• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2014

Боксшылардың биігі жүлдемен өлшенеді

202 рет
көрсетілді

Алматыда бокстан ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы IV халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 4 күміс және 6 қола медаль иеленіп, командалық есепте турнир жеңімпазы атанды. Бұл бәсекеде біздің боксшылар арасында алғашқы жүлдені 49 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Біржан Жақыпов жеңіп алды. Ол  финалда өзбекстандық Хасанбай Дусматовпен  кездесіп, қарсыласын 2:1 есебімен ұтты. Сөйтіп, Біржан осы жеңісінен кейін турнирдің үш дүркін жеңімпазы атанды. Келесі 52 кило салмақ дәрежесінде Ілияс Сүлейменов қола жүлдені қанағат тұтты. Ал финалдық айқас филиппиндік Рэй Салудар мен өзбекстандық бокс­шы Шахобиддин Зоировтың арасында өтті. Бұл кездесуде соңғысының мерейі үстем болды. Өзбек бокс­шысы үш раунд бойы қарсыласына қарағанда жақсы өнер көрсетіп, соңғысында, тіпті, бас көтеруге мүмкіндік бермеді. Есеп – 2:1 Зоировтың пайдасында. Осылайша, Өзбекстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медальға ие болды. 56 кило салмақтағы боксшылардың финалдық айқасы та қызықты және тартыс­ты өтті. Бұл жекпе-жекке біздің боксшылар шықты.  23 жастағы Қайрат Ерәлиев пен 20 жастағы Жанболат Тілегенұлы екеуі өзара мықтыны анық­тады. Кездесуде Қайрат өзінің тәжірибесін көрсетіп, отандасынан айласын асырып кетті. Қорытынды есеп – 3:0. Қайрат өзі көптен бері күткен алтын медальді иеленді. 60 килода  әскери қызметшілер ара­сындағы әлем чемпионы Берік Әбдірахманов филиппиндік Чарли Суарес­пен қолғап түйістірді. Бұл кездесуде Берік бір рет нокдаунға түсіп қалды. Бірақ артынша өзіне өзі тез келіп, намысқа тырысып, филиппиндіктен 2:1 есебімен басым түсті. 64 килода біздің боксшылар финалға шыққан жоқ. Бұл салмақта  таиландық Вуттичай Масук кубалық Луис Олива Генермен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал 69 килода бірінші нөмірлі команданың боксшысы Данияр Елеусінов Қазақстан құрамасының үшінші нөмірлі командасының өкілі Сағадат Рахманқұловпен кездесті. Бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы өз тәжірибесінің арқасында Сағадаттан 3:0 есебімен басым түсті. Келесі, 75 кило салмақ дәрежесінде тағы бір 2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы украиналық Дмитрий Митрофановпен кездескен болатын. Бұл айқаста Жәнібек украиналық боксшының белсенділігінің арқасында жеңді десе болады. Есеп – 3:0. 81 кило салмақтағы боксшылар кездесуіне тағы да отандастарымыз шықты. Онда Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Дәурен Елеусіновпен қолғап түйістірді. Бұл жекпе-жекте Әділбек Данияр Елеусіновтің ағасын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, біраз уақыт бойы көптеген жарыстарда үнемі күміс медаль алып, алтын жүлдені ала алмай келе жатқан Ниязымбетов жеңімпаз атанды. 91 килода Антон Пинчук кубалық боксшы Луис Кордова Херихтен жеңіліп қалды. Басқа айтар сөзіміз жоқ. Бұл айқаста «Бостандық елінің» боксшысы барлық жағынан мықты екенін көрсетті. Ал ең ауыр салмақ дәрежесінде (+91 кг) Иван Дычко Пинчуктің есесін қайтарып алды. Ол кубалық боксшы Иоранди Тоирака Ортеганы  3:0 есебімен ұтты. Үшінші раунд­та қарсыласын бір рет нокдаунға да жіберіп үлгерді. Қорыта айтқанда, аталған турнир Жазғы Азия ойындарына ұлттық құраманы пысықтап, іріктеу есебінде өтті. Енді бас жаттықтырушы Мыр­зағали Айтжановтың командасы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азиядаға дайындығын одан әрі жалғастырады. Содан кейін көп ұзамай команда Азия ойындарына баратын боксшылардың тізімін жариялайды. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».