Күні кеше ғана Ресейдің Орынбор өлкесінде туып-өскен қандасымыз Дамир «Қазақ» Исмағұловтың UFC-дегі келесі жекпе-жегін 1 шілде күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткізетіні мәлім болды. Оның қарсыласы – Грант «Prophet» Доусон.
32 жастағы Дамир Исмағұлов кәсіби түрде аралас жекпе-жекпен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Төрт жылдан аса уақыт аралығында 20 мәрте октагонға шыққан ол 19 рет жеңіске жетіп, 13-інде айқын басымдық танытты. Әлі есімізде, 2016 жылы Дамир Алматыға келіп, Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» промоушені ұйымдастырған дүбірлі додаға қатысты. Бір тәуліктің ішінде Темірлан Айсәділов, Айбек Нұрсейіт және Марат Бақтыоразов сынды спортшыларды сан соқтырып, бас жүлдеге тігілген «темір тұлпарды» тізгіндеді. Алатау баурайындағы жарыс қандасымыздың ірі жеңістерінің алтын бастауы болды десек те болады. Олай деуге негіз, Исмағұлов келесі жылы Орынборда өткен турнирде Нева жағалауынан келген Максим Дивничті ойсырата ұтып, М-1 нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Ол содан кейін қатарынан екі рет өз атағын сәтті қорғады.
Осындай жарқын жеңістерден кейін Дамир UFC-дің қырағы мамандарының назарына ілікті. Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйымындағы тұсаукесер кездесуін Исмағұлов 2018 жылдың 2 желтоқсанында Аустралияның Аделайда қаласында өткізіп, жергілікті файтер Алекс Горджистен айласын асырды. Көп ұзамай ол Хоэль Альварес, Тиагу Мойзис, Рафаэл Алвис және Гурам Кутателадзені ұтып, жеңіл салмақтылар рейтингінде ТОП-15 спортшының қатарына енді.
Өзінің кейінгі жекпе-жегін Дамир былтырғы жылдың аяғында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында Ресейдің туы астында өнер көрсетіп жүрген армян жігіті Арман Царукянмен өткізді. Қарсыластардың деңгейлері шамалас болды. Екеуі қанша арпалысса да, бір-бірін ала алмады. Бәсеке тең дәрежеде өтті. Десек те төрешілер Царукянды жеңімпаз деп жариялады. Осы сәтсіздіктен кейін қазақ файтері UFC-ден кететінін жалпақ жұртқа жария етті. Алайда арада бірер ай өткен соң ол райынан қайтты. Міне, енді «Қазақ» қайта айқас алаңына шығуға бекінді. Ал Дамир Исмағұловтың қарсыласы жайында біз не білеміз?
29 жастағы Грант Доусон АҚШ-тың Висконсин штатындағы Камбрия қалашығында дүниеге келді. Оның да аралас жекпе-жекпен шұғылданып жүргеніне тоғыз жылға жуықтады. Жанама аты – «Prophet». Доусон – бразилиялық джиу-джитсудың хас шебері. Алғашқы екі жылда 11 кездесу өткізген Грант 10 рет жеңіс тойын тойлады. 2017 жылы Дэйн Уайт президенттік серияның іріктеу сынынан іркілмей өтіп, UFC-мен келісімшартқа отырды. Аталған ұйымда ол сегіз мәрте айқас алаңына шығып, жеті рет жеңіске жетті. Тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді. АҚШ спортшысы Джулиан Эроса, Майкл Тризано, Даррик Миннер, Над Наримани, Леонардо Сантос және Жареб Гардон сынды шеберлерді ұтып, ТОП-15 спортшының қатарына қосылды.
Өзінің кейінгі кездесуін Грант Доусон былтырғы қараша айында даниялық Марк Мадсенмен өткізді. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол грек-рим күресінен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионаттарында төрт күміс және бір қола медаль олжалады. Аралас жекпе-жектен 12 кездесу өткізіп, барлығында мерейі үстем болды. Сол атағы жер жарған Мадсенді тоқтатқан – Доусон. Ол даниялықты қылқындырып тастады. Міне, осыдан-ақ Дамир Исмағұловтың қарсыласы қаншалықты азулы екенін аңғаруға болады.
«1 шілдеде UFC-ге қайта ораламын. Қарсыласым ТОП-15 спортшының қатарында. Бұл – мен үшін кезекті үлкен сынақ. Осы жекпе-жекте болашағымның айқындалатыны анық. Менің ешкімнен де, ештеңеден де қаймықпайтынымды өздеріңіз жақсы білесіздер. Өйткені қазақтар қорқу дегенді білмейді. Мен алдағы айқасқа сақадай-сай әзірлікпен келіп, жеңіске жету үшін барымды саламын», дейді Д.Исмағұлов.