Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін ішкі істер органдарында ішкі жүйелікті қайта құру туралы» тақырыбында брифинг өтті.
Іс-шарада баяндама жасаған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Қожаев Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттердің басым бағыттарын жүзеге асыру аясында ішкі істер органдарында ішкі жүйелікті қайта құру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
«Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ең басты бағыттардың бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ішкі істер министрлігі – елдегі ең ірі және жұмыс бағыты ауқымды құқық қорғау органы. Елімізде тіркелетін барлық қылмыстық істердің – 96, ал әкімшілік өндірістің 97 пайызын ішкі істер органдары жүргізеді. Оған қоса, мемлекеттік қызметтердің 39 түрі бойынша жыл сайын 10 миллионнан астам қызмет көрсетеді. Яғни халықпен ең жиі және тығыз жұмыс істейтін орган – ол полиция», деген министрдің бірінші орынбасары бүгінде ел полициясы заманауи сервистік модельге көшіп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, заманауи сервистік модельдің негізгі қағидаларына заңдылық, жан-жақтылық, әдептілік, хабардарлық және жеделдік жатады. Бұл мәселелер Қоғаммен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасында көзделген. Құжаттың басты ерекшелігі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жинақталған жүйелі проблемалардың себебін жою.
Марат Қожаев стратегиялық құжаттың негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Соның бірі – ішкі істер органдары жұмысын цифрландыруды жалғастыру. Оның айтуынша, кейінгі жылдары тәртіп сақшыларына көліктерді себепсіз тоқтатуға тыйым салынды. Бірақ оның орнына басқа ешқандай шаралар енгізілген жоқ. Соның салдарынан жол ережесін өрескел бұзатын көлік жүргізушілерінің қатары артқан.
– Жол қозғалысын қадағалау үдерістерін цифрландырып жатырмыз. Атап айтқанда, ереже бұзу фактілерін анықтайтын автоматты жүйелерді көбейттік. Бүгінде олардың саны 18 мыңнан асады. Өткен жылдың өзінде олар 4 миллионнан астам заң бұзушылықты анықтады. Мұндай камералар жүргізушілерді тәртіпке келтіріп жатыр, – деді ол.
Бұдан бөлек, министрдің бірінші орынбасары қылмыстық істерді цифрландыру, ІІО авто-шаруашылықтарын жаңарту, модульді посттар орнату, полиция қызметкерлерін әлеуметтік қорғау секілді өзекті мәселелерге тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.