• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Мамыр, 2023

Түркия: үміттің тарам жолы

631 рет
көрсетілді

Түркияда жексенбі күні Президент және Парламент сайлауы басталды. Анадолы елін басқаруға үш үміткер таласады. Сауалдамалар нәтижесі қазіргі Президент Режеп Тайип Ердоғанның қайтадан билік тізгінін қолына алуы қиын болатынын көрсетіп отыр.

Елдегі сайлау учаскелері таңғы 8:00-де ашылып, жергілікті уақыт бойынша 17:00-де жабылады. Ана­до­лыда жалпы саны 191 885 дауыс беру жәшігі орнатылған. Түркияда және шетелде 64,1 миллионнан аса сайлаушы дауыс бермек. Бұдан бө­лек, 4,9 миллионға жуық адам алғаш рет өз таңдауын жасайды. Саяси науқанға үлес қосу үшін электорат жеке басын куәлан­ды­ратын ресми кез келген құжатпен дауыс бере алады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл жолы Президент және Пар­ла­мент сайлауы қатар өтіп жатыр. Сондықтан екі бюллетень беріледі. Біреуінде ел басшысын анық­таса, екін­шісінде заң шыға­рушы орган­да­ғы үміткерін белгі­лей­ді.

Шетелдік учаскелерде да­уыс беруге 3,4 миллионнан аса адам қатысты. Оларға арнап 73 елде және 156 шетелдік өкіл­дік­те сайлау комиссиялары құ­рыл­ды. Түр­кия­ның шетелдік өкіл­дік­терінде да­уыс беру үдерісі 9 мамырда аяқ­­талды.

Қазіргі таңда Президент лауа­зымына үш адам үміткер. Мем­ле­кеттің қазіргі басшысы Режеп Тайип Ердоған үшінші рет саяси бәсекеге қатысып отыр. Ол ал­ғаш рет мемлекет басшысы лауа­зымына 2014 жылдың тамызында келді. 2018 жылы 24 маусымда елде өткен сайлауда 52,59 па­йыз дауыс жинап, осы лауазымға қайта сайланды.

Бұдан бөлек, елдің алты оппо­зи­ция­­лық партиясы біріккен коали­цияның кан­дидаты және Республикалық ха­лық партия­сын­ың төрағасы Кемал Кылыч­дароғлу мен «Ата­түрікшілер альян­сы» атынан Синан Оган үміткер атанды. Сарапшылар да, сауал­да­ма­лар нәтижелері де Р.Ердо­ғанның басты қарсыласы К.Кылыч­дароғлу болатынын алға тартады.

Төртінші үміткер Мухаррем Инже дауыс беруге үш күн қал­ған­да сайлаудан шығып қалды. М.Инженің айтуынша, саяси додадан бас тартуына әртүрлі аран­да­тушылық пен жалған ақпарат арқылы қысым жасау әсер еткен.

Жалпы, Анадолыда президентті бесжылдық мерзімге сайлайды. Бірінші кезеңде үміткерлер 50 па­йыздық межеден аса алмаған жағ­дайда екінші раунд өтеді. Онда көп қолдау иеленген екі үміт­кер қатысады. Екінші тур 28 мамырға жоспарланған. Бұдан бөлек, Парламенттің 600 мүшесін таң­дайды.

Кей сарапшылар Түркиядағы бұл сайлауды тарихи сәт деп санайды. Өйткені осыдан 100 жыл бұрын Түркия Республикасының ірге­тасы қаланып, Мұстафа Кемал Ататүрік ел тізгінін қолына алған еді. Биылғы саяси доданың осындай символдық мәні бар деп есеп­тей­тіндер жетерлік.

Айта кетерлігі, басты үміт­кер­лер­дің екеуі де сайлау науқанын қызу жүргізді. Президент Режеп Тайип Ердоған Ыстанбұлдағы Айя-Со­фия мешітінде кешкі намазда қасиетті Құран Кәрімнің бі­рін­ші сүресін мақамына келтіріп оқыған екен. Ал Кемал Кылыч­да­роғлу республиканың негізін қа­лау­шы Мұстафа Кемал Ата­тү­­ріктің кесе­не­сіне барып, жақ­тас­та­рына «ел тағдырын өзгер­тің­дер» деп үндеу тастады.

Бауырлас елдегі саяси доданы халықаралық ұйымдар бақылайды. Біздің елден де бірнеше делегация аттанды. Атап айтқанда, ТүркПА ұйымы атынан Самат Мұсабаев, Бекболат Орынбеков, ЕҚЫҰ ұйымынан Ерлан Саиров және Сұлтан Дүйсен­бинов секілді белгілі депутаттар сайлауда байқаушы болады.

Анадолыдағы сайлауды Еуропа елдері де жіті қадағалайтыны түсі­нікті. Өйткені кейінгі жылдары Р.Ердоған мен Еуропалық одақ ара­сын­дағы қарым-қатынас шиеле­нісе түсті. Бұған қоса, қарт құр­лық­­тың басты ұйымы құрамына Түркияны қосуға асығар емес.

Дегенмен Түркия НАТО-ның белді мүшесі. Шығыс Еу­ро­падағы геосаяси ахуал­дың шие­ленісін ескерсек, Түркия­ның оны шешуге қомақты үлес қоса­ты­нын Брюс­сельдегі шенеу­нік­тер жақсы түсі­не­ді. Бір жағынан Ыстанбұл билігі Украина тарапына қару-жарақ сатса, екінші жағынан Ре­сейге са­лын­ған санкцияларды қол­­даған жоқ.

Сондықтан Анадолыны кім басқаратыны түрік ағайындар үшін ғана емес, Еуропа үшін де маңызды. Бізге де бауырлас халықтың бірлігі мен бекемдігі керек. Ендеше, ел тізгінін кім ұстаса да, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтатын басшы келе­ті­ніне сенім білдіреміз.