Қала тіршілігіндегі түйткілді мәселелердің түйіні тұрғындардың үніне құлақ түрумен тарқатылады. Бұл ретте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек аудандарды аралап, елордалықтармен кездесіп, олар көтерген мәселелерді назарына алды.
Қала әкімінің «Интернациональный», «Күйгенжар», «Мичурино» елді мекендерінің тұрғындарымен кездесуінде бірқатар мәселе қозғалды. Мұндағы мәселелер негізінен инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар, жолдар сапасы, жарықтандыру және қиюы қашып тұрған басқа да жағдайларға қатысты болды. Осы орайда тұрғындар әкімге сумен жабдықтау, электр энергиясы, автобустарды іске қосу бойынша нақты сұрақтарын қойды.
«Жазда қосымша ауыз су стансасын (ССС-3) іске қосуды көздеп отырмыз. Бұл бүкіл қала бойынша су мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қалаға жылумен, электрмен жабдықтауда қосымша күш беретін бірқатар тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері нысандарының құрылысын аяқтау жоспарда тұр. Сонымен қатар биыл 11 мектеп, 6 мыңға жуық әлеуметтік пәтерді пайдалануға тапсырамыз. Бұған қоса 14 мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ қалаға 400-500 автобус жеткіземіз, екі жыл ішінде инвесторлар есебінен 40-қа жуық балабақша салынады», деп жауап берді Ж.Қасымбек.
Кездесуде қала басшысы тұрғындар көтерген мәселелер шешілетінін, оның бәрі кезең-кезеңімен іске асыратынын атап өтті.
Мұның алдында Астана әкімі құрылысы ұзаққа созылған нысандардың үлескерлерімен де кездесті. Атап айтқанда, әкім «Зере-2», «Араби 2 – Гранитный 2», «Мирный дом», «Коргалжинский квартал» сияқты құрылысы тұралап тұрған нысандарды аралап шықты.
«Біз құрылысы созбалаңға салынған нысандарды назарда ұстаймыз. Өйткені тұрғындардың мәселесін шешумен қала тіршілігі жандана береді. Сондықтан осындай «сақалды» құрылысқа жіпсіз байланып, өз пәтерін 10 жылдап сарыла күтіп жүрген тұрғындарды қашанда қолдау көрсетуге әзірміз. Мәселеге келсек, кейбір нысандардың құрылысы кестеден қалып барады, ал енді бір жерінде құрылыс сапасы көңілге қонымсыз. Құрылыс салушылардың мойнында жұмыс қарқынын арттыру, құрылыс маусымын барынша пайдалану, сол сияқты сапаға ерекше көңіл бөлу міндеттері тұр. Жылу беру маусымына дейін нысандар жылу жүйесіне қосылуы керек. Құрылыс салушылар қатардағы жай нысан ретінде қарастырмауы керек, оның артында өз пәтерін жылдар бойы күтіп жүрген жандардың тағдыры бар», дейді елорда әкімі.