Дзюдодан Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатының төртінші күні тағы екі салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Өкінішке қарай, ел намысын қорғаған Абылайхан Жұбаназар мен Есмигүл Куюлова ел сенімін ақтай алмады.
81 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Абылайхан Жұбаназар алғашқы айналымда португалиялық Жоао Фернандоның аяғын көктен келтірді. Келесі кезеңде оның бразилиялық Эдуардо Юдиді де ұтатынына біздің күмәніміз жоқ еді. Өйткені бәсеке барысында қарсыласы екі шидо алды. Ал дзюдо күресінің ережесі бойынша үш ескерту алған балуан автоматты түрде жеңілген болып есептеледі. Алайда шешуші тұста салқынқандылық сақтағанның орнына жанұшыра алға ұмтылған қандасымыз өрескел қателікке бой алдырды. Юди бұл мүмкіндікті қалт жібермей, оны иппонға түсірді. Сөйтіп Абылайхан жарыс жолынан шығып қалды.
Бұл салмақта Тато Григалашвилиге тең келер ешкім табылмады. Былтыр әлем және Еуропа чемпионаттарын қатарынан бірінен кейін бірін ұтқан Грузияның саңлағы финалда Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы бельгиялық Маттиас Кассені қапы қалдырды. Жапониялық Таканори Нагасе мен оңтүстіккореялық Ли Жонхван қола медаль иеленді.
63 кило салмақтағы Есмигүл Куюлова тұсаукесер кездесуінде тым мықты қарсыласқа тап болды. Ресейлік Камила Бадуова 2018 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленіп, Дүниежүзілік универсиадада екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. Дүниежүзілік әскерилер ойындарында күміспен күптеліп, Қарулы күштер арасындағы әлем біріншілігінде қолаға қол созды. Бұл белдесуде Бадуова айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Әйелдер арасындағы жарыста Кларисс Агбеньену алдына жан салмады. Бұл нәтижеге жанкүйерлер аса таңдана қойған жоқ. Себебі Рио және Токио Олимпиадаларында тиісінше күміс пен алтын алып, әлемнің алты дүркін чемпионы атанған 30 жастағы Франция дзюдошысының қарқынына төтеп бере алатын дзюдошы кемде-кем. Агбеньену ақтық сында словениялық Андрея Лешкиді сан соқтырды. Мажарстандық Софи Озбас пен нидерландтық Джоанн ван Лисхаут үшінші сатыға табан тіреді.