалетдиновпен бірге Т-72Б танкісіне отырып, жүргізу нормативтерін «өте жақсы» деген бағаға орындағанын еске алды.

Қонаев қаласында жасы 103-ке­­ қараған Оксана Бетебаева есімді ардагер тұрады. Бүгінде қаланың құрметті азаматы. Ол 1941 жылы 20 жасында өз еркімен әскер қатарына сұранып, Шуя қаласының әскери госпиталінде еңбек етіпті. Қонаев гарнизоны әскери полиция бөлімінің әскери қызметшілері оның шаңырағына арнайы барып, мерекемен құт­тықтап қайтты.

Алматы қаласында тұратын 102 жастағы Адиш Әбдірайымов та бұл күні құрметтен кенде қал­ған жоқ. Арда­гер­ 9 мамырда­ дү­ние­ге келген.­ Майданға аттанған ол тұтқынға түсіп, Гер­маниядағы «Нойенгамме» конц­ла­герінде отырған. Алматы облы­сы­ Қарасай ауданы қорғаныс іс­те­рі жөніндегі бөлімінің әскери қыз­мет­шілері ардагерді туған күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.

18 жасында өз еркімен май­данға аттанған өскемендік Евгений Федорович И.В. Панфилов атын­дағы 8-гвардиялық атқыштар диви­зия­сының құрамында со­ғыс­­қан. Фашизмді жеңуге өз үлесін қосқан арда­герді Өскемен гарнизонының әскери қызметшілері арнайы барып құттықтады.

Ал Қорғаныс министрлігінің Гвардейск гарнизонында Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған сал­танатты жиында аты аңызға айнал­ған қолбасшы Бауыржан Момыш­ұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова қонақта болды. Ол әскери қызметшілер алдында сөз сөйлеп, бейбітшіліктің қадірі, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары жайында сөз сөйледі.