Астанада әлеуметтік аз қамтылған 100 отбасы газға тегін қосылады. Олардың ішінде зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, көпбалалы және тағы басқа санаттағы тұрғындар бар.
Астана әкімдігі «Halyk Bank»-пен бірлесіп, Алматы және Сарыарқа аудандарындағы 100 жеке үйді тегін газдандыру туралы меморандумға қол қойды. Жалпы, бюджеті 230 млн теңгені қамтитын газдандыру жобасы «Halyk»-тың 100 жылдығына арналған «100 игі іс» ауқымды науқаны аясында іске асырылып жатыр. Биыл «Halyk Bank» қаражаты есебінен мұқтаж отбасылар тұратын 230-ға жуық тұрғын үйді, дәлірек айтқанда, Астанадағы 100 үйді және Алматы қаласының Наурызбай, Алатау және Медеу аудандарында тұратын 130 үйді газға толықтай қосу үшін қаржыландыру жоспарланып отыр.
«Астана қаласындағы Алматы және Сарыарқа аудандарында газға қолжетімділік толық қамтамасыз етілген. Бұл – шамамен 12 мың абонент. Оның ішінде 8 мыңнан аса абонент газға қосылды. Үйлерді газға қосу шығындарын азайту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 450 мың теңгеге жуық сомаға газдандыру шығындарына өтемақы көзделген, сондай-ақ құны 150 мың теңгеге жуық есептеу құралдары тегін беріледі. Бұрын банкпен пайызсыз несиелеу бағдарламасы іске қосылған еді. Енді «Halyk»-пен елордадағы 100 үйді тегін газдандыру жобасын іске асыруға кірісеміз. Қалған аудандар бойынша газ құбырын жеткізу желілерін, орамішілік желілерді салу жұмыстары келесі жылы жүргізіледі. Газдандыру үдерісі – Мемлекет басшысының бақылауында», деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қазіргі уақытта елорда әкімшілігі әлеуметтік осал санатына жататын мұқтаж адамдардың тізімін ұсынды. Оларға материалдық жағдайы газдандыруды өз бетінше төлеуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар енгізілді.
Банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, «Halyk» бірнеше жыл бойы газдандыру мәселесін шешуге өз ресурстарын салып жатыр.
«Біз азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін банктік қызметтерін жетілдіру бүкіл республика бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы да үнемі өз үлесімізді қосып келеміз. 2021 жылы банк Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырды, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен несие берудің жеке бағдарламасын іске қосты. Банк тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен несие берудің жеке бағдарламасын іске қосты. Газдандыру жобасын жалғастыра және кеңейте отырып, біз бірден екі міндетті – отандастарымыздың неғұрлым осал топтарына көмектесуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға барынша жәрдемдесуге тырысамыз», деді Ү.Шаяхметова.