• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Пікір 10 Мамыр, 2023

Мемлекеттік деңгейдегі парадокс

692 рет
көрсетілді

Таяуда Қызылжар өңіріндегі бір аудандық мәслихат өзінің интернет-сайтында жергілікті депутатқа ағасының «кенеттен жоғалғанына» байланысты көңіл айту жариялады. «Бұл не қылған «жоғалу?» деп таңғалып, көңіл айтудың орыс тіліндегі мәтініне көз жүгіртсек, онда «с внезапной утратой» деп жазылған екен. Осы өрескел қателік әлеуметтік желіде өткір сыналған соң ғана түзетілді.

Мұны Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі «Бізде бәрі тамаша» деген сыңай­мен былтыр өңірдің Тілдерді дамыту басқармасын жауып тастағандығының «нәти­жесінің» бірі десек, қателеспеспіз. Өйт­кені жергілікті мемлекеттік қызметшілер өздеріне іс-қағаздарын екі тілде жүргізу жөніндегі талап әлсірегенін сезген соң, орыс тіліндегі мәтіндерді қазақ тіліне әлеуметтік желінің аударма қызметі арқылы аударуды жеткілікті санап, мемлекеттік тілді меңгеруге мән беруді доғарған секілді. Олар тіпті қазақ мектептеріне де құжаттарды орыс тілінде жолдауға көшіпті.

Әділін айтсақ, мемлекеттік тіл жалғыз Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, бүкіл мемлекеттік қызмет саласында орыс тілінің көлеңкесінде қалып, кемсітіліп отыр. Сол себепті жуырда Парламент Мәжілісінің Самат Мұсабаев бастаған бір топ депутаты Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне депутаттық сауал жолдап, онда мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидаларында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тестілеуден өту үшін мән белгіленбейді» деп жазылғанын сынады. 

«Б» корпусының мемлекеттік қызметке өту сынағында 9 нормативтік-құқықтық акт бойынша қамтылған 130 сұрақтың белгілі бір межесі көрсетілген. Ал мемлекеттік тілден өту межесі айқындалмаған. Бұл мемлекеттік тілге деген құрметтің мүлдем жоқтығын көрсетеді. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді меңгермей-ақ мемлекеттік қызметші атануға болса, оны тест сұрақ­тарына қосып, кімді алдап жүрміз? Бізге түсініксізі – мемлекеттік қызметке қабылданған азаматтарға берілетін сертификатта «Үміткер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден сәтті өтті» деп жазылады. Бұл анық көзбояушылық емес пе? Осыған орай, біздің ұсынысымыз – мемлекеттік қызметке қабылдау кезіндегі тестілеуде қазақ тілі есепке алынып, үміткер мемлекеттік тілден 100 пайыз оң нәтиже көрсетуі керек деген норма енгізілсін», депті мәжілісмендер. Жөн-ақ!

Ал осы депутаттық сауалға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі берген жауаппен таныссақ, қазекемнің «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деген сөзі еріксіз еске түседі. Себебі онда «Қазір­гі уақытта мемлекеттік лауазымдарға үміт­керлер үшін мемлекеттік тілді мең­геру деңгейі бойынша талап жоқ. Өйт­кені мәселе заңнамалық деңгейде реттелмеген» делінген. Дегенмен аталған агенттік «мем­лекеттік қызметте мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында кешенді шараларды жүзеге асырып отырғанын», яғни былтырдан бастап Қазақстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына жоғары оқудан кейінгі білім алушы үміткерлерге мемлекеттік тілді орта деңгейден (В1) төмен емес білуі бойынша сертификаттарының болуы туралы талап енгізілгенін, ал биылғы жылы үшінші рет ұйымдастырылуы жоспарланып отырған Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезінде мемлекеттік тілді білу негізгі талап ретінде бекітілгенін мақтана айтыпты. Алайда мұндай мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігін қамтымайтын ауқымы шектеулі шаралар мемлекеттік тілдің көсе­гесін көгертуі екіталай. Бұл ретте көпте­ген елде, соның ішінде көршілес Ресей Феде­рациясында да мемлекеттік қызметке тек мемлекеттік тілді білетін азаматтар алына­тындығын неге ескермеске?   

Ұзын сөздің қысқасы, еліміздің «Қазақ­стан» атауының өзі сана-сезімі, ар-ұяты бар азаматтарды қазақ тілін меңгеруді міндеттеуге тиіс бола тұра, өзгелерге өнеге көрсетеді деген мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білмеуі – мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік деңгейдегі парадокс. Сондықтан да Мәжіліс депутаттары енді «атқа жемді өздері салғандай» іс-қимылға көшіп, қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету енгізу бастамасын өз қолдарына алса игі.