Наурыздың соңынан бері еліміздегі ерекше қорғалатын аумақтар – қорықтар мен ұлттық парктерде, резерваттарда өтіп жатқан «Парктер шеруі» экологиялық акциясына «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» РММ мамандары да қосылды.
Жыл сайын 22 наурыз бен 5 маусым аралығында осы акцияны өткізуді дәстүрге айналдырған инспекторлар резерват аумағындағы жойылу қаупі бар өсімдіктер мен «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар жөнінде дәрістер өткізеді. Сондай-ақ жұртшылықты өзен-көл арналарын тазартып, тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекеме аулаларына ағаштар мен бұталар, басқа да көпжылдық өсімдіктер егіп, көгалдандыру жұмыстарына шақырады.
Екі ғасырдан бері АҚШ пен Батыс мемлекеттерінде ерте көктемде тұрақты түрде өткізілетін «Парктер шеруі» акциясына Қазақстан 1997 жылы ғана қосылды. «Табиғатыңды таза ұста!» деген ұранмен басталған жалпыхалықтық іс-шараның ауқымы ел аумағында ерекше қанат жайып, жыл сайын осы іс-шараға белсенді қатысатын азаматтар қатары көбейіп келеді.
Ең алғаш рет 1840 жылдың 22 сәуірінде АҚШ-та ағаш егу күні ретінде басталған іс-шара 1882 жылы мемлекеттің ресми мерекелері санатына енді. Табиғат жанашырларының басын біріктірген акция 1970 жылдан бастап «Жер күні» мерекесі болып өзгерді. Адамзат өз үйі – Жердің бетін қоқыстардан арылтып, ағаш-бұта отырғызуды насихаттайтын 22 сәуір мерекесі 1990 жылы «Парктер шеруі» болып өзгерген күні әлемде бір мезгілде ұйымдастырылған ағаш отырғызу акциясына 141 мемлекеттен 200 млн адам қатысқан.
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бас маманы Әсемгүл Әбдірахманова 22 наурыздан бері «Парктер шеруі» акциясы арқылы мектеп оқушыларына экологиялық тәрбие беру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады.
«Біздің мекеме инспекторлары мектеп оқушылары арасында «Өз елімді сүйемін, табиғатына бас иемін» тақырыбында сурет салу және еліміздің көрікті жерлері туралы шығарма жазу, «Құстарға қамқор болайық» және «Құралай» қолөнер байқауларын ұйымдастырды. «Құстарға қамқор болайық» іс-шарасы сәуірдің соңында аяқталды. Осы конкурс шарты бойынша оқушылар өз қолдарымен жасаған құс ұяшықтарын ағаш-терек басына орналастырып, суретін әлеуметтік желіге салуға тиіс болатын. Бірақ оның қорытындысы 5 маусымда шығарылады. Ал «Құралай» қолөнер конкурсының шарты бойынша оқушылар әртүрлі материалдардан аң-құстың мүсінін жасап, оның резерват мекемесіне әкеліп тапсыруы керек. Киіктің бейнесін жасауға гипс, ағаш, саз балшық, түрлі жіптерді қолдануға болады. Осы төрт бағыт бойынша ұйымдастырылған конкурс қорытындысы 5 маусымда шығарылып, балаларға түрлі сыйлықтар тапсырылады», дейді Ә.Әбдірахманова.
Былтыр Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты қызметкерлері «Парктер шеруі» акциясы бойынша 78 іс-шара ұйымдастырып, оған Ақтөбе облысынан 5 мың адам қатысқан. Табиғатты ластамау, қоқыс тастамау, көгалдандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, өзен-көлдердің бойын таза ұстау, балаларға экологиялық тәрбие беру – осы ізгілікті жұмыстың басты бағыттарының бірі.
Ақтөбе облысы