• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Мамыр, 2023

Әлем чемпионаты Астанада өтеді

328 рет
көрсетілді

Бокстан 2024 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Ас­танада өтеді. Бұл ақпа­рат Ха­лық­аралық бокс қауымдас­тығының (IBA) ресми сайтында жарияланды.

2016 жылы Астанада әлем чемпионаты ұйымдастырылған еді. Сол жарыста Қазақстан құрамасы табыс­ты өнер көрсетіп, 4 алтын мен 2 қола медаль олжалаған-тын. Атап айтсақ, Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова және Ләззат Күнгейбаева теңдессіз деп танылса, Жайна Шекербекова мен Айжан Қожабекова үшінші сатыға табан тіреді. Дәл осы көрсеткіштің арқасында жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте көш бастады. Аталған жарыста бізден бөлек, тағы бес мем­лекет­тің әнұраны шырқалып, 19 елдің туы көкте желбіреді. Сол кезде АИБА басшылығы чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейіне өте жоғары баға беріп, меймандар қазақтың қонақжайлығына тәнті болып қайтты.

– Қазақстан секілді аса күшті бокс державасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын қайта қабылдағалы жатыр. Біз оған ризамыз. Осыдан жеті жыл бұрын төрткүл дүниенің тең­дессіз былғары қолғап шеберлері Ас­танада жиналған еді. Ол кезде жарыс өте жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. Келесі жылы да біз бұрымдылар арасындағы керемет спорттық іс-шараның куәсі бола­тынымызға күмәніміз жоқ, – дейді IBA президенті Умар Кремлев.

Қазірдің өзінде Астанадағы жа­рыс­­тың жүлде қоры белгілі. Ол 4,8 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Соған сай бас жүлдені ол­жа­ла­ған боксшыға 200 мың доллар берілсе, күміс медаль иеленгендер сол соманың тең жартысын алады. Ал қола жүлдені еншілегендерге 50 мың доллар тиесілі.

Ең кейінгі әлем чемпионаты биыл­ғы нау­рыз айында Үндістанның Нью-Дели қала­сында өтті. Бұл жарыста 64 мем­лекеттен келген 324 бұрымды бақ сынады. 2 күміс пен 4 қола иелен­ген Қа­зақстан құрамасы жалпы есепте се­гізінші сатыға жайғасты. Ол кезде Карина Ибрагимова (57 кило) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кило) финалға дейін жетсе, Алуа Бал­қы­бекова (48 кило), Надежда Рябец (66 кило), Валентина Хальзова (75 кило) және Фариза Шолтай (81 кило) қола медальді мойындарына ілді. Командалық сайыста Үндістан құра­ма­сы (4+0+0) үздік шықты. Екінші және үшінші орындарды Қытай (3+1+3) мен Ресей (1+1+1) олжалады.