Есірткіге тәуелді елордалықтар саны былтырмен салыстырғанда 7,8% азайды. Бұл туралы бас шаһардың маслихатында баяндама жасаған Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Қайкенов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биыл елорда бойынша есірткіге тәуелді адамдардың жалпы саны – 1 096, ал өткен жылы – 1 189 болды. Яғни, олардың саны 7,8% төмендеді. Есірткіге тәуелділігі бар екені алғаш рет анықталған адамдардың саны – 51, өткен жылы – 60, ал апиынға тәуелді адамдардың жалпы саны – 530, өткен жылы – 658 адам. Өкінішке қарай, трамадолды қолданатын адамдар саны өсті. Өткен жылы олар 245 болса, биыл 283 адамға жетті», деді Берік Қайкенов.
Ол полиция департаментімен бірлесіп, әр он күн сайын ақпараттарды салыстыру жүргізілетінін атап өтті. Осының нәтижесінде жыл басынан бері есірткі заттарын пайдалану фактісі анықталған 378 тұрғынға медициналық тексеру жүргізілген. Берік Қайкенов ұсынған ақпаратқа сай, биыл есірткінің шамадан тыс дозасынан қайтыс болғандар тіркелмеген.