Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан «Толеранттылық үшін дүниежүзілік үкіметтердің инкубаторы» атты форум аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесті.
Ақсақалдар кеңесі – тәуелсіз халықаралық ұйым. 2014 жылы құрылған институт мұсылман қауымдастығына бейбітшілік пен келісім құндылықтарын насихаттайды.
Кеңестің офисінде өткен жүздесуде Дархан Қыдырәлі әріптесіне форумға шақырғаны үшін алғыс айтып, конфессияаралық келісім мен диалогті дамыту мәселелерінде халықаралық ұйымдар маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар министр Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі Декларациясының мазмұндық маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, бұл құжатты ілгерілетуде Кеңес рөлінің ерекше боларына сенетінін мәлімдеді.
Елімізде Мұсылман ақсақалдар кеңесінің өкілдігін ашу жұмыстары талқыланып жатыр. Аталған өкілдік аймақтағы толеранттылық пен бейбітшілікті насихаттауға өз үлесін қоспақ. Мұхаммед Әбделсалам Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық қатынастағы жұмыстарына жоғары баға беріп, бұл салада ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін білдірді. Кездесу қорытындысында Дархан Қыдырәлі Мұхаммед Әбделсаламды Астанада өтетін Халықаралық волонтерлер форумына шақырды.
Бұдан бөлек, Дархан Қыдырәлі Әбу Дабидегі «Хедая» орталығының атқарушы директоры Ахмед әл-Қасимимен кездесті. 2012 жылы ашылған халықаралық орталық экстремизм және терроризммен күрес бағытындағы зертеу жұмыстарымен және оңалтумен айналысады.
Дархан Қыдырәлі министрлік пен «Хедая» орталығы арасындағы байланыстың одан әрі нығая беретінін жеткізді. Қазіргі уақыттағы зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимыл саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.