• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Мамыр, 2023

Үндістандағы саяси бәсеке

275 рет
көрсетілді

Үндістанның Карнатака штатында сайлау өтті. Саяси бәсекеде бұған дейін аймақты басқарған «Bharatiya Janata» партиясы жеңіліске ұшырап, оппозициялық тарап билікті қолына алды. Саяси сарапшылар келер жылы елде өтетін парламенттік сайлауда маңызды екенін алға тартып отыр.

Карнатака штатында өткен заң шы­ға­рушы ассамблеясын сайлауда оппо­зициялық Үндістан ұлттық кон­грес­і (INC) жеңіске жетті. Партияны электораттың 48,88 пайызы қолдаған. Осылайша, Конгресс Ассамблеядағы 134 мандатты иеленді. Бұған дейін Кар­нат­аканы Үндістан премьер-ми­нистрі Нарендра Моди басшылық ете­тін Үндістан халқы партиясы немесе «Bharatiya Janata party» (BJP) басқарып келген еді. 65 миллион адам мекендеген аймақ тұрғындарының 36 пайызы ғана «BJP»-ға дауыс берген екен. Сайлау 10 мамыр күні өтті. Дегенмен сенбі күні дауыс берудің аралық нәтижесі белгілі болды. Соған сәйкес Ұлттық конгрестің басым түскені анықталды. Көп ұзамай-ақ «BJP» жеңілгенін мойындады. Ал «INC» өкілі Паван Хераның айтуынша, халық елді бөлетін саясаттан шаршағандықтан осындай таңдау жасаған.

Әлемдегі халық саны көп екі елдің біріне қызығатындар үшін Карнат­ака­дағы саяси бәсеке маңызды еді. Өйткені Үндістанда келесі жылы парламент сайлауы өтеді. Онда қазіргі премьер-министр Нарендра Моди үшінші мерзімге қалуды көздейді. Осыған байланыс­ты саяси сарапшылар Карнатакадағы бәсе­кені келер жылға дайындық ретінде есептейді.

«BJP» партиясы 2018 жылдан бері аталған аймақта басымдық иеленіп келген. Дегенмен штатта билеуші пар­тия­ның саясатына қарсылар жетіп-ар­ты­латын. Соған қарамастан, Модидің ізбасарлары барын салды. Өйткені Карнатака оңтүстік Үндістандағы «BJP»-ның негізгі тірегі саналды. Оның үс­тіне, көршілес штаттарда Нарендра Модидің ұстанған үнді ұлтшылдығына келіспейтіндер өте көп. Сол себепті партия аталған өңірдегі билікті уысынан шығармауға тиіс еді. Осыған байланыс­ты Модиді сайлауалды науқанына тартып, бірнеше рет шеру мен митингке қатыстырды. «BJP» Карнатакада 9 мыңнан аса шеру өткізген екен. Алайда премьер-министрдің танымалдылығы тұрғындардың пікірін өткізуге күш сала алмады. Мұның басты себебі мынада. Кейінгі кезде штат үкіметіндегі партия мүшелері жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін деген әңгіме тараған. Оған қоса, инфляция да алқымнан алып тұр. Аймақ орталығы Бенгалурудан басқа жерде жұмыс табу өте қиын. Жы­ғылғанға жұдырық демекші, штатта басымдыққа ие лингаят кастасы да партияны қолдамайтынын жеткізді. Нәтижесінде, Ұлттық конгресс партиясы күтпеген жерден жеңіске жетті. Бұған дейін оппозициялық тарап үш штатта ғана басымдыққа ие еді. Енді Карнатакада табысқа кенелген Ұлттық конгресс келесі жылы парламент сайлауына белсене кірісетіні анық. Өйткені аталған бірлестік «BJP»-ға басты бәсекелес саналады. Дегенмен партия басшылығы «жалғыздың үні шықпас» деген ұранды ұстанып, басқа да оппозициялық партияларды коалиция құруға шақырып жүр. Сарапшылардың айтуынша, Карнатакадағы жеңіс «INC»-ға үлкен мүмкіндік сыйлап отыр.

Жалпы, Үндістанда 28 штат пен 8 одақтас аумақ бар. Заң шығарушы ассамблея сайлауы штаттардың бәрі­нен бөлек 3 одақтас аумақта ғана жүр­гізіледі.­ Негізі Болливудтың отанында сайлау өте көп. Жергілікті аймақтық әкім­ші­лік­терден бастап, вице-президент пен президентке дейін дауыс беру арқылы таңдайды. Биыл штаттардың бәрінде Заң шығарушы ассамблея немесе «Vidhan Sabha» сайлаулары өтіп жатыр. Әлі алда бірнеше өңірде саяси бәсеке қызбақ.

Үндістан 1992 жылғы ақпанда Қа­зақстанмен дипломатиялық қатынас­ орнатқан кезде Қазақстанның тәуел­сіз­дігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болды. Үндістан елшілігі Алматы қаласында 1992 жылы мамырда, ал Қазақстанның Нью-Делидегі елшілігі 1993 жылы ашылды. Қазақстан –Үн­діс­танның Орталық Азиядағы сауда және инвестициялар саласындағы ірі әріптесі. Тауар айналымы жылдан-жылға өсіп келеді.