• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2014

БРЮССЕЛЬДІҢ СИМВОЛЫ

449 рет
көрсетілді

Бельгия астанасындағы Atomium (Атомиум) ғимараты Брюссель символдарының бірі болып табылады. Оның құрылысы 1958 жылы осы қалада Бүкіләлемдік көрме (ЭКСПО) ашылардың қарсаңында салынған. Кешеннің жобасын архитектор Андре Ватеркейн жасаған. Ол атом ғасырының символы және оның энергиясын бейбіт мақсатқа жұмсау лозунгісі ретінде өмірге келген. Кешеннің құрылысы Андре және Мишель Полак бастаған архитекторлардың басшылығымен жүргізілген.

Басында қалайы қоспасымен көмкеріле жасалған құрылыс 2006 жылы ақпанда күрделі жөндеу жасалғаннан кейін болат қаптамамен алмастырылған. Ол 165 миллиард есе ұлғайтылған пішіндегі темірдің кристалл фрагменті кубына біріктірілген тоғыз атомнан тұрады. Атомиумның биіктігі 102 метр болса, салмағы 2400 тоннаға жуық, ал әрбір тоғыз сфераның диаметрі 18 метрді құрайды. Бұл сфералардың алтауы келушілерді қабылдай алады. Сфералар өзара ұзындығы 23 метрлік тұрбалармен жалғасқан. Бұлардың ортасында эскалаторлар мен жалғаушы дәліздер орналасқан. Шарлар арасына барлығы 20 жалғаушы тұрбалар тартылған. Олардың ортасындағы бөлігінде келушілерді 25 секундта кешеннің ең басындағы ресторан мен панорамалы платформаға жеткізетін лифт бар. «Атомиумның» сырттағы ауласында Еуропа елдеріндегі белгілі ғимараттардың кішкентай көшірмелері қойылған «Мини-Еуропа» атты ашық аспан астындағы саябақ-көрме орналасқан. Біз Брюссельде болған үш күніміздің екіншісінде осы «Атомиум» мен «Мини-Еуропа» көрмесін аралап көрдік. «Атомиум» біздің «Бәйтерекке», ал «Мини-Еуропа» алаңы «Атамекенге» қатты ұқсайды екен. Бұлардың алдыңғысының ұшар басындағы платформадан Брюссель алақанда тұрғандай әсер береді. Айтары жоқ, кешеннің маңы ағашқа тұнған саябаққа толы екен. Жалпы, қала бұл жерден тіпті әдемі болып көрінеді. Серік Пірназар.