Мемлекет басшысы Жетісуға келген сапарында инновация және бизнес экожүйесін дамыту керектігін айтып, қажетті «IT-Hub» ашуды тапсырған еді. Жарты жылдан кейін игілікті істің тұсауы кесілді. Жастар ресурстық орталығы жанынан «Jetisu IT-Hub» ашылды. Технопарктің лентасын қиюға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі арнайы келді.
«Jetisu IT-Hub» – министрлік пен «Астана Хаб» және Жетісу облысы әкімдігімен бірлесе атқарылған жоба. Хаб жұмысы нетворкингті дамытуға, тәжірибе алмасуға, HR-ивенттерді, оқыту бағдарламалары мен шеберлік сыныптарын өткізуге, speed-рекрутингке бағытталған. Одан бөлек, орталыққа персоналды басқару тиімділігін арттыру және 2025 жылға IT қызметтерінің экспортына қол жеткізу міндеті де жүктелген.
Ашылу салтанатында министр Дархан Қыдырәлі мұндай орталықтардың жастар үшін аса маңызды екенін атап өтті. «Бұл біздің алғашқы жобамыз және ол Жетісу жерінен бастау алып жатыр. Президент жастарға үлкен мән беріп, қамқорлық жасап келеді. Таяуда Мемлекет басшысы Жастар саясаты туралы заңға қол қойды. Заң бойынша жастар санаты 35-ке дейін ұлғайтылғанын білесіздер. Жастар саясаты туралы тұжырымдама қабылданды. Жалпы, жастарға арналған «Jas project» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» секілді жобалар жас буынның дамуына ерекше серпін береді», деді министр.
Жаңа технопаркте жастар саясаты туралы тұжырымдамаға сай цифрлық сауаттылық бойынша өңірлердегі 1,5 млн жасты оқыту жоспарланып отыр. Жастар орталығы жанындағы «Jetisu IT-Hub» та осы межені орындауы қажет. Хабта жастар өз стартаптарын жасап, кәсіпкерлік жобаларын бастайды.
«Мақсат – студентерге IT стартап жобаларды жасауға көмектесу. Олар бізге идея түрінде келеді біз оларға еңбекпен модельге қалай жеткізуге болатынын түсіндіреміз. Әрі нарыққа шығуға жол ашамыз. Машықтарын арттырып, жобаларын іске асыруға септесеміз», деді қалалық «IT-Hub» менеджері Әсел Құлынтаева.
Бұдан бөлек, «Sumsung» компаниясының қолдауымен «Sumsung Innovation Campus» кабинеті ашылған. Кампуста 15 жас азамат білім алып жатыр. Жастар тенденциясына сәйкес «no code» бағдарламасы арқылы жоба жасалуда. Осы ретте министр жастарға сәттілік тілеп, орталық пен «IT-hub» жаңа таланттарға жола ашады деген сенім білдірді.
Хабтың бірегейлігі – бағдарламалау, деректерді талдау, машиналық оқыту алгоритмдері, кибер қауіпсіздік, қосымшаларды әзірлеу оқытушысыз және дәрістерсіз жүргізіледі. Жасөспірімдер тәжірибелік мәселелерді шешумен қатар, IT негіздерін өздігінен үйреніп, бұл салаға енді келгендерге көмектеседі. Мамандар бұл IT мен креатив индустрияға басымдық бере отырып, қала экономикасында «құрылымдық маневрді» дамытуға жол ашатын инфрақұрылымдық жоба екенін айтады.
Сапар барысында министр «Жетісу» телеарнасы ұжымымен кездесіп, арнаның тыныс-тіршілігімен танысты. Арнайы студияларды аралап, тележурналистерге кәсіби шеберлігі үшін алғыс білдірді. Телерадио компаниясының шығармашылығына табыс тілеп, осы межеден түспейтініне сенім білдірді.
«Жетісу» – өңірде болғанына қарамастан, бүкіл республикамызға, жалпы шетелге тарайтын маңдайалды, бетке ұстар арналардың бірі. Халықтың жүрегінде қалған Бейсен Құранбектің сөзі мен көзі. Бүгінде телекомпания Бейсен бауырымыз бастаған үлкен жолды абыроймен жалғастырып келеді», деді Д.Қыдырәлі.
Бұдан кейін ведомство басшысы Б.Римова атындағы Талдықорған қалалық театрында Жетісу жұртшылығымен дидарласып, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Кездесуден соң министр жеке сұрақтары бар азаматтарды қабылдап, мәселелеріне құлақ түрді.
Жетісу облысы