• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2014

Тұжырымдама туралы тұжырымдар

1321 рет
көрсетілді

Жақында «Көрме» көрме орталығы мен Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ ғылыми-зерттеу Мәдениет институты «Қазақстан Республикасының мәдени саясаты тұжырымдамасының негізгі қағидалары мен тетіктерін жүзеге асыру» атты тақырыпта дөңгелек үстелдер өткізіп, көпшілікті Мәдени құжат жобасын қоғамдық негізде талқылауға қатысуға шақырды. Кеңестік дәуірден бері қа­лыптасып қалған қасаң қағида бойынша мәдениет дегеніміз әр адамның бос уақытында ғана көңіл бөлетін, сондай-ақ көбіне ойын-сауық сипатындағы шаралар болса, ендігі уақытта ол ұлттық идеологияны қалыптастырудың басты құралы ретінде қыруар қызмет атқармақ. Келешекте мұндағы өнер мен мәдени ұйымдар эко­но­микалық тұрғыда пайда әкелетін табыс көзі деңгейіне дейін жетеді деген пайымдар жаңа кезеңге аяқ басқан саланың ендігі кезек­те тыныс-тіршілігінде де көп өзгерістер орын алатынын нақты­лайды. Мысалы, киноиндус­трия, балаларға, үлкендерге арналған мультфильмдер, цирктік өнер, концерттік және театр шығармашылығы сияқты сан­даған сала тап осы таңда мемлекет қаржысымен ғана жан сақтап тұрса, ал әлемдік тәжірибелер бұған мүлде кереғар жағдайларды алдымызға тосуда. Әсіресе, ондай басымдықтар жаһандану заманында барынша айқындала түсетіні заңды құбылыс. Бір ғана киноиндустрияның ғаламат туындыларының өзінен елдеріне қыруар табыс келтіріп отырған әлемдік деңгейдегі компаниялар қаншама. Мұндай заманауи үлгідегі музейлер мен театрлар, басқа да мәдени ошақтар сала қызметкерлері үшін үйренетін үрдіске айналуда. Парламент Сенатының дөңгелек үстелінде, «Нұр Отан» партиясына қарасты «Ми­рас» қоғамдық кеңесі, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы мен шы­ғар­машылық одақтары өкілдері отырыстарында талқылаудан өткен тұжырымдама жобасы бұдан әрі қарай шығармашылық адамдарының, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыланып жатыр. Мысалы, «Көрме» көрме орталығындағы дөңгелек үстелде Мәдениет министр­лігінің сараптама және стра­тегиялық жоспарлау департа­менті директорының орынбасары Виктор Родионов, ҚазҒЗМИ бас директорының бірінші орынбасары Андрей Хазбулатов, Н.Сац атындағы мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Надежда Горобец, ЮНЕСКО-ның материалдық мәдениет емес мәдени мұра мәсе­лелері бойынша сарапшысы Ал­мира Наурызбаева, Ұлттық музейдің директоры Дархан Мың­бай, Ұлттық академиялық кітап­хананың директоры Үмітхан Мұ­ңал­баева, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Ер­кін Қасенов және тағы басқа­лар тұжырымдама жобасы туралы өз пікір-ұсыныстарын ортаға сала келіп, негізінен мұнда­ғы мә­се­лелермен толықтай келісетін­діктерін айтты. Дүниежүзіндегі сандаған ұлттар мен мемлекеттердің бір-бірі­нен артықшылығы мен айырма­шылығы көп жағдайда мәдени құндылықтардың дамуы­мен өлшенуі бекер емес. Жетістік­тердің басты себепшісі болып т­а­былатын мәдени саясат сондық­тан да қоғамдық құндылық­тар мен тұлға парасатын қалып­тас­тыратын мемлекеттің идео­ло­гиялық белгісі деп есептелуде. Мәдениет саласындағы жетістіктерді нақты бір жұмыстың атқарылуымен, статистикалық көрсеткіштермен, атақты есімдердің санымен өлшеген дұрыс емес. Оны негізінен ұлттық идеологияны қалыптастыру құралы, елдің әлемдік кеңістіктегі мәдени дамуы мен орнығуы тұрғысынан зерделеу абзал. Қоғамның шығармашылық әрекетіне қатынасын өзгертетін мәдениет түсінігіне бағытталған заманауи тәсіл жаңа әлеуметтік мәдени ортаны қалыптастыруды талап етіп отыр. Мұндай жағдайларда дәстүрлі мәдени ортада түбегейлі ауысым жүреді: алдыңғы орынға ұшқырлық пен бәсекеге қабілеттілік шығады деген түйінді ойға тірелген мамандар Мәдениет тұжырымдамасы жобасындағы жаңашылдыққа қолдау білдірді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Астана.