• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тұлға 14 Мамыр, 2023

Майдангер мерейтойы

684 рет
көрсетілді

Шынайы шығарма ерек тағдырдан туады. Ұлт жаны сынға түскен уақытта қару мен қаламын қатар ұстаған жазушылар шығармашылығы пікірімізге ай­ғақ. Өшпес өнеге, өмір­шең туын­дылары­мен рухани қорымызды ба­йытқан көркемсөз шеберінің бірі – Әскен Нәбиев.

12 мамыр күні Екінші дүние­жүзілік соғысының ардагері, бел­гілі журналист-жазушы Әскен Нәбиевтің 100 жылдығына арнал­ған «Бармысыңдар, армысың­дар бабалар» атты еске алу кеші өтті.

Кешке Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқ­тар Әубәкіров, жазушы Жа­бал Ерғалиев, журналист Бәдуан Имашұлы сын­ды белгілі азаматтар қатысты.

Мерекелік шара Әскен Нә­биевтің шығармалары бойын­ша майдан өмі­рінен сыр тарт­қан театрлық қойылыммен ашылды. Қойылым арқылы көрер­мен қан-қасап соғыс жылдарына ой жіберіп, ерлікке толы өмір өр­негін көрді. Мұнан соң Президент Әкім­ші­лігі Басшысының орынбаса­ры Аида Балаеваның құт­тық­тау хатын қалалық Іш­кі саясат бас­қар­масы­ның бөлім басшысы Ай­да­на Бақытжанқызы оқыды.

– Дарынды жазушы, қарым­ды журналист соғыс ардагері Әскен Нәбиевтің 100 жылдық ме­­рей­тойына арналған еске алу кеші құтты болсын. Әскен атамыз сұ­рапыл соғыс жылдары жан­қияр ерлік пен отанын қорғаған ер­жүрек батырлар сапындағы тау тұл­ға. Сондықтан болашақ үшін кеу­десін оққа тосып, басын бәйгеге тіккен ардагер атамызды еске алуға арналған ғасыр тойы бір әулеттің ғана емес, тұтас халықтың қуанышы, –деді ол.

Сонымен қатар Парламент Се­натының төрағасы Мәулен Әшім­баев пен Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Дархан Қыдыр­әлі­нің құттықтау хаттары оқылды.

Мұнан соң қаламгермен қа­тар жүрген журналист Бәдуан Имаш­ұлы ескі жылдардан сыр тартты.

– Әскен ағамен сонау өткен ға­сырдың 1966 жылы Қор­ғал­жын ауданының мәдениет сарайын­да танысып едік. Ол кезде мектеп оқушысымын. Мектепте қо­лы­мыздан қалам түспейтін, өлең жазатынбыз. Бірде Ақмоладан Қорғалжынға Әскен ағамыз, Нұр­ғожа Ораз, Сейітжан Омаров, тағы да бес-алты ақын-жазушы ке­ліп мек­тепте кездесу кешін өткізді. Сон­да Әсекең бастаған қауым әр­қай­сымызға жол көрсетіп, жо­ба нұс­қады. Ағамыз зиялы, жүзі жар­қын, болмысы биік еді. Кейін әріп­тес болып, бірге қыз­мет істедік. Әс­кен ағамыз жазу­шылығымен қа­тар көптеген пуб­ли­цистикалық дүние­лер жазды. Адам­гершілігі мол, ар-ұяты жо­ғары жан еді,– деді ол.

Сонымен қатар жазушының ұлы, қоғам қайраткері Марат Әскен­­ұлы сөз алып, әкесі жайлы жай­­дары естелі­гімен бөлісті.

– Біз отбасымызда он бала­мыз. Әкем бала күнімізден әр­түрлі аспапта ойнап, күрделі шы­ғар­малар тыңдататын. Бізге мұ­ның бәрі қалыпты дүниедей кө­рі­нетін, алайда жылдар өткен соң бұл үлкен өнер екенін ба­ғам­дадық. Ақмолада оқыған туыс­тарымыздың көбі біздің үйде тұр­ды. Кейде әкем ән бастап, бәрі­міз соған қосылатынбыз. Әкем ба­сы­лымға фелетондар жа­зып, келең­сіз дүниелерді сынап отыратын. Әділетсіздікке, жал­ғандыққа жаны қас еді. Өзі ұзақ жасап немере, шөбере көріп үлгерді. Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мақал бар. Барлықтарыңызға алғысымды білдіремін, – деді.

Кеш соңында Марат Әскен­ұлы қадірлі қонақтарды «Әскен Нәбиевке 100 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапаттап, риза­шылық білдірді.

Мерейтойда «Қорқыт» этно-ансамблі өнер көрсетіп, кеш­тің көрігін қыздырды. Сон­дай-ақ мерекелік іс-шара ­аясында қа­лам­г­ердің өмірі мен шығарма­шы­лығына ар­налған фотокөрме ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Әскен Нәбиевке арналған іс-шара мұны­мен тоқтамақ емес, алдағы уақытта мерейтой аясында ғылыми-тәжірибелік кон­ференциялар, көрмелер, рес­пуб­ликалық үздік шығармалар және көркемсурет байқаулары мен т.б. іс-шаралар ұйымдастыру жос­парланып отыр.