• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Банк 12 Мамыр, 2023

Борышы өтелмеген банктер

293 рет
көрсетілді

Соңғы кезде мемлекеттен қаржылай көмек алған екінші деңгейлі банктерге қатысты мәселе күшейе түсті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазір мемлекет қолдауын алған деп алты банктің аты аталып отыр. 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына қатысқан «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank (көмек АТФБанк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нұрбанк», Halyk Bank және Bank RBK, бәрі жиылып жалпы сомасы 700,5 млрд теңге алған. Ұлттық Банктің отандық тұрақтылық қоры жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға шығарылған банк акцияларына айырбасталатын реттелген облигацияларды сатып алды. Сондай-ақ акционерлер тікелей қолма-қол ақшаны енгізу арқылы – 401,5 млрд теңге, банктегі операциялық пайданы сақтау арқылы 977,3 млрд теңге көлемінде қосымша капиталдандыруды жүзеге асырған.

Қаржылық орнықтылықты арттыру бағ­дарламасынан бөлек мемлекет ірі және жүйе қалыптастырушы банктерге де қол­дау көрсеткен. Агенттік дерегі бо­йынша 2017 жылдан бері 6,9 трлн теңгенің «нашар» несиелері есептен шығарылған. 8 төлем қабілеті жоқ екінші деңгейлі банк­тен лицензия қайтарылған. Стрестік актив мөлшері 7,7-ден 2,3 трлн теңгеге дейін қысқарған. Проблемалық несие портфелі бо­­йынша 982,4 млрд теңгеге провизия қалыптасқан. Төлен­бегеніне 90 күннен асқан несие деңгейі 12,3-тен (2017 жылғы) 3,3 пайызға (2021 жылғы) төмен­деген.

Мемлекет қолдауын алған 6 банк 8,267 трлн теңгеге жаңа займ берген. Соның 4,01 трлн теңгесі – заң­ды тұлғаларға, 4,257 трлн теңгесі жеке тұл­ғаларға ұсы­нылған. Қазір атал­ған 6 банктің енші­сін­де 1,8 трлн теңге көле­мін­де мемлекет қаржысы әлі бар. Сауық­тыру бағ­дар­лама­сына «Еура­зия­лық банк», «Нұр­банк» және «Банк Центр­Кредит» қаты­су­ды жалғас­ты­рып жатыр.

«Мемлекеттік қолдау дегеніміз – банк­­тің депо­зиттер, облигациялар, несиелер бойынша банкке оны қайтарып алу үшін келесі көздерден тиімді шарттарда беретін міндеттемелері: мемлекеттік бюджет, Ұлт­тық қор, Ұлттық банк, Қа­зақстанның тұрақ­ты даму қоры, сон­дай-ақ квази­мем­лекеттік сектор субъек­­­тілерінің қаражаты. Сондай-ақ эко­­­­­­номиканы несиелеу бо­йынша мем­ле­­кеттік бағдарламалар, оның ішінде экономиканың түрлі салала­рын­дағы кәсіпкерлік субъектілер, ипоте­ка­лық тұрғын үй займдарын қайта қаржы­лан­дыру аясында алынған қаражат мем­ле­кеттік қарыз қаражаты болып есеп­тел­мей­ді. Дивидендтерді бөлу мем­­­ле­кет­тік қолдау арқылы алынған кіріс­терге жатпайды. Банктер дивиденд ретінде тек мемлекеттік қол­дау­дан түсетін кірістен тазартылған опе­ра­ция­лық пайданы бөле алады. Бұл ретте банктердің дивидендті мемлекеттік қолдаудан дисконт (кіріс) шегерілгеннен кейін оң капитал болған жағдайда ғана төлей алатынын ескеру керек», дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Бұл ретте 2014 жылы Forte Bank-ке қолдау көрсету кезінде мемлекеттік бюд­жет­тің, Ұлттық қордың, Ұлттық банктің немесе оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылмаған. Сондықтан қазіргі заң талабы бұл банкке қатысты емес. Банктің басқарма төрағасы Бекжан Пірматовтың айтуынша, қаржы институты мемлекеттік бюджеттің де, Ұлттық қордың да қаражатын пайдаланған емес.

«Банктің бұрынғы акционері – «Самұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2015 жылы өз үлесін Болат Өте­мұ­ратовқа са­тып несие ұйымы акционерлер құра­мы­нан шығып кетті. 2014 жылы соңғы қайта құрылымдау шарты бойынша қор Forte Bank-те реттелген депозитті орналастыруы, тиісінше ол депозит 2024 жылға де­йін­гі капиталда ескерілуге тиіс болды. Бұл банктің орнықтылығын күшейту үшін ж­а­салды. Қаражатты орналастырғаннан кейін төрт жылдан соң көлемі 220 млрд теңге болатын бұл депозит 2024 жылға дейін өтеу мерзімімен Forte облигациясына кон­вертацияланды. Сосын бұл капитал қалып­тастырушы депозитті Forte 2018 жылы мерзімінен бұрын өтеді. Бұдан кейін «Са­мұрық-Қазына» құрамына кіретін ком­па­ниялармен басқа мәміле болды», деді Пірматов.

Несие ұйымы 2018 жылы әділ құны 75, 75 және 71 млрд теңге болған «Самұрық-Қазына», «Қазақстан Темір Жолы» және «ҚазАтомПром» облигацияларын сатып алған.

«Біз бұл ақшаны өзімізде қалдырмай, әлгі компанияларға кредит есебінде қайта­рып бердік. Бұл мәміле олар үшін де, біз үшін де қызықты болды. Коммерциялық мәміле деп айта аламыз, ол жерде мемле­кет­тік бюджет немесе Ұлттық қор қар­жы­сын пайдалану болған жоқ. Сондай-ақ бұл қаржылық сауықтыру үшін алынған жоқ. Таза несиелеу мақсатында алынды», дейді банк басшысы.

Осылайша, өзге алты банк мемлекет алдында ресми борышты болып саналады және қарызды қайтаруды бекітілген тәртіп бойынша іске асырады. Биыл қаң­тарда агенттік мемлекет көмегін алған банк­тер­дің дивиденд төлеуін шек­тей­тін заң жобасын орналастырған еді. Осы­дан соң жеті айдан кейін агенттік төра­ға­сының орынбасары Олжас Қизатов атал­ған шек­теу­дің 7 екінші деңгейлі банк­ке қатыс­ты екенін айтқан. Алайда ке­йі­нірек тізімге 6 банктің ғана кіргені мә­лім болды.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктер мемлекеттен алған ақшасын бірден қайтарып тастай алмайды.

«Реттелген облигацияларға мем­лекеттік қолдау қаражаты (шығаруды тек қана кредиттік ұйымдар жүзеге асыру­ға құқылы эмиссиялық бағалы қағаздар) банктің қаржылық орнықтылығы және жұмыс істемейтін займдар бойынша про­визия қалыптастыру үшін берілді. Сол себепті ақшаны бір сәтте қайтару банктердің орнықтылығы үшін үлкен тәуекел тудыруы мүмкін. Барлық банк­тер қалыптасқан капитал қорын ескере отырып, мерзімінен бұрын кесте бойынша қайтара алатын мемлекеттік қолдау мөлшерін дербес айқындайтын болады», деп түсіндірді агенттік төрағасы.

Осы ретте агенттік банктерге қатыс­ты 4 талап енгізіп отыр. Бірінші талап бо­йынша қаржы институттары мемлекеттік қолдау құралдары арқылы түскен табыс­тан дивиденд бере алмайды. Екінші талап бойынша мемлекеттік қолдаудан жеңілдікті немесе кірісті шегергеннен кейін оң капиталдың болуы ескеріледі. Үшін­ші талап бойынша банктер мемле­кет­тік қолдауды мерзімінен бұрын қай­та­ру­ға міндетті, бұл ретте қайтарым сомасы төленген дивидендтерге пропорционалды түрде есептелетін болады – дивидендтер сомасының кемінде 10% және 66%-ынан аспауға тиіс. Төртіншіден, төленген дивиденд көлемін тәуелсіз аудиторлар міндетті түрде растауға тиіс. Мемлекет қолдауын алып және қолдауын алмай түскен табыстың ара-жігін анықтау да қиын емес көрінеді.

«Кез келген банктің қаржылық есеп­тілігінде бәрі анық жазылады: опера­ция­лық қызметтен түскен кіріс, займ беруден түскен кіріс, түрлі қаржылық құрал­дар­дан түскен табыс деген сияқты. Соның ішінде қай кірістің мемлекеттік қолдау құ­ралдарынан түскені де көрініп тұрады», дейді агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.

Бекітіліп отырған тәртіп бойынша ка­пи­талдағы мемлекеттік қолдаудан түс­кен кіріс мөлшері төмен банктер үшін жыл сайын мемлекетке қайтаратын сома тө­ленген дивиденд сомасының 10 па­йы­­зынан кем болмауы керек. Ал егер капи­тал­­дағы мемлекеттік қолдау кірісінің мөл­ше­рі айтарлықтай болса, жыл сайынғы қай­таратын сомасы кемінде 66 пайыз болып белгіленеді.