Жайық өзені жағасында тұрғындарға арзан балық сатыла бастады
Атырауда алғаш рет Жайық өзенінде жүзбелі сауда нүктесі ашылып, балық пен балық өнімдерін ұсына бастады. Өңір жұртшылығына арзан бағамен «су маржанын» сатуға «Амангелді» өндірістік кооперативі оң қадам жасап отыр. Балық аулап, бірнеше түрлі балық өнімдерін шығаратын кооператив басшысы Мұрат Әмірғалиевтің айтуынша, тірі балық түрлерін сатуға «Казахрыбхоз» қауымдастығы ұсыныс жасапты. Бұл ұсынысқа жергілікті әкімдік қолдау білдіріпті.
Жайық өзені үстіндегі жүзбелі сауда нүктесі таңғы сағат 10-нан кешке дейін жұмыс жасайды. Мұнда сатылатын балықтың бағасы қала базарларындағыдан әлдеқайда, тіпті екі есеге жуық арзан деуге болады. Мәселен, тірі сазанның бір килосы 300 теңгеден саудаланады. Тірі балықтың түріне қарай баға да әртүрлі, ең арзаны 80 теңге болса, ең қымбатының бағасы 350 тұрады. Бұған тұрғындар да ризашылығын алғашқы күннен білдіре бастады.
– Базардағы балықты 500 теңгеден алып жүрсем, енді сондай балықты 250 теңгеге сатып алдым. Бағасы арзан, базардағыдай емес, шоршып жатқан тірі балықтың дәмі де өзгеше болады, – дейді қала тұрғыны Қарашаш Ахметжанова. – Ең бастысы, қай кезде келсең де мұнда қалаған балығыңды алуға таңдау бар.
«Амангелді» өндірістік кооперативі тек ірі балықты ғана сатпайды. Сонымен бірге, кептірілген, ысталған балық өнімдерін қосқанда, «су маржанының» жиырмадан астам түрін ұсынады. Мұндай балық өнімдерінің бағасы базардағыдай емес, жұртшылық көңілінен шығып отыр. «Жақын арада тағы да осындай екі жүзбелі сауда нүктесін ашу жоспарымызда бар. Өйткені, алғашқы күннен тірі балықтарға, сондай-ақ, балық өнімдеріне сұраныстың молдығына көзіміз жетті», дейді кооператив басшысы Мұрат Әмірғалиев.
Сұраныс демекші, аталған кооперативтің жүзбелі сауда нүктесінде бір күнде 3 тоннаға жуық тірі балық түрлері сатылды. Айтпақшы, тұтынушыға делдалсыз «су маржанын» ұсынған өндірістік кооператив басшылығы енді балықтан тез тағам түрлерін дайындайтын шағын кафелер ашуды қолға алғалы отыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
Суреттерді түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.