• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 16 Мамыр, 2023

Балқашта туризмнің бағы қашан жанады?

431 рет
көрсетілді

Түркия секілді туристпен таң атырып, туристпен күн батырған ел болу – әзірге арман. Ұшақтан түскен қонағының табанын жерге тигізбей, маңдайын желге сүйгізбей, иіліп-бүгіліп қызмет көрсетуге жете қойған жоқпыз. Алдағы жылдарда жетерімізге де күмән-күдік көп. Жайлылығымен туристің жағасына шаң қондырмайтын түрік бауырлар туризм туралы сынақ алса, қирай жығыларымыз тағы шын. Өйткені өзімізде туризм деп жал күдірейткеніміз ондағы қызметтің қасында тезек теріп қалады. Содан да ішкі туризм іркіліп тұр. Қызмет көрсету – кемшін. Баға – удай. Жайлылық – төмен. Бұл олқылықтар көсіліп жатқан көкше көл Балқаштың да басында бар.

Статистика не дейді?

Алматы-Екатеринбург тасжолында жаз шыға тыным жоқ. Төбесіне қайық қаңтарған көлік көбейеді онда. Бағыттары, барар жері көбінде біреу-ақ – Балқаш. Балқаштың газды ауасын сағынып жатқан жоқ. Елдің көзін қыздыратыны – табан күйдірген құмы, дертке дауа тұзды суы. Бұған қарап былайғы жұрт Балқаш туризмнен шайқап ішіп, үріп төгіп отыр деп ойлайды. Ішкені алдында, ішпегені артында деп. Әсте олай емес.

Осыдан үш жыл бұрынғы турис­тік­ кластерді дамытуды көздеген кеңест­е келісілген тізім бар. Онда ел­дегі – 50, содан соң туристер үшін 10 тартымды орынға таңба ба­сылған. Сол таңба бойынша олар жыл­ өткен сайын өркенін өсіруге тиіс-тұғын. Одан бері аттай үш жыл­ өтті. Пандемияның залалын жоқ­қа шығара алмаймыз. Бірақ туризм деген тыңға одан кейін де салын­ған соқадан соң өнім өнбеген се­кілді.

Сол уақытта ресми деректер Бал­­қаштың жылына 400 мың турист тар­туға әлеуеті жетіп-артылатынын ай­тып, айдай әлемге жар салған. Оған қоса, жылына 130 мың­ турист келеді деген ақпар да­ жарқ еткен. Ал бүгінгі деректер оның­ жарым-жартысындай ғана. Айта­лық, былтыр Балқаш қаласына бар­ған туристердің ресми саны – 67 295 қана. Бұл, тіпті бұрнағы жылмен­ салыс­тыр­ғанда 33,3 пайызға өскендегі дерек. Шетел­ден шекара асып, арнайы кел­ген­дер мүлде аз. Небәрі – 1 056 адам. Оның өзі – 25 есе өскені. ТОП-10-ның ортасынан орынды ойып алған көкше көлдегі туризмнің көсегесін көгертпей жүрген не? Бұл арада «жабайы» туристер есепте емес.

 

Сервис төмен, инвестор құлықсыз

Мұндағы басты кілтипан – қыз­мет көрсетуден басталатын ту­ризм­нің­ тетігі. Яғни бұл – сервистің тө­мен деңгейі, білікті кадрдың тап­шылығы, туристік қызметтер нары­ғын­дағы жоғары бағалар.

– Бұлар – Балқаш қаласында туризм­ді дамытудағы негізгі про­б­­­­лемалар. Оған қоса Балқаш қала­сын­да күрт­ континенттік климат, жыл са­йын ауа тем­пе­ра­ту­ра­сы­ның­ төмендігі ба­сым. Осы­ған бай­ланысты туризм­ са­ла­­­сындағы қыз­меттердің кейбір түрі үшін маусым өте қысқа. Бұл турис­тік қызметтер нарығындағы жоғары бағаларға, кадрлардың ауы­су­ы­­на әсер етеді. Мәселені ше­шу үшін жыл сайын әр мау­сым­­­ның басын­да­ туризм және қо­нақ­үй бизнесі қыз­мет­кер­лерінің білік­тілігін арттыру үшін түрлі тре­­нингтер өткізу қажет. Біз Қа­ра­ғанды облысының жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасына туризм ­индустриясындағы үздік тәжі­ри­бе­лер­­ді, сервис стандарттарын ескере оты­рып, курорттық ұйымдар үшін кадр­ларды оқытуды ұйымдастыру тура­лы ұсыныс жолдадық, – дейді Бал­­қаш қаласы кәсіпкерлік және ауыл­­­­­ша­руашылық бөлімінің басшысы Жан­ми­ра Рахпанова.

Балқашта үш және төрт жұл­дыз­ды­ қонақүйлерден бастап, туристің тиім­ді демалысын қамтамасыз ете­­­-т­ін орындардың жоқтығы да ту­ризм адымын аштырмайды. Бүгінде көлге қызығып, қаржысын құя салатын инвес­­торлар да табылар емес.

– Балқаш қаласы туристер ле­гін­ арттыруда қандай проблемамен бетпе-бет келіп отыр дегенге­ келсек, бұл – үш және төрт жұл­дыз­ды қонақүйлер салуға ықылас біл­дірген инвесторларды тарту мәсе­ле­сі. Бұл қонақүйлер ойын-сауық және аттрак­циондар парктерін, кар­тингтерді, спорттық балалар алаң­дарын, жүгіру және велоси­пед­ жолдарын қамтуға тиіс. Соны­мен­ қатар аумағында азық-түлік гипер­мар­кеттері, бутиктер, салондар, та­мақ­ ішуге арналған фуд-корттар, бір­неше залы бар кинотеатр, бильярд, боулинг, балалардың ойын-са­уық алаңдары және ыңғайлы автотұрақтары бар ірі сауда кешенін салу үшін зәкірлік инвесторларды тартуда кедергілер бар. Туризм саласына инвестиция тарту мақсатында біз «Қазақстанның шетелдік инвес­торлар кеңесі» қауымдастығына Балқаш өңірінің инвестициялық қажеттілігі туралы хат жолдадық. Сондай-ақ Алматы, Астана және Қарағанды қалаларының барлық гипермаркеттеріне хаттар жолданды. Бірақ әзірге ниет білдірген инвесторлар болған жоқ, – дейді бөлім басшысы.

Деректер былтыр Балқаш қала­сы­ның басында қонақтарды күтіп алу­да қызмет жасаған 42 нысан бар еке­нін айтады. Оларда 826 нөмір бар. Біржолғы сыйымдылығы 2 103 орын екен. Дегенмен ондағы қызмет көрсетудің әлі де жетілдіруді қажет ететінін әркімнің іші жақсы біледі.

 

Бүгінде қандай жобалар бар?

Ресми мәліметтер Балқаш қала­сы­ның бір бөлігін (жағалаудың курорт­тық аймағын) егжей-тегжей­лі­ жоспарлау жобасы бекітілгенін айта­ды. Ол кәсіпкерге қазірдің өзін­де­ құрылыстың сәулет-кеңістіктік және инженерлік-экономикалық ше­шім­дері жөніндегі ақпаратты көруге мүм­кіндік береді. Сонымен қатар Бал­қаш қаласының Тораң­ғалық, Шұбартүбек кент­терінде туризмді д­а­мыту бойынша жұ­мыстар ат­қа­­рылып жатса керек.­ Балқаш қала­сы­ның «Бертіс» шығанағының ауда­нында 446,558 млн теңге сомасы­на­ 61 гектар алаңда инженерлік-ком­му­никациялық инфрақұрылым салу бо­йынша жұмыстар 2022 жылы аяқ­тал­ғанын мәлімдейді.

Мамандардың айтуынша, «Бер­тіс» шығанағы ауданында инже­нерлік-коммуникациялық инфра­құ­рылымды салу нәтижесінде 35 гек­тар жағалау аумағы абаттанып, 26 гектар аумақта туризмнің жаңа объек­тілерін салу мүмкіндігі туады. Алдағы уақытта осы аумақта турис­тік объектілерді салу үшін инвес­торлар тарту жоспарланыпты. Инвес­торлар тартылған жағдайда 7 турис­тік нысан, оның ішінде, 3 және 4 жұл­дызды қонақүйлер, ойын-сауық және аттракцион парктері, кар­тингтер, спорттық балалар алаңдары, жүгіру және велосипед жолдарын салу көзделеді. Оған қоса қалалық жағажай жағалауы ай­ма­ғын абаттандыру үшін биыл 4,1 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уа­­қытта жобаны іске асыруға рес­пуб­­­ликалық бюджеттен 1 млрд тең­ге­ бөлінген екен.

Барлық кластағы ұшақтарды қа­был­­дау және әуежайды халық­ара­лық стан­дартқа сәйкестендіру үшін Бал­қаш қаласы әуежайының же­келеген­ ғи­мараттарын реконструк­ция­лау және салу бойынша жұмыс­тар­ жүр­гізу жос­парда тұр. Ол үшін бүгін­гі таңда 3,5 млрд теңге сома­сы­­на­ жобалау-сметалық құжаттама әзір­лен­ді дейді құзырлы орындар.

 

Қарағанды облысы