• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Мамыр, 2023

Дурбандағы додаға даярлық

251 рет
көрсетілді

Бұл күндері үстел теннисінен Қазақстанның ұлттық құрама командасы Алматыдағы ADD орталығында бас қосып, 20-28 мамыр аралығында Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) Дурбан қаласында өтетін әлем чемпионатына қызу даярланып жатыр.

Аталған жарыста еліміздің сегіз спортшысы бақ сы­найды. Олар – Кирилл Гера­сименко (же­ке, жұптық және аралас жұп­тық сайыс), Алан Құр­ман­ғалиев (жұптық сайы­с), Айдос Кенжеғұлов (аралас жұп­тық сайыс), Денис Жолудев (жұптық сайыс), Сағынтай Құр­мамбаев (жұптық сайыс), Анас­тасия Лаврова (жеке, жұп­тық және ара­лас жұптық сайыс), Зәуреш Ақашева (жеке, жұптық және ара­лас жұп­тық сайыс) және Сар­виноз Мір­қадырова (жеке сайыс).

Жоғарыда есімдері аталған спортшылар арасындағы ең үз­дігі Кирилл Герасименко екені сөзсіз. 26 жастағы ас­та­налық саң­лақ әлемдік рейтингте 53-орын­да тұр. Бұл – кезінде КСРО құрамында болған мем­ле­кет өкілдері ара­сындағы ең үз­дік көрсеткіш. Ки­рилл Рио-де-Жанейро және Токио Олим­пиадалары мен әлем чем­пио­наттарына қа­ты­сып, көптеген ха­лықаралық жарыс­тарда жүлде алып жүр. Сол себ­епті де оған Дур­банда зор сенім артылып отыр.

Кейінгі жылдары өрелі өне­рімен көзге тү­сіп жүрген 16 жастағы Алан Құрманғалиев те ОАР-дан олжалы оралады деп үміттенеміз. Жастар буыны арасындағы жарыс­тарда жасындай жар­қыл­даған жерлесіміз ересектер дуында да өзін жақсы қырынан көр­сете білді. Қазіргі кезде ол әлем­дік рейтингте 207-орынды еншілейді. Сондай-ақ басқа да отан­дық үстел тен­нис­шілері жер-жа­һанның мық­тылары бас қос­қан жарыста барын салуға тиіс.

Жалпы, үстел теннисінен әлем чемпионаты 1926 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жарыстың тұсауы Лондонда ке­сілді. Сол бәсекелерде ең көп жүл­де ал­ған – Қытай құрамасы. Олар барлығы 407 (145 алтын+103 кү­міс+159 қола) медаль олжалады. Екінші және үшінші орын­дарды Ма­жарстан (68+58,5+75,5) мен Жапония (48+36+73) иеленеді. Сондай-ақ Чехия (28+34,5+59), Ру­­мыния (16,5+10,5+19), Ан­глия (15+20+61), Швеция (13+15+12,5), АҚШ (9,5+2+20), Аус­­трия (6+15,5+19) және Гер­ма­ния құ­ра­­малары (5+16,5+21,5) ТОП-10 ко­ман­даның қатарына еніп отыр.

Қазіргі кезде спорттың бұл түрінде Қытайдың қарқынына ешбір команда төтеп бере алатын емес. Ерлер арасындағы же­келеген бәсекелерде сол ел­дің өрендері қатарынан тоғыз жарыс­та топ жарса, әйелдері 14 жыл бойы қарсылас шыдатар емес. Сонымен қатар жұптық және аралас жұптар сайысында да қытайлықтардың алдына ешкім түсе алмайтындай. 

Соңғы рет үстел теннисінен әлем чемпионаты 2021 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында ұйым­дастырылды. Сол жа­рыс­­та сарапқа салынған бес бас жүлденің төртеуін Қытай құ­рама ко­ман­дасының мүшелері олжалады. Тарқатып айтсақ, ерлер арасында 26 жастағы Фань Чжэньдунге тең келер еш­­­кім табылмады. Фи­налда ол швециялық Трульс Мё­регордты ұтты. Әйелдер сайысына 24 жас­тағы Ван Маньюйдің мерейі үстем болды. Ақтық сында ол өзінің отандасы Сунь Иншадан айласын асырды. Сол секілді әйел­дердің жұптық және аралас жұптардың тар­тысында да Қытай елі өкіл­дерінің асығы алшысынан түс­ті. Тек ерлердің жұп­тық бәсекесінде оларға бас жүлде бұйырмады. Бұл жарыста құра­мында Кристиан Карлс­сон мен Мат­тиас Фальк сынды ше­­бер­­лері бар Шве­­­ция құ­рамасы ша­шасына шаң жұқ­тыр­мады.