• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Мамыр, 2023

Омыртқаға жасалған бірегей операция

438 рет
көрсетілді

Астанада ғалымдардың ең жаңа әзірлемесі – титан металл конструкциясы алғаш рет үш жасар балаға туабітті патология­сы – сколиоздың ауыр түрін түзету үшін орнатылды.

Аталған патология баланың толық дамуына кедергі келті­ріп қана қоймай, сыртқы ақау­­ларды тудырады. Бұл жағ­­дай­­­да хирургиялық араласу­ды ке­шіктірсе, ауыр мүге­дек­­тік­ке соқтыруы мүмкін. Ба­ла­ға опе­рация жасау үшін Ресей­ден Г.И.Турнер атын­да­ғы Ба­лалар травматологиясы мен ор­топедиясының ұлт­тық медици­налық зерттеу орта­лығының директоры Сергей Виссарионов арнайы келді.

Бұл баланың анасы ультрады­быстық зерттеу арқылы жүктілік кезінде бала омыртқасының деформациясы туралы білген. Туғаннан кейін дәрігерлер ата-анасына омыртқа бағанына опе­ра­ция міндетті түрде және мүмкіндігінше тезірек қа­жет екенін айтқан. Содан бан­даж­­дарды және басқа да кон­сер­­вативті емдеу әдістерін қолдан­ғаны нәтижесіз болғаннан кейін, баланың ата-анасы хи­рур­­гиялық жолға жүгінуге шешім қабылдады. Жаңа әзір­ле­мемен операция жүргізу мүм­­кіндігі туралы хабардар болған соң, пациент­тің ата-анасы академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына хабарласқан.

«Құрсақтағы бала омырт­қасының деформациясын ультра­дыбыстық көмегімен анық­т­ау үшін маманның жоғары біліктілігі ғана емес, сонымен қатар өте жақсы жабдық қажет. Сонымен қатар ультрадыбыстық маман омыртқаның туабітті деформациясына назар аударуы керек, туа біткен ақаулардың қандай нұсқалары мен түрлері бар екенін білуі керек», – дейді, профессор С.Виссарионов.

Туғаннан кейін потологияны анықтау үшін дәрігерлер барлық аналарға баланың үш айлық жасында міндетті түрде травматолог-ортопедке баруды ұсынады.

«Бүгінгі хирургиялық араласу біз жоспарлаған көлемде жасалды. Бұл операция бары­сында арнайы пациент үшін 3D принтерде басып шыға­рыл­ған жеке бағыттаушы шаблон­дар қолданылды. Осы ба­ғыт­­та­ғыштар арқылы біз металл конструкциясының тірек элемент­терін дәл және дұ­рыс орнат­тық. Бұл операция уа­қытының қысқаруын қамта­масыз етті, балаға сәулелік жүкте­мені едәуір азайтты, опера­цияның жарақатын төмендетті және ең бастысы бекіту металының ұзындығы қысқарды», – деді профессор.

Бұл әзірленген әдістің біре­гейлігі – баланың ерте жасында жасалған бір операцияның нәтижесінде дәрігерлер омырт­қаның туа біткен қисаюын то­лығымен түзетеді және бір ғана операцияда баланың одан әрі өсуі мен дамуына қолайлы жағдай жасайды.

«Біздің тәсіліміз және омырт­қа-қозғалыс сегментінің тұрақ­тануын орындау 5 күннен кейін аяққа тұруға, жүре бастауға, омыртқа бағанының жаңа жағ­дайына бейімделуге және операциядан кейін 7-10 күннен кейін үйге оралуға мүмкіндік береді. Біз операция жасаған ең жас пациент 9 айлық бала болған», – дейді С.Виссарионов.

Жыл сайын Қазақстанда мамандар омыртқа бағанының қисаюы бар 40 мыңнан аса пациентті анықтайды, оның 83%-ы – жасөспірімдер мен балалар.

Неліктен омыртқаның туа­бітті деформациясы пайда болады деген сұраққа Сергей Вис­сарионов: «Әдетте туа біткен кемістіктер ананың жүктілігінің бірінші кезеңінде, омыртқа бағанын құрайтын элементтер қалыптасқан кезде пайда болады. Бұл – жүктіліктің бірінші триместрінде болатын созылмалы аурулар немесе осы уақытқа дейін болатын жіті жұқпалы аурулар, сондай-ақ омыртқаның сүйек құрылымдарына зақым келтіретін және ақырында қалып­тан тыс дамыған омыртқа пайда болатын экологиялық қолайсыз факторлар. Осы қалыптан тыс дамыған омыртқаның әсерінен деформация пайда болады», деп жауап берді.

Аталған операция Г.И.Тур­нер атындағы Балалар травматологиясы мен ортопедиясының ұлттық медициналық зерттеу орталығы мен академик Н.Ж.Бат­пенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы арасындағы стра­тегиялық серіктестік туралы шарт аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есе­бінен жасалды.