• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Мамыр, 2023

Пробациялық бақылау – тәртіп амалы

415 рет
көрсетілді

Заң мен жазаның алмағы мен салмағы қоғамға түседі. Алайда адасқандардың темір тордан кейінгі өмірін бір арнаға түсіру ісін қалай реттелмек? Сол сияқты жазасын қалың әлеуметтен оқшауланбай өтеп жүргендердің жайы қандай?

Осы мәселеге орай жуырда Алматы қала­лық Жұмыспен қамту орталығы жиын өткізіп, әзірге бұрынғы сотталған 40 шақты адамды жұ­мысқа орналастыруды көздеп отырғанын жет­кізген-ді.

Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұ­­мыспен қамту орталығы директорының орын­басары Әділет Жаңабаев бұрын соттал­ған­дарды бейімдеу мен жұмысқа орналас­ты­ру қалай жүргізіліп жатқанын айта келе: «Әкімдік жыл сайын халықтың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота бөледі, соның ішінде бұрын сотталғандар да бар. Биыл Алматы қаласы әкімдігінің 2022 жылы 17 қарашадағы №4/607 қаулысына сәйкес, пробация есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыруға квота бөлінген ұйымдардың тізіміне 11 ұйым енді», деді.

Нақты айтқанда, пробация қызметінің есебінде тұрған 41 адам мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 10 адамды жұмыспен қамту жоспарланып жатқан жайы бар. Қазіргі күнге дейін пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалардың арасынан 36 адам жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Солардың ішінен 11 адам жұмысқа орналастырылыпты. Жұмыс іздеуші ретінде тіркелуден бас тартқандар бар болса, олардың саны – 6 адам. Сол сияқты 17 адам ұсынылған жұмысқа келісетіні немесе бас тартатыны туралы уақтылы хабардар етпегені үшін есептен шығарылған. Оған қоса бірен-саран болса да осы ресми мекемеге жұмыссыз ретінде есепке тұруға ұмтылғандары, жұмыс іздегендері табылады.

«Аталған санаттағы тұрғындармен жұмыс аудандық пробация қызметімен тығыз бай­ла­ныста жүргізіледі. Жұмыспен қамту орта­лығы мен пробация қызметінің өзара әре­кет­те­су алгоритмі – келісілген кездесулер өткізу тәжірибеде бар», дейді спикер.

Өз кезегінде әділет майоры Шынар Құл­жа­нова 3 мыңнан аса сотталған адам есеп­ке алынғанын, оның ішінде 400-ге жуығы әйел­дер екенін айтады.

Мәселен, Алматы қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері осы адамдардың барлығымен жеке әңгіме жүргізеді, оларға жұмыс қажет пе, соны анықтай отырып, Жұмыспен қамту орталығы арқылы оларға лайықты жұмыс іздейді. Олар жанармай құю бекеті, наубайхана, экс­пе­ди­тор­лық, колл-орталықтар, жүк тиеу­ші, аула сыпырушы, тігіншілік сияқты жұмыс орындарын қарастырады. Орташа жалақы 100-150 мың теңгенің аралығында болса, кейде 200 мың теңгеге дейін табыс табатындары бар.

«Сотталғандардың 61%-дан астамы – жұ­мыс­пен қамтылған, 32%-ы – өзіне-өзі жұ­мыс тапқандар, 5,8%-ы – студенттер, мүге­дек­­тігі мен ата-анасының күтіміне байланысты демалыста жүргендер, 0,2%-ы – жұмысқа ор­наласқысы келетіндер мен Жұмыспен қамту орталығына жолдама алғандар», дейді Ш.Құлжанова.

Құзырлы мекемелердің өкілдері журна­лис­тердің сұрақтарына жауап бере отырып, жазасы қоғамнан оқшауланбайтын сот­талғандарға тұрғылықты жері бойынша ай сайын тексеру жүргізетінін айтты. Де­пар­тамент қызметкерлері алдағы уақытта про­ба­циялық бақылауда тұрғандар өздерінің бар екенін білдіруге келген кезде ұялы теле­фонға түсіре отырып, есеп берушінің тұрғылықты жерін жазып алуға мүмкіндік беретін бейнетіркегіштер болады деп жоспарлап отыр және бұл сотталғандардың барлық кезде пробация қызметкерлеріне жылышырай мінез көрсете бермейтінін де тіркеуге мүмкіндік береді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сотталғандар көбінесе нар­ко­логиялық есепте тұратынын, ішімдік іше­тінін, қаңғыған өмірге бейім екенін ес­кер­сек, пробация қызметкерлері де түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келіп жататыны айтылмай қалған жоқ. Бірақ осыған қара­мас­тан, офицерлердің әрқайсысы өз міндетін бұлжытпай орындауға ұмтылады.

Пробация қызметінде басқа да оңды жаңа­лық­тар бар. Мәселен, өткен жылдан бастап бұрын қағаз жүзінде сақталып келген жеке істер электронды форматқа көшірілген. Со­ны­мен қатар сотталғандарды бақылау үшін электронды білезіктер қолданылады. 2022 жылы қалада білезікпен жүргендер саны 150-ге жуықтаған. Әрине, мұндай «бақылауға» есептегілердің бәрі бірдей түсіністікпен қарай бер­мейді, білезіктерді бүлдіріп, құтылуға ты­рыс­қан жағдайлар да кездеседі.

«Білезік пробациялық бақылауды бұз­ған немесе қайта қылмыс жасауға бейім сот­тал­ған­дарға тағылады», дейді спикер.

Ш.Құлжанова еліміздің қылмыстық жү­йе­­сінде пробацияның сотқа дейінгі, үкім шығару, пенитенциарлық және пост­пени­тенциарлық деген төрт түрі бар екенін айта келе: «Пробациялық бақылаудағы сот­тал­ған­дар сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін болуы шарт. Бұл сот Үкіміне сәйкес олардың міндеті, түнде олар үйде болуға тиіс. Тексеру кезінде сотталған үйінде болмаған жағдайда одан түсініктеме алынады. Біріншіден, бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ескерту жасалады. Егер мұндай адамдар үнемі үйінде болмаса, жазалау тәртібін бұзса, бас бостандығынан айыру мәселесі де қаралады», дейді Алматы қаласы ІІД Пробация қызметінің қызметкері.

Қалай десек те, нақты бір кәсіппен айналысу, жұмыссыз жүрмеу түзелуге көмек­те­се­ді, еңбек мұндай адамдарды жақсы жолға же­телейді.

Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұ­мыс­­пен қамту орталығы директорының орынбасары Әділет Жаңабаев сотталғандарды жұмысқа алып қана қоймай, жұмыс беру­ші­лер­мен бірге жұмыс орнындағы курстарға, сондай-ақ жұмыс берушілердің өтініші бо­йынша білім беру ұйымдарындағы курстарға да жіберілетінін айтады. Оқу 3 айға созылады, осы уақыт ішінде ай сайын 20 мың теңгеден жоғары шәкіртақы төленеді, бұл жағдайда жұмысқа тұруға кепілдік беріледі. Ал курстар жұмыс берушінің жұмыс орнында өтетін болса, онда 20 АЕК көлемінде жалақы төленеді. Алматының Жұмыспен қамту орталығындағы барлық қызмет тегін көр­сетіледі, онлайн режімінде де жұмысқа алуға болады.

Сонымен қатар сотталғандар 400 АЕК көлемінде өтеусіз жәрдемақы алып, өз кәсібін аша алады. Дегенмен соттал­ған­дар мүге­дек­тік, асыраушысынан айы­рыл­ған­дық­тан жәрдемақы алатын, 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеуші, АӘК алушы немесе 4 және одан да көп баласы бар адамдар санатында болуға тиіс.

 

АЛМАТЫ