Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» атты республикалық ата-аналар форумы өтті. Іс-шараға ата-аналар комитеттері, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымының өкілдері қатысты. Алқалы жиынның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту және рухани-адамгершілікке негізделген отбасылық құндылықтарды дамыту мен насихаттауда ата-аналар қауымының белсенділігін арттыру.
Іс-шарада Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқып берді.
«Сіздерді Халықаралық отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады.
Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның міндеті. Ана мен баланы қорғау – біздің саясатымыздың басым бағыттарының бірі.
Отбасы құндылықтарын сақтауға және дәріптеуге ата-аналар қауымы да зор үлес қосып келеді. Сіздер әрбір перзенттің тағдырына алаңдап, Отанымыздың болашағын ойлап, шынайы жанашырлық танытып жүрсіздер. Сіздерге және барша отандасымызға амандық, бақ-береке тілеймін! Жасампаздыққа толы игі істеріңіз табысты болсын!», делінген Президенттің құттықтау хатында.
Бұдан кейін комиссия төрағасы А.Балаева қазіргі таңда өскелең ұрпақ арасындағы түйткілді мәселелердің өзектілігі күн санап артып келе жатқанына кеңінен тоқталды.
«2022 жылы елімізде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 155 және өз-өзіне қол жұмсаудың 309 фактісі тіркелді. 2023 жылдың 4 айында кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 47 фактісі және өзіне қол жұмсауға оқталудың 137 фактісі болған. Ата-аналардың балаларын дәстүрлі емес діни секталар мен топтарға тарту фактілері де жиілеп барады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде ата-анасы деструктивті діни көзқарасты ұстанатын 2 383 бала бар», деді А.Балаева.
Сондай-ақ ұлттық комиссия төрағасы мектеп оқушыларының агрессивті мінез-құлқы мен әлеуметтік желілерде және шынайы өмірде белең алып жатқан буллингке ерекше назар аударды.
«Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде ұрып-соғу, жаппай төбелес, жоғары сынып оқушылары мен жастар арасындағы жанжалдар түсірілген бейне роликтер қаптап кетті. Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде оқушы қызды ұрып-соққан атышулы оқиға болды. Семей қаласының елді мекендерінде де оқушы қыздарға қатысты осындай оқиғалар тіркелді. Жалпы, жастар арасында асқан қатыгездікке толы оқиғалардың көбейгенін атап өткен жөн. Мәлімет бойынша бүгінде полиция есебінде 3 924 бала тұрса, 6 278 бала мектеп есебіне алынған», деді А.Балаева.
Баяндамашының айтуынша, жастардың құмар ойындарға әуестігінің артып келе жатқаны да өткір мәселеге айналған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 2022 жылы құмар ойынға тәуелділіктен зардап шегетіндер саны 350 мыңға жеткен. Атап айтқанда, 15 пен 18 жас аралығындағы құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін жастар санының өскені байқалады. Бұдан бөлек, А.Балаева интернеттен төнетін қауіптерге де ерекше назар аударды.
«ІІМ жыл басынан бері 5 мыңнан астам шетелдік заңсыз, оның ішінде порнографиялық материалдарды таратып келген 500-ден астам интернет ресурсты анықтады. 2022 жылы уәкілетті органның ұсынысымен интернет ресурстардың меншік иелері мен әкімшіліктеріне 65 мыңға жуық құқыққа қарсы материалды жою жөнінде шара қабылданған. Оның 53 мыңнан астамы – терроризм, діни және этникалық экстремизм идеологиясын таратқаны, 2 мыңға жуығы – есірткі және психотроптық заттарды насихаттағаны, 4 мыңнан астамы – порнография, қатыгездік пен суицидке итермелеу фактісі, жеті жүзден астамы «Ойын бизнесі туралы» заңды бұзғаны үшін, ал мыңға жуығы қаржы пирамидалары бойынша.
Бұдан басқа, 2022 жылдан бері уәкілетті орган осындай құқық бұзушылықтар анықталған 14 мың материалды бұғаттады. Сондықтан интернет кеңістікті заңнамалық деңгейде реттеудің нақты тетіктерін әзірлеу қажет.
Еліне лайықты азаматты тәрбиелеуде ата-ана басты рөл атқарады. «Баламды не алаңдатады?», «Мен оны білемін бе?», «Ол маған сене ме?». Көптеген ата-ана осы және басқа да жүздеген қарапайым сұраққа жауап бере алмайды. Әйтпесе, балалар мен жастардың тағдыры осыншама талқан болар ма еді?», деді ұлттық комиссия төрағасы.
А.Балаева мемлекеттік органдардың рөлі мен олардың жастармен жұмысының сапасына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, аталған мәселелер мемлекеттік органдардың жастар арасында идеологиялық жұмыстың жоқтығын немесе нашарлығын көрсетеді. Жергілікті органдардың, атап айтқанда, жастар саясаты басқармаларының жұмысының тиімділігіне қатысты да сұрақтар бар. Спикер олардың қызметі көбінесе дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға және іс жүзінде көмекке мұқтаж емес жастардың белсенді бөлігімен жұмыс істеуге бағытталғанын атап өтті.
«Өкінішке қарай, жастар қауымымен тыңғылықты жұмысқа жеткілікті көңіл бөлінбейді. Біз балаларымыздың өздеріне қажетті ақпаратты көшеден іздейтінін, түрлі азғырулар мен деструктивті әрекеттердің ықпалына ілігіп, мыңдаған жасөспірімнің неліктен өмірмен қоштасқысы келетін себептерін жүйелі түрде зерделеуіміз керек», деді А.Балаева.
Форумның модераторы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалар ең бірінші ата-анасынан үлгі алатынын жеткізді. Ведомство басшысы мектеп технологиялық сын-қатерлер жағдайында балалардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған оқу үдерісіне ата-аналардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуының жоғары әлеуетін пайдалануы керек екеніне назар аударды.
Форумға қатысушылар бала тәрбиесінде отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қауымының, мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы ой-пікірлерін білдірді.
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер мен рухани құндылықтар негізінде отбасылық келісімге қол жеткізу, балаларды адамгершілікке тәрбиелеу ата-ананың қатысуынсыз мүмкін емес. Форум барысында қатысушылар отбасы тәрбиесіне қатысты пікір алмасып, отбасы институтының өзекті мәселелерін шешудің тиімді жолдарын талқылады.
Секция жұмысы «Мектеп және ата-ана», «Ата-ана және қоғам», «Ата-аналар мен бала денсаулығы», «Ата-аналар мен балалардың қауіпсіздігі», «Ата-аналар мен балаларды әлеуметтік қолдау», «Ата-аналар мен балалардың цифрлық мәдениеті» атты 6 бағытта ұйымдастырылып, форум жұмысы соңында арнайы қарар қабылданды.