Ташкентте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Дулат Бекбауов пен Грузия өкілі Лаша Гурули арасында жартылай финалдық жекпе-жек өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Төрешілердің шешімімен жекпе-жек Дулат Бекбауовтың жеңісімен аяқталды. Енді ол финалда алтын жүлде үшін күресті жалғастырады, ал грузиндік Гурули 2023 жылғы әлем чемпионатындағы өнерін қоламен аяқтайды.
Дулат Бекбауов 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ өткен жылы Болгарияда өткен «кіші әлем чемпионатында» (Странджа кубогы) күміс жүлдегер атанған еді.
Айта кетейік, бұған дейін Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан финалға жолдама алғанын хабарлаған едік.
Енді кешкі сағат 19:00-де тағы екі қазақстандық Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Нұрбек Оралбай (80 келі) финалға өту үшін бақ сынайды.