Бұл күндері Апеннин түбегінде велошабандоздардың «Джиро д’Италия» көпкүндігі өтіп жатыр. Кеше бесінші кезең өз мәресіне жетті.
Атрипальда мен Салерно қалалары аралығын жалғастырып жатқан 171 шақырымдық қашықтықта Аустралияның жүйірігі Кэйден Гровс (Alpecin-Deceuninck) шашасына шаң жұқтырмады. Ол мәре сызығын 4 сағат 30 минут 19 секундта қиып өтті. Екінші және үшінші орындарды италиялық Джонатан Милан (Bahrain - Victorious) мен даниялық Мадс Педерсен (Trek - Segafredo) иеленді. «Астананың» сапында өнер көрсетіп жүрген ұлыбританиялық Марк Кавендиш төртінші сатыға табан тіреді.
Ал жалпы есепте норвегиялық Андреас Лекнессунд (Team DSM) жеке-дара көш бастап тұр. Оны бельгиялық Ремко Эвенепул (Soudal-Quick Step) мен франциялық Орельен Паре-Пинтре (AG2R Citroën Team) өкшелеп келеді. «Астана» клубы мүшелері арасында ең үздік нәтиже Симоне Веласкоға тиесілі. Ол әзірше 29-орында.