Республиканың үшінші мегаполисінде халық саны жылдан-жылға өсіп келеді. Сол себепті баспанаға қажеттіліктің артатыны да түсінікті. Осыған байланысты қала әкімдігі тұрғын үй құрылысын жандандыру, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында біраз жұмыс атқарып жатыр. Азаматтардың әлеуметтік жағдайына мән беру – мемлекетіміздің басты стратегиясы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты баспанамен қамту Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі екенін айтты. «Біздің басты міндетіміз – әр азаматтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мән беріп отыр. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін көптеген жеңілдік жасалып жатыр. Адамдардың қарапайым тұтынудан жинақтауға көшу қажеттігін түсінуі маңызды», деді Мемлекет басшысы.
Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына енді. Осыған орай бұдан кейін 35 жасқа дейінгі азаматтар мемлекет қолдауына ие болып, баспанамен қамтылады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа норманы қамтиды. Осылайша, жастарға арналған түрлі жеңілдіктерді қолданатын азаматтар саны едәуір артпақ.
Сонымен қатар биылдан бастап жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер 3 жыл мерзімге пайдалануға берілетін болды. Алайда өтініш бергенге дейін кейінгі 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болуы және иелігінде тұрғын үй болмауы керек.
Жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы аясында 2020 жылы 904 пәтер берілсе, 2021 жылы 300 жас жалдамалы баспанамен қамтылған. 2022 жылы аталған бағдарлама бойынша 857 тұрғын қоныс тойын тойлады. Биыл 888 жасты арендалық баспанамен қамту көзделіп отыр. Конкурсқа өтінімдер қабылдау электронды портал арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ өтінімдерді қабылдау, өңдеу, келісімшартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізіледі. Мегаполисте жастар бағдарламасы жұмысын енді бастайды. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желіде хабарландыру жарияланады.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, биыл Шымкенттік тұрғындардың баспана мәселесін оңтайлы шешуіне жәрдемдесетін «Qamqor» бағдарламасы іске қосылып отыр. Ол қарапайым мамандардың армандаған тұрғын үйлеріне ертерек қол жеткізуіне көмектеседі. Бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлық тазалықшылар, педагогтер, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылымда жүргендер, мәдениет және спорт саласының мамандары, журналистер, энергетика саласының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ филиалының, сондай-ақ мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері қатыса алады. Тіпті осыған байланысты жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бағдарламаға сәйкес тұрғын үйді бастапқы немесе екінші нарықтан үміткерлер өздері тауып, сатып алуына мүмкіндік бар. Қарыздың ең жоғарғы сомасы 20 млн теңгені құрайды. Несие бойынша алғашқы жарна 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды. Одан әрі жылдық мөлшерлеме 3,8 пайызға дейін төмендейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы ипотека мөлшерлемесін төмендетуге болады. Осылайша, азаматтар төленетін қарыз мөлшерін азайтуға мүмкіндік алмақ. «Qamqor» бағдарламасы аясында несиелеуге бөлінетін алғашқы транш көлемі – 3 млрд теңге. Аталған қаражат жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінеді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыратын басты оператор – Отбасы банкі. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеуден өткізу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы ескеріледі. Сондай-ақ 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің республика аумағында 5 жылда меншік құқығында тұрғын үй болмауы шарт және жоғарыда айтылғандай, кейінгі 3 жылда Шымкентте тұрақты тіркеуде болуға тиіс.
«Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге арендалық 324 пәтер беріледі. Сонымен бірге нақты жұмысы бар 888 жас пәтермен қамтылады. Жыл басында несиелік негізде 1 919 пәтер үлестіру жоспарланған еді. Алайда бұл көрсеткіш қосымша тағы 118 пәтермен толықты. Соның ішінде қазіргі таңда 1 293 азамат ипотекалық негізде баспаналы болып үлгерді. Олар – «5-20-25» және «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша баспана алғандар. Осы жылы 23 қаңтардан бастап тұрғын үй сертификаттарын алу үшін электронды құжаттар қабылданды. Соның нәтижесінде 145 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді. Қалада тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. Алғашқы жылы 21 азамат алса, кейінгі жылдары үміткерлер саны өсе түсті. Мәселен, былтыр 58 азамат осы сертификатқа ие болды. Жалпы, бұл құжат отбасыларға қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде ұсынылады. Бұдан бөлек өткен жылы 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өтсе, биыл 40 үйді жөндеуден өткізу жоспарда тұр», деді басқарма басшысы Ж.Өтебаева.
Маманның айтуынша, қала аумағындағы авариялық, тозығы жеткен 6 тұрғын үйді тұрғындар келісімімен бұзылып, қайта салынбақ. Қазіргі таңда реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тартумен «Shymkent ӘКК» АҚ айналысып жатыр. Осыған байланысты аудандық әкімдіктер тарапынан тұрғынжай меншік иелерінің жеке инвестормен кездесулері ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары атқарылып келеді. Айта кету керек, Шымкент қаласында тұрғын үй алу тізімінде 50 167 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары, мемлекеттік, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер, сондай-ақ жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар бар.
Былтыр осынау әлеуметтік санаттағыларға 748 пәтер тапсырылыпты. 857 пәтерді жұмыс істеп жүрген жастар алған. Және «Отбасы банк» АҚ арқылы «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» бағдарламалары бойынша несие негізінде 1 276 пәтер беріліпті.
«Тұрғын үй субсидиясы – пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін ауқымы кең әлеуметтік көмек. Аталған бағдарлама іске қосылғалы бері биыл 433 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп жатыр. Ал тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау әлі де тоқтаған жоқ. Негізінде бұл бағдарламаға келесі төрт санат бойынша кезекте тұрған отандастар қатыса алады. Атап айтқанда, І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар», деді Ж.Өтебаева.
Маманның мәлімдеуінше, жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың кейінгі 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспауға тиіс екен. Сондай-ақ субсидия алуға үміткердің депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады. Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.
Бұған қоса айта кету керек, бүгінде Шымкентте мемлекет бюджеті есебінен 67 көпқабатты тұрғын үй салынып, 17 үйдің абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда қала әкімі Мұрат Әйтенов әкімшілік іскерлік орталығы аумағынан бой көтерген 9 қабатты 8 тұрғын үйдің құрылыс сапасын тексерді.
Бұл үйлер орналасқан аумаққа ирригациялық жүйелер тартылып, ішкі жолдарына асфальт төселген. Аулалары көгалдандырылып, құрылысшылар абаттандыру жұмыстарын аяқтап қалды. Өз кезегінде шаһар басшысы жауапты мамандарға кілті дайын 432 пәтерді мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана кезегіндегі тұрғындарға дұрыс үлестіріп беруді тапсырды.